Аймақтар • 24 Маусым, 2017

Таразда Ақтөбе облысы күндері өтті

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңіраралық кооперацияларды дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлері бір-бірімен әріптестік қарым-қатынасты арттырып, түрлі салаларда тәжірибе алмасып келеді. Осы орайда, Тараз қаласында Ақтөбе облысының күндері өтіп, өңіраралық ынтымақтастық нығая түсті

Таразда Ақтөбе облысы күндері өтті

Ақтөбеліктер әуелі өңір ерекшелігі болып саналатын Қарахан, Айша бибі кесенелеріне барып, шаһардағы бірқатар білім, медицина нысандарында да болды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация құрамы екі күн бойы Әулиеата жұртшылығына өңір жетістіктері мен ерекшеліктерін таныстырды. Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ұлы даланың ұлағатты үні тұнған тарихи Тараз шаһарының және жалпы Жамбыл өңірінің бүгінгі даму тарихын әңгімеледі.

Өз кезегінде екі облыс басшылары арнайы жиналыс өткізіп, өзара ынтымақтастық пен өңіраралық байланысты кеңейтудің жолдарын қарастырды. Атап айтсақ, жиын барысында екі өңірдің кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт секілді бес бағыт бойынша тәжірибе алмасу жайы сөз болды.

Ақтөбе күндерінің аясында Тараз тұрғындары мен қонақтары орталық стадионға келіп, Ақтөбе мен Тараз спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасындағы футболдан жолдастық кездесуді тамашалады. Сондай-ақ, ақтөбелік сахна майталмандары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Есігімді қаққан кім?» спектаклін сахналап, көрермен көзайымына ие болды. Қоғамдағы өткір мәселелерді қозғаған қойылым көпшіліктің көкейіне ой салды. Ал Ақтөбе облысы балаларының техникалық шығармашылықтағы жетістіктерінің көрмесі өтіп, робот техникасының жетістіктері және тағы да басқа жобалар ұсынылды. Бұдан кейін Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында Ақтөбе қаласы мен 12 аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ақтөбеліктер жамбылдықтарға ет, шұжық және консерві өнімдерін, балық, сүт, өсімдік майы, бал және өзге де азық-түлік өнімдерін базар бағасынан 8-15 пайыз арзан бағаға ұсынды. Жәрмеңкеден кейін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл атындағы «Руханият» орталығына арнайы келіп, нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Орталық көрмелерін аралап, Әулиеата өңірінен шыққан Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Күләш Ахметова сынды ұлттық зиялылардың өнегелі өмір жолына тоқталды. Ал Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев «Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы біздің зиялы қауыммен кездесіп, рухани шаруаларды ақылдасатын орнымыз. Бұл жерде талай-талай танымал тұлғаларымыз қонақта болған. Сондықтан мұның бәрі әсіресе жастарымыз үшін пайдалы деп ойлаймын» деді.

Сондай-ақ, ақтөбелік делегация «Қазақ хандығына 550 жыл» монументіне және «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде болып, өңірдің сәулет өнерін тамашалады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы