Ал дәстүр қашан да қайта түлеуімен қасиетті. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 91-маусымдағы жұмысын драматургтің «Қыз Жібегімен» түйіндегенде, біздің көкейімізде ең алдымен «режиссер ескі шығармадан жаңа спектакль жасай алды ма?» деген сұрақ тұрды. Өйткені, режиссер өткеннің дүниесін қолға алды ма, ендеше ол сөзсіз бүгінгі күнге лайық мағына іздеуі тиіс. Классиканың басқа шарты жоқ.
Қоюшы-режиссер жас болғанымен, бұған дейін «Қас-қағым», «Лир патша» қойылымдарын сәтті сахналаған Елік Нұрсұлтан сюжеті жалпы жұртқа жақсы таныс «Қыз Жібекті» музыкалық драма үлгісінде ұсынғанын спектакльдің басты жаңалығына балаған болар едік. Тіпті түсініктірек тәпсірлесек, «ұлттық мюзиклге» көбірек ұқсаған. Қазақ театрларының сахнасында әнмен, өлеңмен жазылған пьесалардың қойылуы таңсық емес. Бірінен соң бірі үздіксіз шырқалған әндерден көрермен екі жарым сағатқа жуық эстрадамен орындалған дәстүрлі ән кешінде отырғандай әсер алғанын несін жасырайық. Мұншама бай би сахнасын да бұл театрдың сахнасы бұрын-соңды көрмеген болар. Жібек пен Төлегеннің арасындағы махаббат ел бірлігі мен тұтастығы идеясымен қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірімен тығыз байланысты дәстүрлер – бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу жақсы көрініс тапқан. Үнемі жаңашылдыққа, тың ізденістерге бой ұрып жүретін Е.Нұрсұлтанның салттың бәрін бір пьесаға сыйғызып, сұлу қыз, көркем жігіттерді лек-легімен билетіп, Жібек пен Төлегенді, Бекежан мен Жібекті спектакль аяқталғанша әнмен айтыстырып қойғанын, қандай «формаға» салатынымызды білмей, әрі-сәрі күймен қол соғып тұрғанымызда, түйінін театр директоры Ерлан Біләл шешіп берді. «Бұл біздің ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы қойған спектакліміз» дегеннен кейін ғана дереу «е, енді түсінікті болды» деп Елікті табан астында ақтап алуға тырыстық.
Жібектің рөліндегі Салтанат Бақаева мен Төлеген болып ойнаған Алмас Шаяхметовтің көптеген өзге әріптестерінен ерекшелігі, екеуінің де вокалдық шеберлігі жоғары. Музыкалық драма Салтанат пен Алмастың және Шегенің рөліндегі М.Тағановтың әншілік қарымын көрсетуге бағытталған болса, ол мақсат толығымен орындалған. С.Бақаеваның орындауындағы Жібек нәзік, жұмсақ мінезді, сезімтал, лирикалық кейіпкер. Кинодағы көпшіліктің көңілінде қалып қойған өршіл, өжет мінезді Жібекке мүлде кереғар бейне.
Бірақ қанша талпынғанымызбен, спектакльден Төлегенді таба алмадық. Егер Төлегеннің образы ашылмаса, онда спектакль де жоқ деген сөз. «Қыз Жібектің» жаны Е.Дайыров, К.Шаяхметова, Б.Әбділманов секілді екі-үш актер мен театр жастарының дені жұмылдырылған көпшілік сахнасының хореографиясы мен вокалының арқасында ғана аман қалған секілді.
