ЭКСПО-2017 • 23 Маусым, 2017

Ел беделін еселеген жиын

123 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада XIV Еуразиялық медиа-форум басталды. Бұл шара биыл ЭКСПО халықаралық көрмесінің аясында Конгресс-орта­лық­та өтеді. Әлемнің 60-тан астам елінен делегаттар қатысып жат­қан жиынның мән-мағынасын түсіну үшін ұйымдастыру ко­митетінің мүшесі, журналист Срайыл Смайылмен әңгімелескен едік.

Ел беделін еселеген жиын

− Еуразиялық медиа-фор­ум­дағы сессиялар тақы­ры­бы­ның бірі: «Сирия дағдарысы: со­ғыс өрті сөне ме?». 60-тан ас­там елден келетін саясаткер­лер мен журналистердің, эко­но­мистердің пікірі Астана про­це­­сіне қандай үлес қоса алады?
− Сириядағы қақтығыс тек Таяу Шығысты ғана емес, бү­кіл дүние жүзін толғандырып отыр. Бұрынғы қақтығыстарға қара­ған­да, бұл жерде халықаралық терроризм белең алып барады. Тек азамат соғысының болуы емес, сол жердегі қақтығысқа көп­теген елдер азаматтарының қа­тысуы жағдайды одан бетер ушық­тырып жіберді.  Кейбір ық­палды күштердің өз мүддесін қорғауы салдарынан соғыстан соқтасы шығып, босқындар еліне айналды. Сириядағы  қақтығысты бейбіт жолмен шешу мәселесіне Елбасының көпвекторлы саясаты негізінде Қазақстан бітімгер ретінде барын салып жатыр. Оның айқын көрінісі −  Астана процесі. Осыған дейін бірнеше келіссөз өтті. Онда қол жеткізген басты нәтиже − Сириядағы қауіпсіз аумақтарда оқ атылмауы. Женева, Лозанна қалаларында әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі оқиғаларды бейбіт жолмен шешу отырыстары өтетін, енді ол құрметті миссия Астанаға бұйырды. Мұны еліміздің жеткен жетістігі деп айтуға болады. 
Бұл медиа-форумға өзге ел­дер­дің саясаткерлері мен жур­на­листері, Сирия өкілдері де қа­тысады. «Сирияның көз жасы» фи­льмін түсірген Шахида Төле­генова деген әріптесіміз бар. Ол да Сириядағы болып жат­қан қақтығыстың зардабын өз шы­ғар­масында көрсетуі тиіс. Қа­зір­гі бұқаралық ақпарат құрал­да­ры қатты дамыды десек те, Сириядағы қақтығысты Ресей, я батыстық  БАҚ-тың көзқарасымен қа­райтынымыз рас. Ал бұл ме­диа-форумда тікелей өзіміз са­рап­шылардың аузынан тыңдап, өз көзқарасымызды қалыптастыра аламыз.
− АҚШ-тағы «Жур­на­лис­тер­ді қорғау коми­тетінің» мә­лі­меттеріне қарағанда, 2015 жылы 69 журналист өзінің кәсіби қызметіне байланысты қаза тауыпты. Сириядағы қанды қырғынның ортасына барып, халыққа шынайы ақпарат жеткіземін деген 13 журналист опат болған. Бұл форумда журналистердің қауіпсіздігі мәселесі  сөз бола ма?
− Әрине, бұл форум ашық де­бат түрінде өтеді. Қатысатын спикерлердің бәрі кәсіби, беделді ма­мандар. Сондықтан бұл тақы­рып­ты аттап өтулері де еш мүмкін емес. Бұл тақырыпты форумның өзекті мәселелерінің бірі болады деп ойлаймын.
− Сонымен қатар, елімізде өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі де медиа-форумның негізгі та­қы­рып­тарының біріне айналатын бо­лар?    
− Бұл жерде айта кету керек, Еуразиялық медиа-форум жылда көктемде өтетін. Биыл ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында өтіп жатыр. «Болашақтың энергиясы: жасыл экономиканың қуаты» атты арнайы сессия ұйымдастырылады. Қазір жаңғыртпалы қуат көздеріне сұраныс туып отыр. Оның үстіне, технология мен техниканың дамуы көптеген жаңалықтар алып келуде. Ауадан су жасау деген жаңалық та бар. Өз елімізде жаңғыртпалы қуат көздерін дамытсақ, дәстүрлі шикізат көздеріне тәуелділіктен құтылар едік. Бұл мәселе бойынша спикерлер міндетті түрде өз ойларын айтады. Дебаттарға  Нобель сыйлығының лауреаты, үндістандық Ранджер Пачаури қатысады. Үндістан экономикасы жаңа технология енгізу жағынан алға  шығып келеді. 
– Биыл бұл форум 14-рет өтіп жатыр. Бұл біздің медиа-әлемге қандай пайда береді?
– Жаһандану процесі шал­ғай­да­­ғы арал тұрғындарын да жұтып жа­тыр. Қазір бәріміз ғылым мен тех­ни­каның қызығын көріп отырмыз. Осы тұрғыдан алар болсақ, ғаламдық ме­­диа қазір шекара танымайды. Сон­­дықтан әлемдік оқиғалардан отан­­дық журналистика шет қала алма­ды. Өйткені, еліміз  әлемнің бір құ­рам­дас бө­лігі. Осы себепті әлемдік оқи­ға­лар­дың бәріне біздің қатысымыз бар. 
− Істеріңізге сәттілік тілейміз Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
 «Егемен Қазақстан»
Алматы