Егер ой-пікірімді біріншіден, табиғи-ландшафт нысандар тұрғысынан қозғасам, облыс аумағындағы «Айдарлы аша» геоморфологиялық кесіндісі ауызға бірінші ілігеді. Мұнда жердің үстіңгі және астыңғы қабаттарындағы тектоникалық өзгерістердің салдарынан молюскалардан біріккен құйма тас пайда болған. Оны ғалымдар жиырмасыншы ғасырдың басында қазіргі Ақтөбе облысының аумағындағы далалық өзеннің жағасынан тапқан. Бұл көріністің өзі бұдан миллиондаған жылдар бұрын қазіргі қазақ даласында теңіздің болғанынан хабар береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл арада жердің қырық қабат қыртысы аударылып үстіне көтерілген. Осы қыртыстар мен қабаттардың арасынан жануарлар мен үлкен балықтардың сүйектері, қаңқалары және әртүрлі ежелгі өсімдіктердің кескіндері кездескен. Ғалымдар мен зерттеушілердің таң-тамаша қалдырған теңдесі жоқ геологиялық бөлік осы тұстан іргелес ағып жатқан Айдарлы аша өзенінің атауымен аталған.
Табиғи-ландшафт нысандардың бас жағынан орын алатын өңірдегі қайталанбас құбылыстың бірі – Ырғыз ауданы аумағындағы метеорит құлаған жер. Оны Жаманшин метеорит шұңқыры деп те атайды. Аспан денесі құлаған аумақтың ыңғайына қарай Иргизит және Жаманшин әлемдік астрофизикалық ғылыми терминге енгізілген. Қазақы ұғымға сайғанда метеорит – жұлдыздың қалдығы деген ұғымды білдіреді. Ғалымдардың тұжырымдауынша, метеориттің жерге ағып түскенінен пайда болған жарылыс күші жүздеген ядролық бомбаның күшіне тең екен. Осы құбылыс жердің барлық геологиялық тінін түбірімен өзгертіп жіберген.
Жерге құлаған алып жұмбақ жұлдыз тастың өзгешелігі мен ерекшілігі және өзіне тән қасиеті жөнінде әлем ғалымдары әлі күнге дейін бір тоқтамға келе алмай жүр. Астрофизикалық ұғымда Текпит деген атау тағылған жұмбақтас қазіргі күні де сыры толық ашылмаған күйде отыр. Өйткені, бұл аспантас өзінің физикалық және химиялық құрамы жөнінен жердегі бір де бір бөлшек пен затқа мүлдем ұқсамайды.
Өлкетанушы маман ретінде осы айрықша нысанның жалпыұлттық маңызы бар киелі орындар тізіміне иенуін толықтай құптаймын. Ендігі кезекте жұлдыз құлаған жерге мемлекеттік тұрғыдан қатаң бақылау орнатылса құба-құп болар еді. Өйткені, «жабайы саяхатшылар» мұндағы маржан тастарды жиып-теріп, ту-талақайға ұшыратын жүргенінен де толық хабардармыз. Келешекте мұндай бейберекетсіздікке жол беруге болмайды дегім келеді. Облыс аумағындағы табиғи ландшафттар нысандар қатарындағы киелі де қасиетті құндылықтар тізімі мұнымен шектелмейді. Ырғыз – Торғай резерват аумағындағы бұдан 35-40 миллион жыл бұрын тіршілік жасаған алып аңдар қаңқасының табылғаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы сүйектің сұлбасы 1725 жылдар шамасында Мәскеудегі палеонтология мұражайына қойылған. Оның кішірейтілген моделі еліміздегі Ғылым академиясында тұрған көрінеді.
Айта берсең, өткеннен сыр шертетін өңір таңғажайыптары жетерлік. Көне көздердің айтып кеткеніне қарағанда, облыс аумағындағы тереңдей түскендегі өлшемі 100-150 метр құрайтын Көрсай және Мыңсай атты көлдердің табаны – ежелгі құландар мекені аталған. Мұнда соңғы Керқұлан
1868 жылы жойылыпты. Сондай-ақ, өңірдің киелі жерлер географиясының дүниемен бірге жаратылған ең көне өсімдік түрі Мәртөктегі папоротниктер тоғайы толықтыра түседі.
Республикалық деңгейдегі киелі орындар тізімінде Ақтөбе аймағынан тарихи тұлғалармен және «Мың өліп мың тірілген» халқымыздың ежелгі жауынгерлік салт-дәстүрімен байланысты нысандар да бар. Бұған XIV-XV ғасырлардан түсінік беретін Абат-Байтақ және Қобыланды батыр мемориалдық кешендері, сондай-ақ, XVІІІ ғасырдан сыр аңғартатын Әйтеке би ауданындағы Толыбай ауылынан тоқсан шақырым жерде орналасқан «Хан моласы» қорымы мемориалдық кешендер кіреді. Киелі қасиетті де қастерлі орындар ретінде бұлардың бәріне де тәу етіп келушілер қатары үзілмей келе жатқаны да бір мерей.
Бекарыстан Мырзабай,
өлкетанушы