ЭКСПО-2017 • 23 Маусым, 2017

Жас инноваторлар марапатталды

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі аясында Нидерланды­ның ұлттық күні атап өтілді. Бұл күн Нидерланды корольді­гі­нің туын көтеру салтанатынан және ЭКСПО-2017 сахнасында елдің әнұранын шырқаудан басталды. Шараға Қазақстан Республикасына екі күндік сапарымен келген Нидерланд экономика министрі Хенк Камп қатысты. Ол ЭКСПО нысандарымен танысып, Қазақстан павильонын көріп шықты.

Жас инноваторлар марапатталды

«Қазақстан – Нидерланды­ның халықаралық қауіпсіздік мәселе­лері жөніндегі аса маңызды серіктесі. ЭКСПО-2017 көрмесі жасыл энергетика тақырыбына арналып отырғаны белгілі. Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, осы салада озық шешімдерді таба­ты­нымызға сенімдімін», – деп атап өтті министр өз сөзінде.
Сонымен қатар, Нидерланды­ның ұлттық күніне орайластырылған басты шара Holland Innovation Challenge атты экологиялық бай­қауы­ның қорытындысын жариялау болатын.
Нидерландының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы аясында ұйым­дас­тырылған бұл жастар жоба­сын толығымен елдің Сыртқы істер министрлігі қаржы­лан­дырғанын айта кеткен жөн.
2016 жылдың қазан айынан бастап 6 команда ЭКСПО-2017 тақырыбы аясында 4 нидер­­ланды­лық компанияға арнап жаңа бизнес-тұжырымдамалар дайын­дау мақсатында жұмыс жүргіз­ген болатын. Әр команда құра­мын­да екі қазақстандық және екі нидерландылық студент бірле­се жұмыс атқарғанын атап өту қажет. Қазақстан тарапынан Нар­хоз университеті мен Қазақ ұлт­­тық аграрлық университетінің сту­дент­тері, ал Нидерланды тарапы­нан Ваге­нинген университеті­нің (Wageningen), Утрехт универси­теті­нің (Utrecht university) және Гронинген университетінің (Groningen university) студенттері қатысты. Жоба Нидерландтың Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттігімен (RVO) бірлесе отырып жүзеге асырылды.
Нидерланд экономика ми­нистрі Хенк Камп жеңімпаз коман­даға жүлдені табыстап, қазылар алқасының таңдауына байланысты пікірін білдірді. «Қазылар алқасы Aquamotion командасының жұмы­сын бірнеше себептерге бай­ла­нысты таңдады: біріншіден, коман­даның идеясы аса өзекті әрі ЭКСПО-2017 тақырыбына сәй­кес келеді; екіншіден, олардың ұсынған тұжырымдамасы иннова­ция­лық жобаға жатады, олар дұрыс шешімді табу үшін талай мәселелерді зерттеп шығуы керек болды; үшіншіден, көтерілген мәселе, яғни таза ауыз суына қол жеткізу – әлеуметтік ма­ңызға ие болғандықтан, қоғам мен ел азаматтары үшін аса қажет. Сол себепті біз байқау жүлдесін осы командаға табыстауды ұйғардық», – деп атап өтті министр.

Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»