Ақтөбе • 22 Маусым, 2017

Нарықтағы төмен баға – қолжетімді баспана

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз Ақтөбе облысы «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асы­рудың еліміздегі басты база­лық өңірі атанып жүргенін лайық­ты мақтаныш ете аламыз. Оның басты мысалы облыс орталы­ғында республика өңірлері ара­сында ешқандай баламасы жоқ аз қабатты алпыс тұрғын үй кешені.

Нарықтағы төмен баға –  қолжетімді баспана

Бұл құрылыстың алғашқы кезегі «Нұрлы жер» бағдарламасының қанатқақты жобасы аясында бой көтеріп келеді. Аталған ау­қымда жалпы саны 2529 отбасы қоныс тойларын тойламақ. Құ­ры­лыстың алғашқы кезегі бойын­ша белгіленген жиырма үй алды­мыздағы тамыз-қыркүйек ай­ларында тапсырылады деп күті­луде. Ал оның екінші кезегінде 194 аз қабатты тұрғын үй салын­бақ.
«Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сында жүргізіліп жатқан жеке тұрғын үй құрылысына жер­гілікті құрылыс мате­риал­дары қолданылады. Бұл өз кезе­­гінде құры­лыстың өзіндік кұны­ның арзан болуына септігін тигізеді. Әрі өңірде құрылыс индус­триясының бұрын-соңды бол­ма­ған кең деңгейде дамуына алғы­­шарт қалайды. Осы арқылы құ­ры­лыс материалдарын шығара­тын меншік нысандарын жүз пайыз жүктемемен қамтуға жол ашы­лады. «Нұрлы жер» бағдар­ламасының ел-жұртқа тигізетін бас­ты шапағатының бірі – жер телімдерін алу үшін кезекке тұр­ған азаматтардың кезегін қысқар­туға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні облыс орталығында 111 мың 570 адам жер телімі кезегін­де тұрғанын ескерсек – бұл мә­селе­нің қаншалықты күрделі, қанша­лықты өзекті және қан­шалықты көкейкесті екендігін байыптау аса қиынға түспейді.
Бір сөзбен айтқанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болғандар «Бір оқпен екі қоянды атады», яғни олар жер теліміне де, тұрғын үй кілтіне де бір мезгілде қатар ие бола алады. Сірә, мұндай мүмкіндік егемен еліміздің арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болып көрмеген шығар. Міне, «Нұрлы жер­дің» шапағаты! Әлгінде айтып өткенімдей жер телімі кезе­гінде тұрғандар саны аз емес. Оны тек аз қабатты тұрғын үй тұрғызу арқылы азайту еш мүм­­кін емес. Сондықтан да, өңір­де осы түйінді де түйткілді мәсе­лені оңтайлы шешудің өзге де жол­дары қарастырылуда. Айта­лық, жер кезегіне 2006 жылы тұр­ған тұрғындардың біраз бөлігі «Нұр­лы жер» бағдарламасы бо­йынша тұрғын үй алуға өтініш беріп отыр. Олардың құжаттары – «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкіне» жолданды. Биыл об­лыс орталығының инже­нер­лік-коммуникациялық инфра­құ­рылымын дамыту бағдар­ламасы бойынша 36 жобаны жүз­­ге асыру белгіленген. Осы жо­ба­лардың бірқатары жеке тұр­ғын үй құрылысы мәселелеріне ба­ғыт­талған. Қазіргі кезде осы ба­ғыт­тағы учаскелерге инже­нерлік желілер жүргізу ісі бас­тал­ды. Оның бәрі «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша бой кө­термек. Бүгінгі күні Ақтөбе қа­ласында «Нұрлы жер» шең­берінде тұрғын үй салушыларды ын­таландыру шаралары қолға алынды. Бұл бағыт бойынша «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы, «Сбер­банк» және «Соллерс» ЖШС арасында тиісті келісімге қол қойылды. Мұның өзі республика облыстары арасында жүзеге асқан тұңғыш ынтымақтастық туралы келісім екенін айтқан жөн. Облыста соңғы бес айда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 204 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру кестесі бұзылған жоқ. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев салымшылар өз пәтерлеріне қолжетімді несие арқылы ие бола алатынын мәлімдеп отыр. Бүгінгі кезде облыста «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында бой кө­теріп жатқан несиелік тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргі­зілуде.

Серік ТӨЛЕНБЕРГЕНОВ, 
Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы