Қазақстан • 23 Маусым, 2017

Елбасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы болып қайта сайланды

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада басталған Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы болып қайта сайланды. Құрылтай делегаттары бірауыздан Елбасының төрағалығын құптады. Талғат Мамашев Төрағаның бірінші орынбасары қызметінен босатылды.

Елбасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы болып қайта сайланды

Мемлекет басшысы ұсынысымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбек сайланды.

«Енді біз Төрағаның бірінші орынбасарын сайлауымыз керек. Жанымда отырған Талғат Мамашев 2004 жылдан бастап атқарып келеді. Біраз жұмыс істелді. Талғат Асылұлының жемісті жұмысы үшін ризашылығымды білдіріп, рахмет айтамын. Сырттағы отандастарымызбен рухани-мәдени байланыстар нығая түсті. Мен енді осы орынға Зауытбек Тұрысбековті ұсынғым келеді. Тәуелсіздік жылдар ішінде менің тапсырмаммен талай жауапты қызметтер атқарды. Ысылған, тәжірибелі. Жалпы сырттағы ағайынның өмір сүруі мен жүріс-тұрысымен жете таныс Ең негізгісі - қандастарымыз ең көп тұратын Ресей мен Өзбекстанда Елші болды. Олардың жағдайын жақсы біледі», – деген Президент көпшілік дауысқа салды. Құрылтай делегаттары Зауытбек Тұрысбековтің кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс берді.

«Үлкен сенімге көп рахмет. Бұл қызмет әр қазаққа бөлек дүние. Мен көп сөйлемеймін, іс білемін. Ертеңгі күні барынша іспен дәлелдеймін»,– деді Төрағаның жаңа бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбек.

Естеріңізге сала кетсек, 2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен Қауымдастық Төралқа төрағасының бірінші орынбасары міндеті Т.А.Мамашевқа жүктелген болатын.

Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков 1951 жылы 15 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қазақ химия-технологиялық институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

1993-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, 1997 жылғы желтоқсаннан - ҚР Көші-қон және демография агенттігінің төрағасы, 1999 жылғы қаңтардан - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, 2000 жылдан - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, 2003 жылдан - ҚР ішкі істер министрі. 2005 жылдан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, 2007 жылдан - ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2009 жылғы тамыздан - ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі, 2012 жылғы сәуірден ҚР-ның Украинадағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Молдова Респбуликасындағы төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болды.

Ая Өміртай,

«Егемен Қазақстан»