Жиында сөз сөйлеген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл құжат арқылы Қазақстан соңғы бес жылда қолға алған үлкен жоба – «Еуразия» бастау алғанын жеткізді. Енді «Agip Caspian Sea B.V», «РН-Эксплорейшн», «CNPC International Ltd», «Socar», «ҚазМұнайГаз Еуразия» ЖШС, «NEOS GeoSolutions» секілді әлемдік компаниялар Каспий маңы ойпатының жер қойнауын зерттеу үшін консорциумге бірігеді.
«Еуразия» жобасын іске асыру үш кезеңге бөлінген. Біріншісі қолда бар деректерді толықтай талдауды және жаңа деректер базасын құруды көздейді, екіншісі – геофизикалық зерттеулер. Егер мамандар екінші кезеңнен кейін көмірсутегі шикізаты қорының барын дәлелдесе, онда үшінші кезең тереңдігі шамамен 15 шақырымды құрайтын барлау ұңғымаларын бұрғылауға арналады. Қанат Алдабергенұлының сөзіне қарағанда, мұндай аса терең бұрғылау жұмыстары әлемде әлі жүргізілмеген.
Осы күні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Тоталь» компаниясының басшылығымен ынтымақтастық келешегін талқылады. Жиын барысында компанияның Солтүстік Каспий жобасын іске асыру және Қашаған кен орнын пайдалану кезінде өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Бақытжан Сағынтаев ЕҚДБ, АДБ және «Сбербанк» басшыларымен де Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы ынтымақтастық жайында әңгімелесті. Сондай-ақ, Премьер-Министр «Deloitte» өкілі О.Жанмен консалтинг саласындағы ынтымақтастық мәселесін қаузады. Кездесуде аудит, салық салу, консалтинг және корпоративтік қаржы салаларында қызмет көрсету бойынша бірлескен жобаларды іске асыру сөз болды.
Үкімет басшысы Нидерландтың экономика министрі Х.Камппен кездесуінде Қазақстанда энергетика, мұнай-химия, ғарыш және мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылады. Тараптар ауыл шаруашылығы саласында өзара іс-қимыл жасасуға қызығушылық танытып, ғылыми-зерттеу орталықтарының деңгейінде бірге жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлді.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «CNPC» басшылығымен жүздесіп, бірлескен жобаларды іске асырудың мән-жайын қарады. Оның ішінде Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту және «Еуразия» жобасы және елдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары бар.
Үкімет үйінде энергетика мен жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер де жасалды. Шара барысында «Еуразия», «Астана ЭКСПО-2017» жел электр стансасының құрылысы», «Күн электр стансасының құрылысы» жобаларын іске асыру бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы, сондай-ақ жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»