Парламент • 23 Маусым, 2017

«Парламент сөзі» сыйлығы тапсырылды

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжі­лі­­сінде палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин жур­налистерді келе жатқан Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құт­тықтады. Билік пен бұ­қараның арасында дәне­кер болып жүрген қалам иелеріне арналған салта­натты жиын Мәжіліс­тің жалпы отырыс залында өтіп, журналистер қауы­мы түгелдей халық қалау­лы­ларының орнына жайғасты.

«Парламент сөзі» сыйлығы тапсырылды

Мерекелік шараға басшылық еткен Мәжіліс Төрағасы кез келген қоғамда журналистердің орны ерекше екенін атап өтті.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап баспа­сөз саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Мүм­­кін­дігінше, барлық жағ­дай жаса­лып жатыр. Соның нәти­жесін­де, біздің еліміздің бұқара­лық ақпарат құралдары тек Қазақстанда ғана емес, халық­аралық, тіпті әлемдік дең­гейде де жылдам ақпарат алатын және тарататын деңгейге көтерілді», деді Н.Нығматулин. 
Сондай-ақ, Төраға қаламгер қауым күн демей, түн демей еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын да тілге тиек етті. Соның ішінде, Парламент Мәжілісінің заң қызметін бүкіл республикаға, еліміздің әрбір азаматына жеткізуде журналистердің еңбегі ұшан-теңіз екендігін айтты. 
Осы еселі еңбекке деген құрмет ретінде өткен жылы палата Спикерінің тікелей бастамасымен Мәжіліс журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығын тағайындаған болатын. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, «Парламент сөзі» атауының да өзіндік мән-мағынасы бар.
«Өйткені, сөзге тоқтау, сөзді бағалау, сөзді қадірлеу – біздің бабаларымыздан келе жат­қан қасиетті жол. Сіздер осы үлкен жолдың заманға сай қалыптасқан ақпараттық-наси­хат бағытын алып жүрсіздер. Сон­дықтан, сіздердің бүгінгі еңбектеріңіз – ертеңгі тарих», деді Н.Нығматулин.
Шара аясында журналистер арасында ұйымдастырылған осы байқауда үздік деп таныл­ғандарға Парламент ғима­ратының бейнесінде арнайы жасал­ған мүсіндер мен дипломдар табыс етілді. Атап айтқанда, «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша «Халық Кеңесі» газетінің алғашқы редакторы Сарбас Ақтаев  пен «Советы Казахстана» газетінің алғашқы редакторы Юрий Тараков, «Үздік телевизиялық сюжет үшін» аталымы бойынша  «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Индира Асанова мен «Хабар» телеарнасының тілші­сі Асхат Ниязов, «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясы бойынша «Айқын» газетінің тілшісі Айхан Шәріпов пен «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Лаура Түсіпбекова марапатталды. «Үздік интернет және радио материалы үшін» аталымына «Zakon.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Оксана Скибан мен Қазақ радиосының ұжымы лайықты деп табылса, «Арнайы репортаж» аталымы «Астана» телеарнасының тілшісі Айгүл Шайхимова мен «Хабар 24» телеарнасының Жаңалықтар бөліміне тапсырылды. 
Айрықша атап өтетініміз, «Үздік бейне-сурет материалы үшін» аталымы «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров пен «КТК» телеар­насының операторы Влади­слав Водневке бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, «Пар­ламент сөзі» сыйлығын беру бойынша арнайы комиссия құрылып, оған Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов жетекшілік етті. Журналистер қауымынан 80-ге жуық материал түсіп, олар мұқият іріктеуден өткізілген.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»