Сәрсенбі күні Қазақстанның жергілікті басылымдарында жарияланған ел Үкіметінің қаулысына сай, Қазақстан астанасындағы халықаралық әуежайдың аты өзгертіліп, қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталатын болды.
Ел Президенті мемлекеттің қалыптасуы мен дамуында ерекше рөлге ие. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткерлері аталған шешімді құптап отыр. Парламент депутаттарының пікірінше, Үкіметтің бұл қаулысы ресми құжат түрінде шыққанымен, халықтың ұсынысы ретінде қабылдануда.
Айта кетейік, бұл әуежай таяуда ғана жаңа терминалмен толығып, биыл ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үстіндегі Астана өңірдің транзиттік хабына айналып отыр.
Үкіметтің әуежай атын Президенттің есімімен атау туралы қаулысынан кейін елдің қоғам қайраткерлері бұл туралы көпшіліктің атынан жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына пікір білдірді. Олардың айтуынша, нысанның атын мемлекет басындағы адамның құрметіне атау әлемнің көптеген елінде бар тәжірибе. Оған қоса, бұрынғы кеңестік режім кезінде «Целиноград» деп орысша аталған қазіргі Астанадағы әуежайдың коды әлі күнге сол ескі атымен аталып, яғни TSE кодымен белгіленіп жүр. Көпшіліктің пікірінше, жаңа атауды пайдалана отырып, ескі код та алынып тасталуы тиіс. Өз кезегінде үкіметтегілер бұл пікірмен келісіп отыр. Әзірге жаңа код нақты бекітілмегенімен, құзіретті мекемелер бірнеше нұсқасын дайындап қойған.
Үкіметтің әуежай атын ауыстыру туралы қаулысына жергілікті халық қолдау білдіріп жатыр. Жалпы, Қазақстан Президентінің өзі әдетте мұндай бастамаларды қолдай қоймайды. Мәселен, осыдан бір жыл шамасы бұрын ел Парламентінің депутаттары ел астанасының атын «Нұрсұлтан» немесе «Назарбаев» деп атау туралы ұсыныс білдірген еді. Дегенмен, Мемлекет басшысы мұны орынсыз деп тауып, келісімін бермеген болатын.
Таяуда ғана жаңа терминалмен толыққан бұл әуежай Еуразия кеңістігінде жолаушылар хабына айналып отыр. Үкіметтің елді транзиттік мемлекет ету мақсатында қолға алған жұмыстары нәтижесінде Қазақстан бірнеше елмен виза режімін алып тастаса, Астана мен Алматы әуежайлары Еуропа мен Азияның арасындағы транзиттік көпір ретінде өз әлеуетін арттыра түсуде.
Дайындаған
Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»