Руханият • 23 Маусым, 2017

Асыл қасиет сеңгірі

358 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Халқымызда АДАМГЕРШІЛІК деген асыл ұғым бар. Ұлтымыздың ғұлама бекзаттарын адамгершілік қасиетімен ардақтайды, мақтаныш етіп, есінде ұстайды. Бұл – қазақтың ел азаматына деген ерекше талғамы мен талабының көрсеткіші. Адамгершілік түсінігі – даналық, парасат, мейірім, қайырым, білгірлік пен түсіністік сияқты көптеген игі мінездерді қамти отырып, кімнің кім екенін анықтай түсетін қасиет. Көңіліміз толып, риза болған адамымызды «адамгершілігі мол екен» деп айтып жатамыз. Әке-шешесінің қанымен дарып, тәрбиесімен молайып жататын осы қасиет бойында мекен тауып, жан-жағын нұрландырып жүрген азаматтарымыздың бірі – Асекең белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Асқар Құлыбаев Алтынбекұлы. Ұзақ жылдық таныстығымыз маған оның осы қасиетін мойындатты. Арқалаған жүгі өз уақытына қарай әрқашанда салмақты болғандықтан, басшылық қызметті үлкен, кіші деп ара-жігін ажыратып бөлудің өзі қиын. Дегенмен, мен білетін Асекең қандай бір қиындықтарда да, қуаныштарда да адамгершілік қасиетін жоғалтпай, қайта әрдайым көптің көңілінен шығып жататын іс-әрекеттерімен ел бастауға, ел сенуге лайықты азамат екенін көрсете білді, әлі де көрсетіп келеді.

Асыл қасиет сеңгірі

Кез келген мемлекеттің тарихы Отан алдындағы еңбегі ұзақ уақытқа есте қалатын адамдардың атымен даңқты. Біздің еліміздегі осындай тұлғалардың бірегейі геолог ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Қанекеңнің даналығы – сахара кезіп, өзі бас болып, шексіз де шетсіз даламызда жер астында ғасырлар бойы иесіз жатқан байлықты халқымызға алып берді, сол ісімен ұлы бастамашы бола отырып, білімді де білікті көптеген ізбасар шәкірттер тәрбиеледі. Келер ұрпаққа табандары таймайтындай ғылым жолының қаншама сүрлеулерін салып кетті.
Кейіннен әр саланың: металлургия, мұнай, машина жасау жә­не тағы басқа өндірістердің жаңа өскен мамандары Қанекең жолымен бүгінгі мен ертеңгіні, практика мен ғылымды, дала мүмкіндіктері (ел мүмкіндігі) мен қала мүмкіндіктерін салыстырып, керекті жаңалықтарды аша оты­рып, сонымен қатар, ерекше ұйымдастырушылық қасиеті арқа­сында әрқайсысы өз саласында әйгілі болды. Олардың қайсысы болмасын, Қанекең ағамыздан өнеге алып, адамгершілік пен ұйымдастырушылық қасиетті өте жоғары қойған. Біздің Асекең де сондай жан-жақты, сәулет пен құрылысты өнер ретінде де, өн­дірістік үрдіс ретінде де бүге-шү­гесіне дейін меңгерген, құры­лыстың монтажын да, материалдарын да кәсіби тұрғыда жіктеп бере алатын белгілі тұлға. Ол да Қаныш Сәтбаев ағамыз сияқты, құрылыс алаңдарында (далада) шебер жұмыс істеп, оны басшылық қызметпен (қалада) ұштастыра білген терең білімді маман. 
