Театр • 22 Маусым, 2017

Махаббат мюзиклі

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорданың «Бейбітшілік келісім сарайында» ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Астана мюзикл» театрының орындауында «Ромео - Джульетта» мюзиклінің тұсаукесері өтті.

Махаббат мюзиклі

«Ромео − Джульетта» − қос ғашықтың қосыла алмаған, баянсыз махаббатын суреттейтін туынды. Уиллям Шекспирдің классикалық түпнұсқасын негізге ала отырып, француз композиторы, ақын және әнші Жерар Пресгюрвик туындыны көреременге  өлеңмен жеткізеді.

Веронадағы ауқатты да беделді Монтекки және Капулетти әулеттерінің ежелден жауласып келе жатқандығы туралы айтылады. Алайда екі отбасындағы қаптаған қақтығыстарға қарамастан, махаббаттың құдіретіне бағынған жастардың бір-біріне деген кіршіксіз сезімдері, асқақ армандары, биік мақсататары менмұндалап тұрады. Қыз баласының өмірден өз орнын тауып, отбасын құруы ата-ана үшін үлкен бақыт екені айдан  анық. Осы орайда анасы Джульеттаны  Верона ақсүйектерінің бірі ретінде құда түскен Париске ұзатуды ұйғарады. Алайда жүрекке әмір жүрген бе? Бірін-бірі сүйетін Ромео мен Джульетта өз дегендерінен бас тартпай, кішкентай шіркеуде Лоренцо әкейдің рұқсатымен жасырын некеге тұрады.  Екеуінің кескілескенін естіген  достары Бенволио мен Меркуцио одан әулет абыройын төгіп, сатқындық жасағанын жазғырып, Джульеттадан бас тартуын өтінеді. Алайда ессіз ғашық Ромео ендігі өмірі тек  сүйген сұлуына арналатынын жеткізеді. Бұл қауесет тек достарына ғана емес, дұшпандарының құлағына да  жетеді. Көңілі Джульеттаға ынтық Тибальт Ромеодан кек алуға бел буады. Ал досы Меркуцио оның бұл арам пиғылын болдырмауға  көмекке келіп, ажал құшады.  Ажалмен айқасқан Ромео қанжарға жармасып, Тибальтты өлтіріп тынады. Осы оқиғалардың тізбегін сүт анасынан естіген Джульеттаның  бөлесі Тибальттың ажал құшқанына қарамастан, туысқанын өлтірген күйеуіне деген махаббаты суымайды, қайта арта түседі. Оқиғаның шарықтау шегі де баянсыз махаббаттың құрбанына айналған, қос ғашықтың қыршын тағдыры арқау етеді. Сүйгеніне қосыла алмаған Ромео у ішіп көз жұмса, махаббат пен сүйіспеншілікке орын таба алмаған Джульетта өз-өзіне қол жұмсайды.  Бір қызығы, өмір мен өлім арпалысқан сәттегі қос ғашықтың қыр соңынан қалмаған  ажал бейнесі екі жастың  өздеріне қол салуына көмекке келгендей.

«Жалпы, «Ромео-Джульеттаның» 25-ке тарта түрі бар. Қойылым қатты ұнады, көңілімнен шықты деп айта аламын. Мен көрген спектакльдердің үздігі десем қателеспеймін. Маған жастардың энергиясы, сахнада ойнау шеберліктері ұнады», − дейді француздық композитор, музыка мен либретто авторы  Жерар Пресгюрвик.

Спектакльде 60 қа жуық актерлардың белсенді ойнауы мен өз рөлдерін сәтті алып шыққандығын, сондай-ақ, сахнаның безендірілуі, жарықтың таң сәулесіндей жарқырап  шуақ шашуы көрерменнің көңілінен шыққаны сөзсіз.

Айта кетейік, Ромеоны – Саламат Мұқашев, Джульеттаны – Жарқынай Шалқар, Паристі – Данияр Туранов, Меркуционы – Аман Гумаров, Бенволионы – Оразалы Игілік, Тибальтты – Расул Усманов, Сүт ана рөлін –Айнұр Бермұхамбетова, Леди Монтеккиді – Ләйлә Темірхан, Леди Капуллеттиді  - Айна Абдукаримова, Граф Капулетиді – Дарын Шыныбек,  Лоренцо әкейді – Берік Атаханов, Верона ханзадасын – Алтынбек Аманкулов,  Ақынды – Сұлтан Кеңшілік, Тағдырды  – Алия Джиренбаева  сәтті орындап шықты.

Шығарманың қоюшы режиссері − Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, музыка және либретто авторы − Жерар Пресгюрвик, аударма жасаған − Гүлнара Салықбай,  қоюшы суретші −  Қанат Мақсұтов.

Айман МҰҚЫШЕВА