23 Маусым, 2017

Елбасы шетелдегі қазақтарды қолдау үшін "Отандастар" қорын құруды тапсырды

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше маңызды мәселелерге тоқталды.

Елбасы шетелдегі қазақтарды қолдау үшін "Отандастар" қорын құруды тапсырды

Елбасы өз сөзінде латын әліпбиіне көшу туралы айтты. Президенттің атуынша, латын әліпбиіне көшу - ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам.

"ТМД елдері кириллица, қытайдағы қандастарымыз - төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сонда, сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда тіліміз үш түрлі. Бір-бірімізді түсіне алмаймыз. Жазуын ұқпаймыз. Бұл бір жағынан, жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алыстатады. Екінші жағынан, ғылым мен техникаға, интернетке латын әрпі керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшу әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды рухани жақындастыра түсетінін атап өтіп, өзінің Жолдауында 2025 жылға дейін бұл мәселег меже қоюын тапсырғанын айтты. 

"Бірақ оны соза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің ғалымдарымыз тиісті әріптің бізге керек үлгілерін түрік және басқа латын әрпіне көшкен Әзербайжан, Өзбекстан үлгілеріне қарап отырып, кемшіліктерін ескере отырып, бізге керекті әліппені таңдап алуы керек. Меніңше, қиындығы жоқ. Себебі, 1 сыныптан бастап барлық балаларымыз ағылшын тілінде оқиды. Барлық мектептерде ағылшын тілі оқытылады. Оларда латын әрпі қолданылады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа оның ешқандай қиындығы жоқ. Бізге де онша қиыншылығы жоқ деп ойлаймын. Кейбір ағайындардың біздің шығармаларымыз не болады деп қынжылатыны бар. Қазіргі интернет заманында ешқандай проблема жоқ", - деді Елбасы.

Өз сөзінде Президент шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін Отандастар қоры құрылатынын айтты. 

«Қандастарға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Мен оны Үкіметке тапсыратын боламын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Президент "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарлама аясында гуманитарлық бағыттағы ең үздік 100  оқулық қазақ тілінде шығарылатындығын, бұл қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтары үшін маңызды жоба екендігін атап өтті.

"Рухани құндылықтарды, гуманитарлық білімдерді, оқулықтарды, шет тілдерінен, ағылшыннан орысшаға, орыс тілінен қазақшаға аударғанша 10-15 жыл өтеді.  Сондықтан біз ең керекті 100 оқулықты шығару мәселесін алдымызға қойып отырмыз. Енді қандастарымыз қай елде тұрғанына қарамастан дүниедегі ең таңдаулы біліммен ана тілінде сусындайтын болады деп есептейміз", - дей келе Елбасы құрылтайға қатысушылардың барлығын бұл жобаға белсене қатысуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, дәл қазір Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы өтуде. Оған 750-ден астам делегат келді. Оның ішінде әлемнің 39 елінен 350 делегат қатысуда.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Ерлан Омаров,

"Егемен Қазақстан"