Сәулет (латын тіліндегі architec­tura гректің architekton деген сөзінен шыққан) грек тілінен аударғанда бас құрылысшы дегенді білдіреді. Өз кездерінде Қазақстанның сәу­леті мен құрылысын бірге дамытып, осы саланың сара жолын салып кеткен алғашқы аға буын сардарлар Төлеу Бәсенов, Мал­бағар Меңдіқұлов, Әукен Жә­кішев, Болат Жармағамбетов, Төлебай Жүнісовтің іргелі істе­рін жалғастырып келе жатқан бүгінгі буынның бас сардары, осы саланың қазіргі патриархы Асқар Құлыбаев. Олай айтуымның өз мәнісі бар. Асекең Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кездері құрылыстың ерекше қарқынмен дамыған кезеңі болды. Жақсы істердің шоқ-шоғымен жасалатын құбылысы, жазылмаған заңдай, көпке белгілі. Қазақстан сәулеті мен құрылысының тарихында, әсіресе, сол кездегі бас қаламыз Алматының даму тарихында лек-легімен дүниеге келіп, көптің көзін қызықтырып, назарын аудартқан ерекше дүниелер өткен ғасырдың 70-80-жылдарында орын алды. Бұл кез Асекеңнің құрылыс ісінде көрнекті маман ретінде көріне бастаған және Алматы қаласын бас­қарып тұрған жылдарымен тұспа-тұс келеді. Қазіргі Достық даңғылының бойындағы сол кезде Одақ бойынша теңдесі жоқ, бірегей ар­хитектуралық келбеті бар, зәулім Қазақстан қонақ үйі, 2, 5, 9, 12 қабатты ансамбльдер кешені, ерекше сән-салтанатты Республика сарайы сияқты ғимараттар – сол жылдардың жемісі. КОКП-ның сол кездегі Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің Алматыға келген бір сапарында қаланың сәулеті оның айрықша қызығушылығын тудырды. Ол партияның бір съезінде Алматының сәулеті туралы жақсы пікірлер айтып, оны Мәскеу мен Вильнюстен кейін алдыңғы қатарда келе жатқан қала деп атады. Сол пәрменмен Мәскеу қаласының біраз басшылары мен сол кездегі қаланың бас сәулетшісі Михаил Посохинді біздің қаламызға аттандырып, олар аталмыш құрылыс нысандарын аралап көріп, тәжірибе ретінде біраз жобаларға қанығып қайтқан еді. Осыдан кейін-ақ сайы­н даланың төсіндегі Алматы қала­сының сәулеттік бедері туралы ақ­парат, тіпті шетелдік журналдарда да жарық көре бастады. Асекеңнің «Қала – біздің ортақ үйіміз, біз бәріміз оның шын мәніндегі қожасы екенімізді сезініп, оған қамқорлық жасауға тиіспіз» деген сөзі қала ғана емес, туған жерге деген жа­нашырлығын анық байқатады. Бұл – өте өнегелі сөз. Әрбіріміз өзіміздің тұрған же­рімізге осылай қарайтын болсақ, көштің басында боларымыз анық. Бәрімізге уақыт та ортақ, қала да ортақ, заман да ортақ – заманның ұяты ұрпақта қалады. Соны аңғарта білген Асекеңді өз заманының иесі деп айта аламын.
Әрине, оңайшылықпен бола қоятын жұмыс жоқ, әсіресе, құ­рылыс ісін басқару, құрылысты мем­лекеттік тұрғыдан басқару – күрделі жұмыс. Құрылыстың өзі түрлі-түрлі салаларды қамтиды, өз ішінен де бірнеше салаға бөлінеді. Бұл оның ерте заманнан келе жатқан ата кәсіп екендігін дәлелдейді. Қол жұмысымен жүзеге асырылып келген құрылысты автоматтандырып, оның жүргізілу үдерістерін техника жетістіктерімен дамыту жұмыстары шамамен 200 жыл бұрын басталған. Оның бір мысалы – аяқпен иленіп, қолмен бастырылатын кірпішті зауытта шығару. Соның нәтижесінде панельдер пайда болды – ағаш панель, темірбетон панель өндіріске енді. Осы тұрғыдан келгенде, құрылысты автоматтандырылды дегенімізбен, одан 100 жыл кейін пайда болса да, жасалу мерзімі бірнеше күнді ғана алатын автомобиль, ұшақ құрылысы сияқты механикаландырылған өндіріске әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Америкалық маманның салыстырмалы зерт­теуіне жүгінсек, Жапонияның үй құрылысы зауыты келтірген деректерге қарағанда, бір үй 30 мыңдай бөлшектен тұрады екен. Автомобильдің бөлшектер саны да осындай. Алайда, бір авто­мобильді екі күнде құрастырып шығуға болса, үй салу бүгінге дейін бұндай мерзімдік жылдамдыққа жете алмай келеді. Мұның бас­ты себебі – үй бөлшектерінің дара­лығында, олардың әлі де жеке-жеке жиналуында. Оларды тұтастандыру келешекте де мүмкін болмас, өйткені алдын ала мінсіз жос­пар бола тұрса да, құрылыста адам факторы, өндірістік факторлар сияқты қиындыққа килігетін жағдайлар болады. Осындай жағ­дайларда оны басқару, жұмысты жүргізу, салып бітіру басшыдан үлкен білімді, қайраткерлікті, ұйымдастырушылықты қажет етеді. 
Уақыт – таразы, ол бәрін безбендеп, адамдарды да, олардың атқарған істерін де орынды орнына қойып береді. Республикамыздың Мемлекеттік құрылыс комитеті өз заманында алдыңғы қатардан табылды. Ол еліміздің сәулет және құрылыс саласын Одақ көлемінде дамытып, одақтас республикалар ішінде үлкен беделге ие болды. Бұндай жетістіктерге жету жолында тер төккен басшылардың қатарында Асқар Құлыбаев та бар. Адал, еңбекқор басшы ретінде осы бағытты жетістіктерге жетелеп, жұмыстарды үйлестіруде көпке үлгі болатын іскерлігін көрсетті. Құ­рылыс саласын дамытумен қатар, оның нормативтік жағынан да қамтамасыз етілуінде Асекеңнің еңбегі зор. Қазіргі қолданылып жүр­гендердің негізі осы кісі бас­қарып, техникалық кеңестерде тал­қылап, қолымен бекіткен құрылыс нормалары. 
Асқар Алтынбекұлының өткір мінезі мен турашылдығынан көп­шілік хабардар. Алайда, өткірмін деп өңмендеп, турамын деп еш­кімді тұралатқан емес. Әр жү­йелі сөзі өз орнын тауып жатады. Кеңестік кезеңдегі біздің са­ла­дағы басшылардың көбі – құ­рылыс алаңдарында жұмыс істеп, қара жұмыстың қайнауынан шынығып келгендер. Олар көбіне жұмыспен қатар тұздығы басым «артық сөз­дің» де мол қорын алып келетін. Иә, сол басшылардың кеңейтілген құрылыс оперативкалары мен жиналыстарында да «нормадан тыс» сөздерді пайдаланып қалатын кездері жиі ұшырасатын. Бұл жағдай бұндай жиналыстарда көбіне әйел адамдардың болмайтыны себепті, тіпті, ушығып кетіп жататын. Құрылыс барысында мерзімдер сақталмау себебінен үлкен даулар шығып жатады. Бұл кейде құрылысшылардың «Ештен  кеш жақсы» деп жайбасарлыққа салынатындықтарынан болып тұратыны да өтірік емес. Сондайда ашуға ерік беріп, көзі шекесіне шы­ғып, Арқаның ақ боранына ұқ­сап түтеп кететін басшылар бо­ла­ды. Жай әңгімеде, әрине, тіл­дің барлық «нормаларын» сақтап сөйлеу көпшілікті таңдай қақтыра қоймас, бірақ қатты ашу кезінде балағатқа бармай-ақ, «мәдени шыбыртқымен» жеріне жеткізе айту көптің қолынан келе бермейді. Олар бурадай бұрқырағанда, жа­нына адам жолай алмайды. Дегенмен, дәл сол басшылардың жолынан өтіп келген Асекеңнің тіл мәдениетінің өткірлігі жоғалмай, ұстамдылықтың биігінде тұ­ратын. Жай мастерден министр­ге дейінгі сара жолды жүріп өткен тәжірибелі басшының әр жиналыстағы сөз саптауындағы кәсібилік пен салмақтықты бай­қауға болатын. Ол кісі әр істі ақыл­ға салып, «бір кісінікі мақұл, екі кісінікі ақыл» дегендей шешіп отыратын. Бүгінгі күнге дейін ол кісінің түрлі жиындарда сөйлеген сөздері қазақ тілінде де, орыс тілінде де шұрайлы кестесімен, нақты ойымен ерекшеленіп келеді. Сонымен қатар, ол шығармашылық адамдарының өз ойларын ашық айтуларына мүмкіндік беріп оты­­рады, өйткені ол жұмыстың қоз­ғаушы күші болып табылатын осындай ойы ұшқыр, қиялы жүйрік мамандардың еңбегін жақсы ба­ғалайды.
Ол кісінің үлкен бір қасиет­терінің бірі – күнәһар мен кінәліні айыра білетіндігі. «Мінсіз адам жоқ, мінсіз заман жоқ» деп хал­қымыз айтатындай, адамның шалыс басқан әр қадамынан мін тауып, кінәлілікті күнәһарлыққа дейін биіктететін басшылардың болатыны рас. Оның соңы адам­ның артына шам алып түсуге ұласады. Күнәһар мен кінәліні айыра білгендер өмірдің тазалығында жүреді, басшылыққа иелік ететін қасиеті болады. Жұрт айтатын бұл қасиетті Асекеңнің бойынан мен де көрдім. Оның ке­шірімшілділігіне, алдының кең­дігіне мен де куә болдым. 
Біздің кеңсемізден министрлік бірнеше бөлмені жалға алып, қызметкерлерін отырғызған болатын. Дағдарыспен тұспа-тұс келген бір жылдары сол жұмыс жайларын жалға алушылар төлем жүргізбей қойды. Біздің тарапымыздан жасалған шағымдардан да, Министрлер Кеңесінің сол жай­ларды босату талаптарынан да ешқандай нәтиже болмады. Басқа амал болмағасын, мен электр энергиясын өшіріп, телефон байланысын үзіп, тіпті, олардың қызметкерлерін төлемақы төлемей жұмыс орындарына жібермеу туралы нұсқау бердім. Әрине, мұның бәрі сол бір уақыттарда «қызмет қызуымен» менің тарапымнан жасалған, ешбір заңға сәйкес келмейтін асығыстау шешім еді.
