23 Маусым, 2017

Клай-фай жанры немесе әдебиеттегі табиғат апаттары

621 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірер апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың қоршаған ортаны қорғауға қатысты Париж келісімінен шығамын деген еді. 2015 жылдың желтоқсан айында 194 мемлекет қол қойған Париж келісімі – ғаламдық жылыну процесін тежеуге арналған әрекеттер жоспары. Тараптар өздеріне климаттың өзгеруіне икемделу, техникамен қайта жасақтану, ауаға залалды заттардың шығарылуын азайту бойынша шаралар қабылдауға міндеттемелер алған болатын. АҚШ аталған келісімнен бас тартып отыр. Бір қуаныштысы, шығамын деген сәтте шыға салуға болмайды, бұл рәсім төрт жылға созылады екен. Осы жағдай есіме клай-фай жанрындағы әдебиетті түсірді.

Клай-фай жанры немесе әдебиеттегі табиғат апаттары

2000-жылдардан бастал­ған клай-фай жанры жастар мен жасөс­пірімдер арасында өте танымал (өкінішке қарай, біздің елдің жастарының арасында емес). Клай-фай (cli-fi) сөзі «climate fiction» сөзінен қысқартылып алын­ған. «Climate fiction» – ауа райындағы өзгерістер мен ғаламдық жылыну мәселелеріне арналған әдебиет, негі­зінде ғылыми фантастиканың түріне жатады. 2007 жылы Дэн Блум атты журналист осы қысқартуды ұсынған, ал 2012 жылы танымал америкалық жазушы Маргарет Этвуд твиттер­дегі жазбасында осы терминді қолданып, климаттағы өзгерістерді сипаттайтын кітаптарды клай-фай деп атай бастаған. Сөйтіп, әлеуметтік желілер осы терминнің тез таралып, танымал болуына септігін тигізді. Дәстүрлі ғылы­ми фантастикада негізінен ғарыш, роботтар, жаңа технологиялар мен өзге ғаламшарлар туралы айтылатын. Жаңа ғасыр өзімен бірге жаңа тақырыпты да ала келді. Адамның кесірінен болып жатқан табиғи өзгерістер мен апат­тар жазушылардың назарынан тыс қалма­ды. Жер планетасындағы климат­тық өзгерістер, қоршаған ортаның ластануы, ғаламдық жылыну, халық санының шамадан тыс өсуі, тамақ­тың жетіспеушілігі, мұхит деңгейі­нің көтерілуі – осы және бұдан да өзге мәселелер жазушыларды толғандырып, оқырмандарына шынайылық пен қиялдың қосындысынан туындайтын түрлі шығармаларды ұсынуға мүмкіндік берді. Әдебиеттанушы­лар бұл жанрдың сондай жаңа еместігін де атап өтер, оған мысал ретінде Жюль Верн шығармаларын атауға болады. Дегенмен де, осы сипаттағы шығармалар тек жиырмасыншы ғасырдың ортасында пайда бола бастады. Британ жазушысы Дж.Г.Баллардтың «Ветер неоткуда» (The Wind From Nowhere) роман-катастрофасы, Маргарет Этвудт трилогиясының үшінші кітабы «Есуас Аддам» (MaddAddam, 2013) роман-антиутопиясы, Паола Бачигалупидің «Суға кеткен қалалар» (Drowned Cities, 2012), «Кемелерді талқандаушы» (Ship Breaker, 2010) романдары, Сара Кроссанның «Дем ал» (Breathe, 2013) романы – ағыл­шын тілінде шығып, өз оқырмандарын бейжай қалдырмаған шығармалардың бір бөлігі ғана. «Жер бетінде ауа азайса, қалай демаласың? Мұз дәуірі қайта келуі мүмкін бе? Өмір сүруге ыңғайлы басқа планеталарды іздеу керек пе? Сапалы ауыз су бәріне жете ме? Ақ аюлар жойылып кетпей ме?» деген сияқты сұрақтар адамдарды уайым-қайғыға салып, қапаландыруы, екінші жағынан осы сұрақтарға жауап іздетіп, мәселелерді шешуге итермелеуі де мүмкін. Табиғаттың бір бөлшегі адамның қарапайым да әлсіз, кейбіреулер қалағандай ақылды және мүлтіксіз болмауы, жоғары саналы, ұзақ өмір сүретін, IQ-і өте жоғары адам тудыру мәселесі арқылы көркем әдебиетте өз орнын алды. Бір жағынан адам саналы, ақылды, мейірбан, алдын болжайтын, болашағынан үміт күттіретін пенде болғанымен, екінші жағынан адамның қорқақтығы, қызғанышы, арсыздығы, адамгершілік заңдарын сақтамауы, оны ұрпағы арқылы жазалау тақырыбына алып келеді. Осы орайда қазақ жазушыларының ішінде осы тақырыпты ерекше көрсете білген Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан (Көкжендет)», «Кентавр», «Түсік» атты шығармалары ойға оралады.
Табиғат апаттарын сипаттауға арнал­ған көркем әдебиет тізімін және оқыр­ман­дардың назарын аударған танымал шығармаларды саралау, бұл шығармалар оқырманға ғылымды, әсіресе, жара­ты­лыс­­­тану ғылымдарын жақындата түсетінін көрсетеді. Сонымен бірге, жазу­шылар қоршаған ортаның проблемаларын оқырманға түсінікті тілмен жеткізіп, оның алдын алу немесе табиғат апаттары­ның залалымен күресуге жетелей­тіні анық. Бұл бағытта клай-фай жанры­ның кино өнерінде жиі қолданылуы да жастардың қоршаған орта мәселелеріне қызығушылығын арттырып отырғаны рас. Олар адамның көзқарасына, ой-пікіріне, кейбірінің өмір сүру салтына әсер етіп, оң өзгерістерге әкелуі мүмкін. Бірақ клай-фай жанрындағы әдебиет «Не істеу керек? Жағдайды қалай өзгерте аламыз?» деген сұрақтарға тікелей жауап бере алмайды, ол тек оқырманның назарын шығармада көтерілген мәселелерге аударып, өзімізді, өзіміздің табиғатқа деген қарым-қатынасымызды, өз өмірімізді өзгертуге әлі де кеш емес деген ой салады. 

Бақытгүл САЛЫХОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты