Аймақтар • 23 Маусым, 2017

Шығыс Қазақстан полицейлеріне 101 автобус пен 140 автокөлік беріледі

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Қазақстан полициясы күніне орай Өскеменде салтанатты жиын өтті.

Шығыс Қазақстан полицейлеріне 101 автобус пен 140 автокөлік беріледі

Осынау ширек ғасыр мұғдарында Шығыс Қазақстанның тәртіп сақшылары іздеуде жүрген 13 мыңнан астам қылмыскерді құрықтап, із-түссіз кеткен 20 мыңға жуық адамның қайда жүргенін анықтапты. Өңірдің ішкі істер органдарының 38 қызметкері қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан. Тоғыз полицей бейбіт күнде батырлықтың ерен үлгісін көрсетіп, оның 5-еуі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Аймақтың тергеушілері соңғы төрт жылда еліміз бойынша бірінші орында келеді екен. Риддер қаласының ішкі істер бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Асхат Ахметов «2016 жылдың ең үздік тергеушісі» деп танылыпты.

Елбасының Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында 2015 жылы жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Өңірдің құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 2016 жылы 5, биыл 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.

«Тәртіп сақшыларын заманауи техникалармен, қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Өткен жылы жергілікті полицияға 107 автокөлік пен 5 автобус берілді, биыл 101 автобус пен 140 автокөлік беруді жоспарлап отырмыз. Осының нәтижесінде ішкі істер қызметкерлерінің жұмыс тиімділігі артты. Бұған биыл аймақтағы қоғамдық орындардағы қылмыс санының 18, көшедегі қылмыс санының 12, кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алатын қылмыс санының 10, отбасылық қарым-қатынастағы қылмыстың 48 пайызға және жол көлік оқиғасының 14 пайызға төмендеуі дәлел», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Өңір басшысы аймақтың полицейлерін төл мерекелерімен құттықтағаннан кейін бірнеше тәртіп сақшысын Шығыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. 

Азамат Қасым,
«Егемен Қазақстан»
Фото: Есімхан Орынбаев.