Қазақстан • 23 Маусым, 2017

"Самұрық-Қазына" қызметі Сантьяго принципіне сай

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

XIV Еуразиялық Медиа форум аясында «Самұрық-Қазына» АҚ «Әлемнің жетекші қорларының көрсеткіштеріне сай «Самұрық-Қазына» тиімділікті көтеру бойынша қызметі» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Оған спикер ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтер қоржынын басқару жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал, Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Ғани Битенов және Халықаралық тәуелсіз қорлар форумының (IFSWF) стратегия және коммуникациялар жөніндегі директоры Виктория Барбари қатысты.

"Самұрық-Қазына" қызметі Сантьяго принципіне сай

Бирфинг барысында Балжит Гревал «Самұрық-Қазына» АҚ үш негізгі мақсатына (қоржындық компаниялардың құнын арттыру, ел экономикасын жаңғырту және тұрақты даму) жету жолында Қорда қолға алынған алты стратегиялық бастама туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда Sovereign Wealth Fund Institute есебі бойынша құны 67,4 млрд АҚШ долларына жететін активтерді иеленуші «Самұрық-Қазына» АҚ әлемдік деңгейдегі қорға айналуға ұмтылуда. Десек те, бұл ұйым әлемнің 30 ірі тәуелсіз қорының қатарына кіреді. Тиімділіктің тағы бір маңызды көрсеткіші – ROE жүйесі болып отыр. Сондықтан да біз қазір капиталға қайтарым бойынша ірі әлемдік қорлардан ілгеріміз және ары қарай да қаржылық көрсеткіштерімізді жақсарта түсуге мүдделіміз», деді Б.Гревал.

«Самұрық-Қазына» АҚ 2014 жылдан бері Халықаралық тәуелсіз қорлар форумының (IFSWF) мүшесі болып табылады. IFSWF мүшелері құқықтық және институционалдық қызмет аясын, сондай-ақ инвестициялар мен тәуекелдерді басқару құрылымын анықтайтын 24 принципті (Сантьяго принциптері) негізге алады. Сантьяго ұстанымдарын орындау арқылы халықаралық қаржылық нарықтарға тәуелсіз әл-ауқат қорларындағы жұмыстың дұрыс атқарылып жатқанын, ал инвестициялардың орынды экономикалық және қаржылық шарттарға сәйкес жүзеге асырылғанын көрсету көзделген.

«Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» қорының қызметі Сантьяго принциптерінің көбіне сай келеді. Әсіресе, жариялықты қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда биылғы  жылдың бірінші тоқсанында біздің компания тәуелсіз әл-ауқат қорларының ішінде Linaburg-Maduell Transparency Index жариялық рейтингінде ең жоғарғы 10 ұпайды иеленді. Беделді рейтинг көрсеткіштерінің осындай дерегіне сүйене отырып, қаржылық институттар мен тәуелсіз қорлардың өзге стейкхолдерлері (мүдделі тұлғалары) нарық үшін қаншалықты ашық әрі жариялы екеніне көз жеткізеді», деді Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Ғ.Битенов.

Ал IFSWF стратегия және коммуникациялар жөніндегі директоры Виктория Барбари болса, алдағы Тәуелсіз қорлар форумының отырысы жайында айтып берді.

«Форум отырыстарын жыл сайын өткізудің мақсаты – ең өзекті мәселелерді талқылап, мақсат-міндеттерді шешудің қолданбалы тәсілдері іздестіру. Шара аясында ұйым мүшелері ғана қатысатын жабық кездесулер мен қонақтар және БАҚ өкілдері шақырылатын ашық панельдік сессиялар өтеді. Қазақстандық тілшілер үшін әлемнің тәуелсіз әл-ауқат қорларының басшыларына өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік бар», деді ол.

Айта кетейік, жоғарыда атап өткен Халықаралық тәуелсіз әл-ауқат қорларының форумы – жалпы құны 3,5 трлн АҚШ долларын активтерін басқаратын 31 елдің 32 қоры енетін ұйым. Ал «Самұрық-Қазына» АҚ биылғы жылдың 5-7 қыркүйек аралығында ұйымның жыл сайынғы отырысын Астанада ұйымдастырады деп жоспарлануда. Қазақстан елордасында тәуелсіз қорлардың басшылары тұрақсыз әлем нарықтарында активтерді үйлестіру және тәуекелдерді басқару мәселелерін, тәуелсіз қорлар үшін ғаламдық инвестициялардың бес жылдық жоспары және сандық экономиканың басты көріністерін талқылайды. Сонымен қатар қонақтар назарына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылады деп күтілуде.

Нұрлыбек Досыбай,

«Егемен Қазақстан»