Медицина • 23 Маусым, 2017

Өміршең дәстүрлер өзегі

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың өзекті мәселе­лерін ортаға салған жиын өтті. Шараны ҚХА тарапы ұйымдастырды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер, зиялы қауым өкілдері­мен қатар, өңірге арнайы сапармен келген Қазақстан Жазушылар одағының делегация мүшелері де қатысты.

Өміршең  дәстүрлер өзегі

Алқалы басқосуды «Қызыл­жар-Ақпарат» ЖШС-нің дирек­торы-бас редакторы Жарас­бай Сүлейменов жүргізіп отырды. Ол кіріспе сөзінде жұртшылық арасында үлкен серпіліс тудыр­ған мақала қоғамда жан-жақ­ты талқыланып, кең қолдау тап­қанын, ендігі мақсат онда қойылған талаптарды жүзеге асырудың тетіктерін жан-жақты қарастырудың маңыздылығын атап өтіп, алғашқы сөзді «Үр­кер» журналының бас редак­торы, халықаралық «Алаш», «Сорос-Қазақстан» сыйлық­тары­ның лауреаты Қуандық Түменбайға берді. Белгілі жазу­шы Қызылжардың құйқалы топырағынан Мағжан, Сәбит, Ғабит, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов секілді қарымды қаламгердің өсіп-өнгенін, олар­дың келер ұрпаққа аманаттаған мол мұралары құндылығын еш­қашан жоғалтпайтынын айта келіп, Президенттің «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісіміз­ден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» де­нен пайымдарына жұрт­шы­лық назарын аударды. Рухани жаңғыру бүгін баста­лып, ертең аяқталатын жұмыс емес. Оны саяси, эконо­мика­лық дамуы­мызбен сабақтас­тыру үшін,ең алдымен, әр қазақ­стан­дықтың бойында біртұтас ұлт болу идея­сын қалыптастыруымыз керек. Бұл орайда, жас буын тәрбиесі ерекше орын алады. 
Мақалада «Жастарымыз ба­сым­дық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» делінген. Сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылудың бірден-бір жолы – санадағы сілкініс. Ол өздігінен келмейді. Заман ағы­мына икемделе отырып, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру – алдағы басты міндет осы. Одан әрі қаламгер өз сөзінде таяу жылдардағы міндеттердің ішінен қазақ тілін біріндеп латын әліпбиіне көшірудің қадамдарын қазіргі заманғы технологиялық даму мәселелерімен, әлемдік тәжірибелермен байланыстырып, мұқият дайындықтар базасы жасалғанын айтты.
«Простор» журналы бас редакторының орынбасары, аудармашы Любовь Шашкова санадағы сілкіністі иделогиялық жағынан қамтамасыз ету, ұлттық болмыстың өзегін сақтау, салт-дәстүрлерді, ұлттық рухымызды байыту мәселелерін өз сөзіне арқау етті. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының мән-мағынасын ашып көрсетіп, дәйекті мысалдар келтірді. Тәуел­сіздік жылнамасы нақты адам­дардан, сан қилы тағдырлар­дан, жасампаз еңбектен құралады. Ондай тұлғалар елімізде аз емес. Оның өңірлік нұсқалары да жаса­лып жатса, жастарымызға үлгі болар еді.
Жиында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшы­лық меңгерушісі Наиль Салимов, «Лад» славян қоғамы­ның жетек­шісі Александр Курленя, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүше­сі, журналист-публицист Зейнол­ла Әкімжанов, жергілікті ақын Василий Коноплев тағы бас­қалары Елбасы ұсынған бағ­дар­­ла­малар мен жобалар жұрт­шы­лық көңілінен шыққа­нын, ен­дігі мақсат жаңа жағдай­дағы руха­ни жаңғыру идеяларын дамуы­мыздың басты қағидасына айнал­дыру тиістілігін атап көрсетті.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы