Қазақстан • 23 Маусым, 2017

Астанада XIV Еуразиялық медиа форум басталды

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада ЭКСПО-2017 алаңындағы Конгресс-орталықта XIV Еуразиялық медиа форумның ашылу салтанаты өтуде. Оның жүргізушісі - Біріккен Араб Әмірлігінің RizKHan Production компаниясы басшысы, продюсер Риз Хан.

Астанада XIV Еуразиялық медиа форум басталды

Ашылу салтанатында алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова форумға қатысушыларға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Оның айтуынша, Президент медиа форум тек журналистік ортада емес, жаһандық проблематиканы шешу жолында да табысты жұмыс атқарып келетінін жазған. 

""Әлем драмалық өзгерістерді басынан өткеріп жатқан қазіргі заманғы жағдайда осындай диалог алаңдарының қажеттілігі артып келеді. Әлемдік контексте басқа көзқарастарға құрметпен қарайтын тек ашық диалог қана миллиондаған адамдардың өзекті проблемаларын шешу үшін жаһандық сенімді қалпына келтіру бағдары болады. Бұқаралық ақпарат құралдары осы процестің көшбасшысы болуы тиіс және өзінің күш-жігерін жаңа кедергілерді қоюға емес, керісінше, халықтар мен елдерді біріктіруге шоғырландыруы керек. Әлем жаңа ақпараттық ортаны қалыптастыру дәуіріне аяқ басты. Біз серіктестік пен білім алмасуды ынталандыруы үшін қолымыздан келгенше әрекет етуіміз қажет", - деп атап өтілген Мемлекет басшысының сөзінде.

Президент 15 жылдың ішінде Еуразия медиа форумы лайықты беделге ие болғанын жеткізді. "Сонымен қатар алдағы әлеуметтік және технологиялық өзгерістерге дайындық тұрақты дамудың айқындаушы факторы болады. Осыған байланысты Форумның күн тәртібіне технологиялық тәртіптің өзгеруінде негізгі бағыты ретінде  "жасыл" экономика мәселелерінің енгізілуі символдық мәнге ие. Бұл өз кезегінде, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбына үндес", - деп атап өткен Елбасы.

Естеріңізге сала кетсек, ЕАМФ 2002 жылы Дариға Назарбаеваның бастамасымен бейсаяси әрі коммерциялық емес ұйым ретінде құрылды. Форум Батыс пен Шығысты толғандыратын көкейкесті мәселелерді ашық талқылауға бағытталған. Аталған іс-шара жыл сайын әлемнің 60-тан астам мемлекетінен халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдерін, саясаткерлер мен сарапшыларын бір алаңға жинап келеді. XIV Еуразиялық медиа форумның күн тәртібінде "Болашақтың энергиясы", "Жаңа әлемдік тәртіп", "Азия "эконоимкалық керемет" құпиясы", "Сирия дағдарысы", "Цифрлық революция" тақырыптары талқыланбақ. Форумға Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, Еуропалық комиссияның экс-президенті Жозе Мануэль Баррозу, «Russia Today» телеарнасының жүргізушісі Софико Шеварднадзе, «The Futures Agency» басшысы (Швейцария) Герд Леонард, CNN телекомпаниясының вице-президенті (Ұлыбритания) Грег Бейчман, Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Пачаури, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Билл Ричардсон, Қазақстан тарапынан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және басқа да белгілі саясаткерлер мен сарапшылар қатысуда.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Суреттерді түсірген Орынбай Балмұрат,

"Егемен Қазақстан"