Турнирді сенатор Дархан Кәлетаев құттықтау сөзбен ашты.
«Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күні қарсаңында еліміздің жеткен жетістіктерін, Парламент жұмысын, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды халыққа жеткізудегі Сіздердің еңбектеріңіз ерекше екенін ризашылықпен атап өткім келеді» - деді сенатор. - Үстел тенисінен журналистер арасына өткен жарыс тартысты әрі қызықты шара болды. «Спорт» – ағылшын тілінен аударғанда «ойын, көңіл көтеру» дегенді білдіреді. Ой еңбегінің майталмандарына бүгін өз шеберліктерін танытуға әрі мерекеде көңіл сергітуге мүмкіндік туды, - деді сенатор.
Сенат депутаты журналистика – ой еңбегі, ал спорт – сергектік пен денсаулық кепілі екенін айта келіп, оның адамдарды бірлесе қимылдауға, жеңіске ұмтылуға, ауызбіршілікке баулитын шара екенін айтты. «Бұл жағынан бәрі бірлесе қимылдап, халыққа жедел әрі сапалы ақпарат беретін редакция жұмысына ұқсайды. Екеуі де қажырлылық пен табандылықты қажет етеді. Екеуі де жеңіске ұмтылады», - деді ол.
- Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылып отырған спорттық шараның жеңімпаздарын құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, - деді сенатор. Халықаралық «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің фототілшісі Дәурен Ыбырайымов Парламент Сенаты турнирінің жеңімпазы әрі кубогының иесі атанды. Журналистика ардагері, публицист Қайнар Олжай екінші орын, Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы үшінші орын алды.