Түс ауа «Азия «экономикалық кереметінің» құпиясы. Дағдарыс кезіндегі тұрақтылық және әлемдік нарықта көшбасшылыққа жету жолдары» тақырыбымен жалғасын тапқан алқалы кеңестің аралық үзілісінде кітапты авторлық қолтаңбамен сыйға тарту шарасы ұйымдастырылды.
Әлемдік саясат сахнасының сан құбылуы мен мегақалалардың даму процесі және адамзат баласының өркениетке құлаш ұру қарқынын құлшына зерттеп, зерделеп жүрген үнді азаматы сиясы кеппеген су жаңа кітабының тұсаукесер рәсімін жас қала болса да, атағы алысқа кеткен Астана шаһарында жасауды жөн санапты.
«Бұл кітаптың осы жылғы Еуразиялық медиа форум қарсаңында жарыққа шығуы өзіндік үйлесімін тапқан игі істердің бірі болды. Оның үстіне Астана қаласы Еуразия кеңістігінде өте жас қала болғанымен, оның даму деңгейі әлем жұртшылығының таңданысын тудыруда. Мәселен, Қазақстан Президентінің сыртқы саясаттағы қарышты қадамдары мен мемлекеттің халықаралық шеңбердегі шараларға белсенді қатысып, абырой-беделінің асқақтауы және жержаһанды жаңашылдыққа бастайтын ЭКСПО-2017 көрмесінің осы қалада өтуі – Астананың жарқын болашағының кепіліндей болып көрінеді. Сонымен қатар, осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған керемет басқосу аясында өз кітабымның оқырманға жол тартып отырғанына бек қуаныштымын», дейді кітап авторы.
Шара аясында форум қатысушылары мегақалалардың әлемдік саясат сахнасына әсері және заманауи ағымға сай дамуға жетелейтін аталмыш кітапты зор қызығушылықпен қабыл алып жатты. Өйткені, ағылшын тілінде Ұлыбританияда басылып шыққан бұл әдістемелік құрал қалалар арқылы әлемнің осы күнгі бағыт-бағдарын бағамдайды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»