Қазақстанда да осы саланың жай-жапсарын жақсы меңгерген мамандар бар. Олар тек Қазақстанмен ғана шектеліп қалмай, басқа мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, халықаралық деңгейдегі түрлі форумдарға қатысып, геронтология бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Енді осы бағыттағы жұмыс Астанада жалғасын тапты. Саланың білікті мамандары геронтологтардың ІІ съезінде бас қосып, адамзаттың ұзақ өмір сүруінің алғышарттары мен мүмкіндіктері жайлы ой-пікір алмасты. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы мен осы басқармаға қарасты Медицина орталығының басшылығы, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Әзербайжан, Украина, Беларусь және тағы басқа елдердің жетекші ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты.
Съезде геронтология мамандары белсенді және ұзақ өмір сүру, сапалы тұрмыс, сауықтыру терапиясының ерекшеліктері жайлы тәжірибелері мен зерттеулерін ортаға салды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне қарағанда, 2025 жылға қарай әлемде егде адамдар саны 1 млрд 100 миллионға жетеді деген болжам бар. Қазақстанда да 2012 жыл мен 2016 жыл аралығында жас мөлшері 60-тан асқан адамдардың үлесі 7 пайыздан 12 пайызға дейін көбейген. Ал адамдардың өмір жасының ұзақтығына байланысты сол елдің әлеуметтік-экономикалық, денсаулық сақтау саласының хал-ахуалын бағамдауға болады. Бұл жөнінен Қазақстанның көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жастан асты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл басты жетістік екенін Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында баса айтқан еді. Өйткені, еліміздің келешегі – денсаулығы мықты, өмірлік ұстанымы жоғары, саламатты өмір салтын қалайтын қазақстандықтардың қолында. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы өз сөзінде осыны тілге тиек етті.
Геронтологтардың ІІ Еуразиялық съезіне қатысушы мамандардың ой-көзқарасы бір арнаға тоғысты: адам ұзақ жасау үшін дене жаттығулары мен ой белсенділігін күнделікті дағдыға айналдырып, күн сайын белсенді заттар түріндегі дәрумендер кешенін қабылдап, өзінің жасы мен денесіне байланысты салмақ сақтауға тырысқаны жөн. Тіпті, керек десеңіз, туған-туысқан, ағайын-бауырларыңызбен, сыйлас адамдармен, дос-жарандармен, әріптестермен жиі араласып, шынайы қарым-қатынас жасаудың өзі адам өмірін ұзартуға бірден-бір дәнекер екен. «Жасым келді, қартайдым» деп қарттыққа мойынсұнудың ешқандай жөні жоқ. Керісінше, адам қай жасқа келсе де саламатты өмір салтына көшу мен белсенді қимыл-қозғалыс, өмір сүруге құштарлық пен талпыныс арқылы өзінің жасын мейлінше ұзарта алады.
Қысқасы, адам қай жаста болса да, жүйелі түрде дене жаттығуларымен айналысуды күнделікті дағдыға айналдыруы тиіс. Белсенді қимыл-қозғалыс пен дене жаттығулары арқылы адамдар өмірлік күш-жігерді, өзіне деген сенімділікті мейлінше сақтап қалады. Дене белсенділігі жасқа да, кәріге де ауадай қажет. Ал өмірдің тағы бір өзегі – тәтті ұйқы. 60-тан асқан адам жас бала секілді тәулігіне 10-11 сағат ұйықтауы тиіс екен.
Міне, геронтологтардың ІІ съезінде мамандар осындай ой-пікірлер мен тәжірибелерді ортаға салды. Белсенді дене қимыл-қозғалысы мен дұрыс тамақтану және саламатты өмір салтын ұстану өмірдің өзегі екені баса айтылды.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»
Адамзат ұзақ және сапалы өмір сүруді қалайды. Ерте қартаймауды ойлайды. Қазақстандықтардың да мақсаты осындай. Ал ұзақ өмір сүрудің қыр-сыры неде? Бұл үшін қандай мәселелерге жете мән берген жөн? Оның бүге-шігесін жеткілікті білеміз бе?
Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше