Аймақтар • 24 Маусым, 2017

Ақтөбе облысы Достық ауылында тегін балабақша ашылмақ

383 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласындағы «Аслан-Али» ЖШС жетекшілері Мәртөк ауданындағы Аққұдық ауылдық округіне қарасты Достық ауылынан тегін балабақша ашу жөнінде ұйғарым жасады.

Ақтөбе облысы Достық ауылында тегін балабақша ашылмақ

Бұл үшін олар қазіргі күні балабақша ғимараты ретінде жалға алынған даңғарадай бес бөлмелі үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап келеді.

Балабақша пайдалануға берілген кезде оған осы ауылдың адамдары қызметке тартылмақ. Ғимарат бала санына тарлық еткен жағдайда қосымша алаң қосуға мүмкіндіктер бар дейді серіктестік менеджері Саят Оңайбаев. Ал балабақша меңгерушісі болып белгіленген Әлия Битуринаның айтуынша, Достық ауылында 40-қа жуық мектеп жасына дейінгі бала бар. Тіпті, күнделікті тірлігін қолындағы азын-аулақ малмен айырып отырған кейбір қарапайым отбасы иелері балабақшаға 2-3 баласын қатар беруіне тура келмек. Оларға оның ақысын төлеу де жеңілге түсе қоймайды. Осындай жағдайда олар ақысыз балабақша ашу жөнінде шешім қабылдаған ақтөбелік кәсіпкерге айтар алғыстары шексіз.

Темір Құсайын,

"Егемен Қазақстан"