Президент • 23 Маусым, 2017

Ыстық ықыласпен құп алдық

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана халықаралық әуежайын Елбасының есі­мімен атау туралы бас­тама көтеріліп, Үкімет қау­лы­сының шыққанын біз, Тал­дықорған әуе базасы­ның ұшқыштары, үлкен қуанышпен, ыстық ықы­лас­пен қабылдадық. 

Ыстық ықыласпен құп алдық

Астана әуежайы – бас қаланың ғана емес, тәуелсіз еліміздің негізгі қақпасы, басты әуе дәлізі. Қазақстанды әлем Елбасының  көреген саясаты, кемел ой мен кенен ақылы, батыл да тәуекелшіл бастамасы арқылы таныды. Сондықтан ендігі жерде еліміздің бас қақпасына табаны тиген әрбір азаматтың алдында дәл осы құндылығымызды одан сайын айшықтай түсетін боламыз.
Қазақстан халқының ортақ қалауы бір арнаға тоғысып, тарихи стратегиялық маңызды шешім шығарылғаны − біз үшін зор мақтаныш, үлкен мәртебе.
 Тәуелсіз еліміздің терезесі тең, керегесі кең мемлекет болғанына 26 жылға аяқ басса, елдің бас қаласы − Астананың ажарланып, сәулетімен де, дәулетімен де береке мен бейбітшіліктің рухани ордасына айналғанына тура 20 жыл толғалы отыр. Әуежайға Елбасы есімінің берілуі осы маңызды мерейтой қарсаңында елдің елдігін, ердің ерлігін тереңнен таныта түсетін құтты қадам болды деп білеміз. Бұл – Елбасына дара саясаткер ретіндегі тұлғасы мен өлшеусіз еңбегіне  халықтың берген лайықты бағасы. 
Біз үнемі әуеде жүреміз, мәңгі асқақ көрінетін аспанда қырандай қалықтаған әскери қызметімізде бізден қалт жібермес қырағылық талап етіледі. Осы жауапты да күрделі қызмет барысында елімізге зәу биіктен көз сала жүріп, бойымызды үнемі мақтаныш сезімі билейді. Енді Астана әуежайының аты аталып, төбесі көрінген сайын біздің жүрегімізде сол елжандылық сезімі еселене түсетін болады. 
Бұл – қалың еліміздің Елбасын жұртының бағына туған, адамзатқа ортақ перзент деп қастерлейтінінің, тәуелсіз еліміздің бас иесі, қаһарман ұлы деп бағалайтынының белгісі. 
Елбасымен  бірге еліміздің алар асуы, шығар биігі, жетер табысы әлі де алда екеніне шүбәсіз сенімдіміз. Елбасымыз Алаштың бақыты үшін аман болсын. Көреген көшбасшылығымен Қазақстанның абыройы, халықтың ауызбірлігі арта берсін! 

Айдын АЙЫМБЕТОВ,
әскери ұшқыш-космонавт, Қазақстан Әскери-әуе күштерінің генерал-майоры,
Халық қаһарманы және Талдықорған әуе базасының ұшқыштары
Алматы облысы