23 Маусым, 2017

Ұлы тойдың дүбірі

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алты құрлыққа сауын айтылып, ға­лам­дағы исі қазақтың игі жақсыларын жи­нап, атажұрттан алшақ жүрген ай­маңдай бауырларымыздың басын қо­сып, оларды бауырға басу үшін жасалып жат­қан V құрылтайға жиналған халық ке­ше түс ауа ажарлы Астанадағы еңселі ес­кер­ткіш «Қазақ елі» монументіне гүл шоқ­тарын қойды.

Ұлы тойдың дүбірі

Рәсімге жиналған жұртқа қошемет білдірген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырза, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға ыстық ықыласын білдіре отырып, атаулы шара құрылтайға қош келуімен құттықтады.
Одан кейін арнайы әзір­лен­ген көлікке отырған қонақ­тар қала шетінде орналасқан «Этно­ауылға» ат басын бұрды. Бұнда Ақмола облысының мә­дени күндері өтіп жатыр екен. Күмбірлеген күй­дің үнімен һәм шырқап сал­ған әннің сәнін келтіріп қа­дірлі меймандарды қарсы ал­ған облыс өнерпаздары көп­шілікке қазақтың салт-дәс­түрлік рәсімі «Құда түсу», «қыз ұзату», «Келін тү­сіру», «Бет ашу» сияқты жорал­ғы­лар­ды көр­сетті. 
«Этноауылдың» сәні ақ­шаң­­қан боз үйлердің әрбі­рі­не бас сұққан ағайындар ұлт­тық қолданбалы өнер түр­лерін та­ма­шалап, ақ күмісті қақ­тай зерлеген алқа-сырға, көн былғарыдан оймыштап жа­саған саба-торсық, тірі жүн­ді пісіріп өрмекшелеп ою салған кілемшелерді жа­ғалай көріп шықты. Үйде қал­ған туыс-жұрағатқа тәбәрік болсын деп үзіп-жұлып алып жатқандар баршылық.
Мына бір шетте түлекте отыр­­­ған қоңыр бүркі­тін кө­те­ріп құсбегілер саят­шы­лық­тың сә­нін көрсетсе, орта­да­ғы кіл­ем­де жас балуандар бел­сен­ді бел­де­судің өрен үлгісін көр­сетті. 
Осылай атам қазақтың бай­­ыр­ғы көшпенді өмірінің өне­гесін көрген шетелдік қа­зақ­тар бірі басын шайқап, таңдайын қақса, екіншілері, мұндай ел берген, оның ертеңі нұрлы, болашағы баянды боларына сенген риза кейіппен батыстан желпи соққан самал желдің өтіне кеудесін керіп, алшаң басып бара жатты...
Осы алқалы жиынның бел ортасынан қазақжанды апамыз Асылы Османды жолықтырып: − Бүгінгі мерейлі мереке жайлы не айтасыз? – деп едік, апамыз көсіліп қоя берді:
– Дүниежүзі қазақтары құ­рыл­тайының мәні де, жөні де басқа. Өйткені, адам баласы үшін сағыныш та бір бақыт. Сол сағынышын құс қанатына арқалап еліне жеткен қандастарымыз ұядай елінде ұрпақ өсіріп отырған сіз бен бізді көріп, көңілі марқайып, сенімі нығаймай ма?! Алла қазақты осы бақытынан айырмаса екен. Қазаққа дарқандық даласынан дарыған, сөйтіп  бұл халық тектілікке жарыған. Мына айналаңда самаладай самсап, шамшырақтай шалқып тұрған боз үйлерге қарамайсыз ба, қандай көркем үйлесім. Ақыл-есі сау адам қуанышқа қуана білуі керек қой. Осыны сырттан келіп көрген қазақ өзінің қазақ болып туғанына қуанбай ма?! Алла елімді даласымен, халқымды Назарбаев сияқты данасымен, сәбиді анасымен, азаматтарды ойлы санасымен сақтағай, – деп ақжарма сөзін қайырды.  
Күн еңкейгенде «Этно­ауыл­дан» қайтқан қонақтар кеш­­ке «Астана опера» теат­ры­на барып «Қыз Жібек» қой­ы­лы­мын тамашалады. Ұлы той­дың жалғасы, яғни құрыл­тай­­дың ашылу салтанаты бүгін өтіп, сенбі күні жоспарлы іс-ша­ралар жалғасын табады. 

Бекен Қайратұлы,
Ұларбек Нұрғалым,
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат
«Егемен Қазақстан»