Ақтөбе • 22 Маусым, 2017

Бизнесті қолдау – экономиканы дамыту

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауы негізінен бизнестің өрісін өсіруге бағытталған деуге болады.

Бизнесті қолдау – экономиканы дамыту

Кәсіпкерліктің көкжиегін көтеру ісі де осы қатарда тұр. Биылғы Жолдаудың бас­ты өзгешелігі – бұл мәселелердің әлемдік ауқымдағы бүгінгі заманғы үрдістермен тығыз ұштастырылуында. Ақтөбе облысы кәсіпкерлері палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановпен әңгіме осы бағытта өрістеді. 

– Біз Елбасының сарабдал саясатының арқасында бү­гінгі заманғы, қашанда дос­­тыққа арқа сүйейтін, кім-кім­ге де ашық түрдегі Қазақ­станды құру жолындамыз. Жол­­­даудағы келелі міндеттер жұ­мыс­тар­ың­ызға серпін бере алды ма?

– Өте орынды сұрақ қо­йып отырсыз. Бүгінгі күні әлемдік қауым­дастық бізді дамушы әрі бо­лашағы зор ел ретінде тани бастады. Егер ойымды әңгі­меміздің басты тақырыбы биз­неске қарай бұрсам, бүгінгі күні «Маde in Kazakhstan» де­ген тауарлық белгі соғылған азық-түлік өнімдері барша әлем жұртшылығына ұсыныла бас­тады десем, шындықтан алшақ кете қоймаспын. Мұ­ны біріншіден Мемлекет бас­шы­сының отандық өнімді қолдай білуінің нәтижесі әрі оған деген шын жанашырлығының көрінісі деп ұғынуымыз керек шығар. Сөз жоқ, мұндай қолдау аг­ро­өнеркәсіп кешенін қоса ал­ғандағы өңдеу өнеркәсібі сала­сындағы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен септігін тигізе алады. 

– Жолдауда көрсетілген екінші басымдық бизнес-ор­таны түбегейлі жақсарту және кеңейту екені белгілі. Соны­мен бірге, Президент елдің іш­кі жалпы өніміндегі ша­ғын жә­не орта бизнестің үле­сін 2050 жыл­ға қарай кем деген­де елу па­йызға жеткізу мін­де­тін қой­ды. Осы өте өршіл мақ­сатқа байланысты не айтар едіңіз?

– Менің ойымша, дәл осы ба­сымдықта отандық бизнесті дамытудың барлық жинақтаушы факторлары түгелге дерлік қам­тылған. Кәсіпкерлер пала­та­сында қызмет жасай жүріп мен іс жүзінде қаржылық қол­же­тімділік мәселелерімен күн сайын бетпе-бет келіп жүрмін. Бизнес ортаның өкілдеріне әр түрлі негізсіз талап қойғысы келетін тексеруші органдар да кездесіп тұрады. Тіпті екі арада қосымша жүктеме арқалайтын сәттеріміз де жеткілікті. Сон­дай-ақ, әр түрлі тексеруші орган­дардың тым біржақты шешім қабылдайтын кездері де орын алып тұрады. Мұндай жағдайда кәсіпорынның келешектегі тағ­дыры күмәнді болып қала бер­мек. Айтайын дегенім – бизнес өкілдеріне алаңсыз өнім өнді­руге жағдай туғызылса, Елбасы айтқандай көрсетілген міндетке қол жеткізуге әбден болады. 

Қалай дегенде де қазіргі күнге дейін бизнестік ортада жүргендердің заңсыз талап-тілектері бірқатар жағдайларда аяқсыз қалып келгені жасырын емес. Егер нақты мысалға кезек берсем, өткен жылы өңірде кәсіпкерлер ұсыныстарының дені прокуратура органдары тарапынан қолдау тауыпты. Сөйтіп, бизнесмендердің заңды құқықтары қалпына келтіріліпті. Біздің Палата 2013 жылдың қазан айында құрылған еді. Содан бері сот сатылары арқылы 6,5 миллиард теңгенің мүліктік құқы қорғалыпты. Мем­лекет басшысы өз Жол­дауында Үкіметке «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлік палатасымен бір­лесіп, бизнестің барлық шығы­нын жаппай азайту жөнінде ша­ралар қабылдау керектігі жөнінде тапсырма бергені үлкен сенім туғызады. Мұндай жағдайда ел экономикасындағы шағын және орташа бизнестің үлесін Президент көрсеткен межеге жеткізу мүмкіндігі де біршама жақындай түседі.