Төлегеннің рөлі А.Шаяхметовтің табиғатына тән емес, тым жеңілтек. Характері жоқ, жалған көңіл күй эмоциясына көбірек беріледі де, керісінше, Жібекті алғаш көрген кезде немесе онымен қоштасып, еліне аттанар сәттегі сахналарда психологиялық иірімдері жоқтың қасы. Сүйіктісімен алғаш жолығысып тұр немесе, міне, қоштасқалы тұр, бірақ ол жан дүниесін қуаңшылық жайлап алғандай, ішкі қуатын қоспайды. Осы Алмастың әр жаңа қойылымдағы рөлдерінде сахнадан шарқ ұрып кімді, нені іздейтінін білмейміз. Жүгіріп сахнаның ана бұрышына барады, одан аласұрып мына бұрышқа келеді. Бітпейтін алашапқын жүгіріс әйтеуір. Жау шапқандай сөйлейтіні өз алдына, асығыс-үсігіс сөйлеген сөзінің бірде-бірі бесінші қатарда отырған біздің құлағымызға жетпеді. Айтып жатқаны «сөздің күшін көркемдігінен іздеген» Мүсіреповтің сөзі ме, басқаның сөзі ме, ажыратып ала алмайсың. Төлегеннен кейін оның әкесі Базарбай – Болат Әбділмановқа кезек тигенде, құлағымыз рақаттанып қалады. Ол да ұлының ата жауы Сырлыбайдың қызын алуға қарсылығын білдіріп бастырмалата, шаппа-шап жауаптасып, шапшаңдата сөйлеп жатыр, бірақ дәл Төлегендей тұтықпайды. Әр сөзі анық, байыпты. Мінезі мығым. Сесті. Ұлының көңілі қайдағы бір шүйкебас үшін ауған ежелгі дұшпанына ен жайлаған жылқысын санап беріп, ата салтынан айнығысы жоқ. Бірақ сүйекке түскен қанды кек бүгін-ертең жойылмақ емес. Қан керек пе – қан, берді әне, теріс батасын.
Шағын болса да, Шегенің бейнесі қызық шыққан. Сөзі аз, образ, негізінен, шарықтата салатын әнге құрылған. М.Тағановқа бап қосылған Жібектің жеңілтек, еркекшора құрбысы Дүрияның жарасымды әзілдері пьесадағы қозғалтқыш құралдардың бірі. Тек тәп-тәуір талантты актриса Зарина Кәрменова онсыз да қызықтырып әкетер қылығы бар құрбыны еркетотайлау етіп көрсетемін деп бояуын қалыңырақ жағып жібергені байқалды. Әйтпесе, Заринаның кішкентай рөлін ірілендіріп көрсету үшін көп ізденгені, еңбектенгені көрініп тұр.
Спектакльдегі барлық оқи-ғаның ұйытқысы, пьесаның беломыртқа бейнесі, ол әрине, Бекежан. Бекежан – күрделі бейне. Өзіне аяр, өзгеге адал болып көрінген екіжүзді күрделі характердің кілтін Еркебұлан Дайыров дәл тапқан. Еркіндігімен баурайды. Зұлым болса да, қорқақ емес, сүйгені Жібек үшін жанын беруге әзір көріністер қабат-қабат психологизмге толы. Бекежанның қатысуымен өтетін барлық сахналардың ішкі драматизмі терең. Кекесіні келіскен сылқ-сылқ күлкісінің өзінде сұмдық жасырулы. Жалпы, бұл спектакльде жаңаша сахналық шешім тапқан жалғыз осы Бекежанның бейнесі болды. Актер өзі кейіптейтін бейненің ең маңызды қасиетін аңғарған, образды жан-жақты құбылтып жіберетін штрихтар тапқан. Бір көңіл күйді екінші көңіл күйге жымдастыра жалғап, сахна ырғағын бұзбай, біркелкі ұстай білген Еркебұлан спектакльдің негізгі жүгін көтерді десек, артық айтқандық емес.
Академиялық театрдағы жасаған образы бір-біріне ұқсамайтын талантты актерлердің арасында Күнсұлу Шаяхметованың орны бөлек. Төлегеннің анасы Қамқаның рөлінен ұлына жанашырлық, отбасының берекесіне, елінің амандығына алаңдаған қамқор пейіл аналық мейірімімен қабаттаса білінеді. Сахналық темпераменті, әр сөздің мағынасын ашудағы сөйлеу шеберлігі, қимыл-қозғалысындағы бәйбішеге тән биязылық көңіл тоғайтады.
Әрине, «Қыз Жібекте» көзге түсер кемшілік те байқалды. Жаңа түскен келіннің бетін отпен, жермен аластап, ене атқаратын жоралғыны Жібектің анасы өзі атқарып, ең соңында қызы Жібек пен Төлегенді төсекке дейін жетелеп апарғаны ешнәрсемен ақтауға келмейтін көрініс.
Сөз басында қойылған «жаңа спектакль жасай алды ма?» деген сұраққа галлографиялық, сахналық жаңа шешім табуымен, сәнді костюмдерімен, жинақы композициясымен жауап бергендей болды. Жекелеген актерлік ойыннан өзге, музыкалық драманы өрістетудің тосын ой-жүйесін, көркемдік ерекшелігін, режиссерлік тың шешімдерін тапқан еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Мәңгі өлмейтін өміршең классиканың бір ұлылығы да сонда, кемшілік атаулы оның саясы мол көлеңкесінен көрінбей қалып жатады...
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