Білім • 23 Маусым, 2017

Ұбт-да ұялмай айтарлық көрсеткіштер бар

228 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ҰБТ-ның екінші күнінің қорытындылары белгілі болды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, екінші лекте 22036 бала тестілеуге қатысып, қазақ тілінде 15663, орыс тілінде 6373 адам тест сынағын тапсырды. 63 ҰБТ өткізу пунктінде жүргізілген тестілеуде тәртіп бұзғаны үшін 4 адам аудиториядан шығарылып, жауаптары жойылды. Сондай-ақ, 10595 тыйым салынған заттар алынды. Орташа балл – 78,23. Осы орайда ұлттық бірыңғай тестілеу барысының ел аумағындағы жүргізілу барысымен өңірдегі тілшілеріміз де танысқан еді.

Ұбт-да ұялмай айтарлық көрсеткіштер бар

Білімдерін лайықты қорғауда

«Атырауда биыл мектеп бітірген 4516 түлектің 70 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берді. Талапкерлердің алғашқы легі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, Атырау мұнай және газ университетінде және Мақат ауданының Доссор кентінде білімдерін сарапқа салды.  «ҰБТ-ны ұйымдастыру аясында 9 тест өткізу бөлімшесі жұмыс істейді. Екеуі – облыс орталығында, жетеуі – ауылдық елді мекендерде. Тест өткізудің әділдігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар тиісті техникалық құралдармен толық қамтылды. Сынақ тапсырудың алғашқы күніне 1128 мектеп түлегі қатысты. Биыл облыста 97 оқушы «Алтын белгі», 81 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Олардың бәрі де өз білімдерін лайықты қорғап шығады деген сенімдеміз», дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова.
ҰБТ орталығының №30 филиал жетекшісі Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, түлек­тердің сынақ тапсыру барысын Білім және ғылым министрлігінен келген арнайы өкіл­дер мен мемлекеттік комиссия мүшелері бақы­лайды. Алғашқы лектің қорытындысы бойын­ша ең жоғары балды Атырау қазақ-түрік ли­цейі­­нің оқушысы Нұржан Шыңғыс жинады. 128 сұрақтың дұрыс шешімін тапқан ол білім сынағына тиянақты дайындалғанын айтады. 
Мұнайлы аймақта ҰБТ 21-26 маусым аралығында өтеді.
Атыраудан – Бақытгүл БАБАШ

Жоғары көрсеткіш, жақсы көңіл күй

 Жамбыл облысында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылар 7 пункт бойынша емтихан тапсырды. Яғни, алғашқы күні 2190 бала ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, нәтижесінде 442 бітіруші 100-ден жоғары балл алды. Сондай-ақ, 21 маусым күні де тестілеуден 713 бітіруші өткен болса, 130 баланың 100-ден аса балл жинағаны белгілі болды. Екі күндік нәтиже бойынша облыста жалпы 2903 түлек ҰБТ тапсырып, барлығы 572 бітіруші жүзден жоғары балл иеленді.  
Облыстық білім басқармасының бас маманы Жанна Қалыбаева тестілеуге облыстағы мектеп бітірушілердің 70 пайызының қатысқанын, себебі ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары оқу орнына баратындар ғана тапсыратынын айтты. Бұл күні мыңдаған түлектердің білім дәрежесі айқындалды. Екі күндік қорытынды бойынша екі оқушының үздік білім көрсеткенін де айта кету керек. Межелі балл биыл 140 екенін ескерсек, соған жетеқабыл көрсеткіш иеленген бітірушілер өңірдегі білім бәсекесінің жоғары көрсеткіші мен нақты нәтижесіне үлес қосты. Жамбыл ауданы Бесағаш ауылы Абай атындағы орта мектептің түлегі Ақбота Шадыхан 134 балл алса, Тараз қаласындағы №49 мектеп-гимназияның бітірушісі Сымбат Сүйірханова 133 балл деңгейінде білімін дәлелдеп шықты. Тестілеу жұмыстары өңірде 25 маусымға дейін жалғасады. Қалған күндерде де жүзден жүйрік шыққан бітірушілердің көрінуі әбден мүмкін.
Бүгінде 134 балл алып отырған Ақботаның арманы асқақ. Бесағаш ауылында оқып, сонда мектеп бітірген ол бір жыл бойы мектептен тыс Тараз қаласындағы «Достық» білім беру орталығында білімін жетілдірген екен. Сондай-ақ, жас түлек Елбасы Жолдауында айтылған білім саласына да айтулы үлес қосуды өзінің мақ­­саты санайды. «Бала күнімнен отандық меди­цинаны дамыту жолында еңбек етуді армандадым. Соның ішінде хирургия саласы мені ерекше қызықтырды. Енді Қарағанды қаласындағы Медицина академиясына оқуға түсіп, білімімді  әрі қарай дамытсам деймін. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу жыл­дағыдан өзгеше болды. Себебі, әрбір түлектің екінші мамандық таңдауына мүмкіндігі бар. Бұл да жастардың білім бәсекесінде өз жолын табуына септігін тигізеді», дейді А.Шадыхан.
Тараздан – Хамит ЕСАМАН

136 балл жинады

Шығыс Қазақстанда ҰБТ 20-24 маусым аралығына жоспарланған. Облыстық білім басқармасының ұсынған мәліметтеріне жүгінсек, биыл өңірде 8989 оқушы мектеп бітіріп, оның 7000-ға жуығы ҰБТ тапсыруға тілек білдірген көрінеді. «Облыс бойынша 20-22 маусым аралығында 3858 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысты. 20-21 маусым күндері жалпы саны 2106 оқушы (қазақ тілінде – 1102, орыс тілінде – 1004) тест тапсырды. Бүгін 3 мыңнан астам, ертең 420 оқушы сынақтан өтеді деп жоспарланған», дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Рәуия Халенова.
ҰБТ тапсырылған үш күндегі ең жоғары балл Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының түлегі Риза Бөкейханованың еншісінде – 136 балл. Аталған білім ордасының директоры Айгүл Абдулдина шәкіртінің биология пәнін таңдағанын, Семей мен Астана қаласындағы медициналық академияның біріне оқуға түспек ойы бар екенін айтты.
ҰБТ облыс орталығындағы екі жоғары оқу орнында өткізіліп жатыр. Өңірдегі Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының жетекшісі Сайраш Искакова С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де 21 маусымдағы алғашқы лектегі тестілеу сынағының сәтті өткенін, бұл күні 501 оқушы тест тапсырғанын жеткізді.
Өскеменнен – Азамат ҚАСЫМ