Білім • 24 Маусым, 2017

Астанада халықаралық білім көрмесі өтті

455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «International Education Fair» атты халықаралық білім көрмесін өткізді.

Астанада халықаралық білім көрмесі өтті

Көрменің салтанатты ашылуына Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Еуропа Одағы мен Орталық Азия елдерінің білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ж.Мелдешов қатысты. Көрме аясында қос диплом бағдарламалары бойынша дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Онда шетелдік білім беру ұйымдары өздерінің стипендиялық және тағылымда бағдарламаларының шарттарымен таныстырды.

«International Education Fair» көрме аясында шетелдік және қазақстандық университеттер арасында меморондумға қол қою рәсімі және білім беру агенттіктерінің кездесулері өтті. Ауқымды шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының әлемдік білім кеңістігіне бірігу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарды шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға тарту. Айтулы шараға отандық және шетелдік 200-ге тарта жоғары оқу орындары қатысты.

- «Қазақстан Орталық Азиядағы ірі білім беру орталықтардың біріне айналып отыр. «Болашақ» бағдарламасы ашылған 1993 жылдан бері 9600 маман бітіріп келді. Бүгінде 70 мыңға жуық студент шетелде оқиды. Халықаралық білім көрмесінің ашылуы дүниежүзіне танымал Франция, Германия сияқты мемлекеттерде тегін білім алуға мүмкіндік бар. Көрмеге 90 - шетелдік, 50 - қазақстандық университет, және 60-қа жуық агенттіктер қатысып отыр. Біздің есептеуімізше мұнда 200 мыңға жуық грант бар», дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ж.Мелдешов.

- Біздің орталық Филадельфия қаласының Пенсильвания штатында. Біз Болашақ бағдарламасымен жұмыс жасаймыз. Жылына бізге онға жуық студент келеді. Қазақстандық студенттер белсенді, тіл білуге деген талпынысы жоғары. Өкінішке орай тіл мектептерінде грант жоқ, алайда университетерде бакалавр, магистр, докторантурада жеңілдіктер, гранттар бар», - дейді Эксетер университетінің халықаралық қатынастар бөлімінің менеджері Сара Годдард.

- Венгрияға оқуға тапсыру мен үшін аса қиындық тудырмады. Мұнда екі этаптан өтесіз, бірі құжат тапсыру, екіншісі - интерьвю алады. Тек ағылшын тілін жетік білсең болғаны. Білім беру деңгейі өте жоғары, білікті профессорлардан дәріс аламыз. Докторантураны 4 жыл оқимыз. 2 жыл курс, практикалық сабақтар, 2 жыл тек зерттеумен айналысамыз. Мен грантта оқимын, 430 евро стипендия аламын, ал студенттер 130 евро көлемінде шәкіртақыға ие. Ал оқу ақысы 1000-5000 евро аралығында», дейді Венгриядағы ELTE университетінің педагогикалық және психология факультетінің докторанты Гүлсәуле Қайрат.

Айта кетейік, Астанада 23-24 маусымда «Қазақстан концерт залында» өтсе, 26-27 маусымда Алматы қаласында Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті кітапханасында өтеді. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «International Education Fair» халықаралық білім көрмесін осымен төртінші рет өткізуде.

Айман МҰҚЫШЕВА