Ертеңіне коллегия болатын­дығы, онда менің тәртібім қарала­тыны жөнінде телефонограмма келді. Сабама түскеннен кейін айып өзімнен екенін түсініп, басшының қандай шешімі болса да дайын болдым. Талай жыл Одақ бойынша алдыңғы сапта жүрген бас жобалау институтының басшысын ертең «сыбағасын» беріп орнынан алады екен деген сыпсың сыбысты алып-қашпа сөз жүгіртетін «мамандар» жан-жаққа жеткізіп жатты. 
Асекең менің іс төркінімнің дұрыс екендігі, күнәкарлығым жоқ, кінәм барын тап басып, өз өресінің кеңдігін осы жолы да көрсете білді. Ол кісінің сол бір асқақ тұлғасы менің өмір жолымдағы үлкен бір қателігімнен лайықты шығуыма септігін тигізді. Бәріне төреші уақыт оны әлі күнге дейін сол білгірлік, адамгершілік биігінен түсірген емес.
Асекең қай жерге барса да жұмысын адал атқарып, айнала­сындағы адамдармен сыйластықтан ажырамайды. Қайта жүрген жерінде жаңа іні-достар, замандас-достар тауып, өрісін кеңейтіп отырады. Сондықтан болуы керек, ол қалаға да, облысқа да, құрылыс саласына да аз уақыттың ішінде белгілі де, бәйгелі де басшы бола білді. Қай жұмысқа да бел шеше кірісіп, өз басшылығын ел есінде қалардай етіп атқарды. Кейбір басшылар болады, жайлы жиналыстарға барады да, жайсыздарынан басын алып қашады. Ал Асекең күрмеуі қиын қаншама мәселелердің бел ортасында жүрді. Өзінің парасаттылығы мен іскерлігін жұмсап, талай шешім­дердің ұйытқысы болды. Құрылыс алаңдарындағы сәу­летші-құрылысшылардың да, оқу орындарындағы студенттердің де ортасынан табылып, әрдайым мәсе­ленің нақты мән-жайына қанығып қана қоймай, соларды шешу жолдарына ақыл қосып отырады.
Асекеңнің бүкіл еңбек жолы, әріптестермен, ағайын-туғанда­рымен және дос-жаранымен қа­рым-қатынасы ойға алған мақ­сат­тарына жету үшін қажет қасиет­тер­ді іздеген адамдарға үлкен өнеге. Еліне еңбегі сіңген азамат үкімет тарапынан, тіпті әлемдік дәрежеде бағаланып, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығы мен ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты атағын алды. Техниканың да, ғылымның да биігіне шықты: ғылым жолында ізденістер жасап, доктор болды, қазір Ұлттық инженерлік академиясы мен Халықаралық инженерлік академияның акаде­мигі. Оны жақсы танитын ортасы қатты сыйлайды. Біраз жыл өзі басқарған өңірлер, атап айтқанда, Алматы қаласы, Алматы облысы мен Атырау облыстары, Іле ауданы Асекеңді құрметті азаматы ретінде ардақтайды.
Жақында мен ғалым, журналист Сауытбек Абдрахмановтың Ғабеңнің 70 жасқа толған мерейтойынан алған әсері туралы оқыдым. Сонда ол кісі сол кездегі жетпіс пен қазіргі жетпісті салыстыра ке­ліп, қазіргі жетпіс жасқа келген кісілердің орта жастағылардай көрінетінін жазыпты. Шынымен, біз де жас кезімізде алпыс-жетпіс жасты кәрі көретін едік. Тіпті, Гру­­зия, Кавказ халықтарының                      100 жас­қа жеткен қарттарын теле­ди­дардан көрсетіп жатқанда, «Осын­дай да жас бола ма?!» дегендей, таңданушы едік. Қазір елімізде өмір сүру жағдайы жақсара түсуде әрі медицинаның жетістігі артып келеді, сол себептен болар, 90-100 жас дегеніңіз біздің жас кезіміздегі 60-70 жастай көрінетін болды. Ғасырдан аса өмір жасап жатқан қарияларымыздың көбейе түскені көңіл қуантады. Жас кезінде жігері мұқалмаған, қайта ақылымен толысып, кемелдене түскен Асекеңнің де заты асыл екені оның тұла бойынан көрініп тұрады. Қазір сексеннің сеңгіріне аяқ басса да, жүрген жүрісі найзадай тіп-тік, жанары отты. Асылдығы кемімей, орта жас­тан үлкен жасқа жарасымды өтетініне сенімдімін. 
Елі ұмытпайтын ерлер болады, Алашы ардақтаған азаматтар болады. Солардың бірі – халқымыздың тұғырлы тұлғасы Асекең биыл сексен деген кемел жасқа толып отыр. Ел үшін туған азамат, нар тұлға Асекеңнің еңбегіне жеміс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. 

Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ,
академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 
Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі
АЛМАТЫ