Ал жалпы отырыс аясында сенаторлар «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы үкіметаралық келiсiм Хаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Хаттамамен еліміздің Бейнеу стансасындағы темір жол өткізу бекетін Оазис стансасына ауыстыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Қапланбек, Қазығұрт және Атамекен автомобиль өткізу бекеттеріне халықаралық (көпжақты) мәртебе беріліп, тәулік бойы жұмыс істейтін тәртіпке көшеді.
Одан басқа, тек жеңіл автокөліктерге арналған Целинный және Сырдария екіжақты (мемлекетаралық) өткізу бекеттері ашылады. Бұл бекеттерден жүк пен коммерциялық мақсаттағы тауар өткізілмейді және кедендік рәсімдер аясындағы тауарға байланысты кедендік операциялар жүзеге асырылмайды.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Бұл құжатпен «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға Үкіметтің Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынатынын, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ететінін; Республикалық бюджет комиссиясын құратынын, ол туралы ережені бекітетінін, оның құрамын айқындайтынын; Қазақстан Республикасы Президентімен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесін айқындайтынын; республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін айқындайтынын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Сонымен қатар, осы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік пен Азаматтық процестік кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтірудің тәртібін, мерзімін, олардың орындалуын тоқтата тұруды, сондай-ақ заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат келтіруді белгілейтін өзгерістер енгізіледі.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына комитеттің ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, кассациялық шағым мен прокурордың өтінішхатын қарау тәртібін реттеуді, сондай-ақ азаматтық процеске қатысушы адамдардың құқықтарын іске асыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Сөйтіп, заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып қабылданды. Осы заң жобасымен шетелдік жұмыскерлерді мемлекеттік органдарға жұмысқа қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының уәкілетті органмен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеру жүргізу тәртібін айқындауын көздейтін норма белгіленеді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға Жоғары Сот Кеңесіне судьяға куәлік беру тәртібін белгілейтін өкілеттілік беруді көздейтін толықтыру енгізіледі.
Сенаторлардың талқылауымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Заңның негізгі мақсаты құқық қорғау қызметіндегі тежемелік және тепе-теңдік жүйесін жетілдіру болып табылады. Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов заң жобасын таныстыра отырып, құжатты әзірлеу барысында Сенатта өткен парламенттік тыңдаудағы ұсынымдар да ескерілгенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беруді жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да сенаторлар тарапынан бірауыздан қабылданды.
«Білім туралы» Заңға «жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі», «инклюзивті білім беру» деген ұғымдар енгізілген; «мемлекеттік білім беру тапсырысы» ұғымына орта білім беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер көлемі қосылған. Осыған байланысты Салық кодексіне орта білім беру бойынша қызметтер көлемін ұсыну кезінде бюджет қаражаты есебінен алынған материалдық пайда жеке тұлғаның кірісі ретінде қаралмайтыны туралы өзгеріс көзделген. «Жоғары колледж», «зерттеу университеті» ұғымдары және басқалар нақтыланған.
Жиын соңында сенаторлар Талғатбек Абайділдинді, Асқар Бейсенбаевты және Ольга Перепечинаны «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Сенат пен Мәжіліс арасындағы келіспеушіліктерді қарау және еңсеру үшін құрылған келісу комиссиясының құрамына сайлады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»