Спорт • 23 Маусым, 2017

Жарыстар күнделігі (23.06.2017)

155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі (23.06.2017)

Велоспорт
«Astana Pro Team» клубының велошабондозы Жандос Бижігітов  велоспорттан Алматыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының жекелей сынында чемпион атанды. 50 ша­қы­рым қашықтықты ол бір сағат, бір минут 59 секундта жүріп өткен. Бұл Жандос Бижігітовтің Қазақ­стан біріншілігіндегі алғашқы жеңісі.
Сонымен қатар, Жандос Бижі­гітовтен 11 және 34 секунд кейін келген Никита Стальнов пен Артем Захаров чемпионаттың күміс және қола медалін иеленді. 

Қазақ күресі
2 шілде күні Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде Қазақстан Президенті жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы-2017» финалында көрермендер арасында биыл да көлік ойнатылмақ.  
Бұл турнирде жарысқа қаты­сатын балуандар ғана емес, көрер­мендер мен жанкүйерлер де сыйлықсыз қалмайды. «Қазақстан барысының» финалдық бәсекесінде кіру билеттері бойынша «Renault Logan» маркалы автокөлік ойнатылады. Билеттер бағасы 500 теңге мен 5 мың теңге аралығында.  

Бокс 
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласын­дағы Головкин-Альварес жекпе-жегі Қазақстан уақыты бойынша 17 қыркүйекте өтеді. Golden Boy промоутерлік компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя Геннадий Головкин – Сауль Альварес жекпе-жегінің басталу уақытын атады. 
Оның айтуынша, кештің негізгі кездесуі АҚШ уақытымен кешкі сағат 23:00-ден кешікпей басталады. Ал қазақстандық көрермендер бұл жекпе-жекті 17 қыркүйек, яғни, жексенбі күні таңғы сағат 09:00-ден бастап көре алады. 
Әзірлеген 
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»