Қазақстан • 26 Маусым, 2017

Ашық әңгіме, шынайы пікірталас алаңы

407 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

22-24 маусым күндері елор­дадағы ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің Конгресс-холл орталығында ХІV Еуразиялық медиа-форум өтті. Бұдан бұрын хабар­лағанымыздай, форумның жұмы­сына қатысу үшін 60-тан астам елден белгілі саясаткерлер, сарап­шылар, экономистер мен жур­налистер келді. Олардың ара­сында Түркияның 11-ші пре­зиденті Абдолла Гүл, Еуропалық Комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Боррозу, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі, сол елдің бұрынғы энергетика министрі Билл Ричардсон және т.б. танымал қайраткерлер бар.

Ашық әңгіме, шынайы пікірталас алаңы

Форумның ресми ашылуы сәтінде бірінші кезекте жиынның жүргізушісі ретінде Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) өкілі, «RizKhan Productions» ком­па­ниясының басшысы Риз Хан сөз сөйледі. Ол қатысушыларды форумның басталуы­мен құттықтап, осынау алқалы жиынды ұйымдастырып отырған Қазақстан тарапына алғысын білдірді. Содан кейін Президент Н.Назарбаевтың құттықтау сөзін жеткізу үшін сөз кезегі Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға берілді.
Мемлекеттік хатшы форумға қатысушыларға Қазақстан Президентінің «Еуразиялық медиа-форум он бес жылдық қызметі барысында журналистер қауымдастығының өзекті мәселелері ғана емес, кең ауқымды жаһандық проблемалар да талқыланатын басқосу алаңына айналып, лайықты беделге ие болды», деп атап өткен құттықтау сөзін жеткізді. Президенттің сөзінде бүгінгі әлемнің жаңа ақпараттық орта қалыптастыру кезеңіне көшкені, алдағы әлеуметтік және технологиялық өзгерістерге дайындық орнықты дамудың айқындаушы факторы болып отырғаны айтылған. Сонымен қатар, құттықтау сөзде форум аясында «жасыл экономика» мәселесі да сөз болатыны, бұл Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбымен үндесетіні атап көрсетілген. 
Бұдан кейін ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің басқарма төрағасы Ахметжан Есімов сөз сөйледі. Өзінің сөзінде ол форумның ЭКСПО көрмесінің күндерінде өткізіліп отырғанына назар аудара келіп, барлық қонақтарға үнқатысу алаңында жақсы жұмыс істеп, оралымды ой-пікірлерін ортаға салуларына тілектестігін білдірді. 
Осыдан соң сөз Еуразиялық медиа-форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваға берілді. Қонақтарға жылы сәлем жолдаған ол биылғы форумның күндері арнайы түрде ЭКСПО-2017-ге сәйкестендіріліп, өзгертілгенін айтты. Ондағы мақсатымыз сіздерге болашақтың энергиясы саласындағы қызықты жетістіктермен танысуға мүмкіндік беру болатын. Біздің ел үшін мұндай шараны өткізу мақтаныш қана емес, ұлттық экономикамыздың барлық саласының дамуына катализатор табу мақсатынан туды. Сіздердің біздің қуанышымызды бөлісуге келгендеріңізге разымыз. Жақсы достармен жарқын көңілде қауышу – қуанышты еселей түсетіні сөзсіз, дей келіп, шешен жиынға келгендердің арасындағы әлемге танымал адамдарды атап өтті. Оларға шақыруды қабыл алғандары үшін алғысын білдірді. 
Одан әрі шешен осы Еуразиялық медиа-форумды ұйымдастыруға және өткізуге көмектескен барлық адамдарға, ірі компаниялар мен банктердің басшыларына ризашылығын жеткізді. Соның ішінде ЭКСПО әкімшілігіне, оның басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің жеке өзіне алғыс білдірді. 
Д.Назарбаева осы форумның талқылануына ұсынылып отырған тақырыптардың маңыздылығы туралы да айтты. Біз әрбір медиа-форумға әлемдегі ең өзекті деген проблемаларды шығарып, талқылап келеміз, өкінішке қарай, ондайлардың саны көбеймесе 
азаяр емес, деді ол. 
Сөзінің соңында ол ХІV Еуразиялық медиа-форумды ашық деп жариялады. Жиналғандарға Қазақстанда болған барлық медиа-форумдардың тарихынан дайындалған деректі фильм көрсетілген соң пікірсайыстар басталды. 
Алғашқы талқылаудың тақырыбын жүргізуші Риз Хан «Ғаламдық жаңа тәртіп: көпірлер салған жөн бе әлде қабырғалар тұрғызған дұрыс па?» деп жариялап, отырыстың модераторы, Ұлыбританияның халықаралық теле­жүргізушісі Ник Гоуингті ортаға ша­қырды. Ал ол ортаға шыққан соң та­қы­рыптың спикерлері болып белгіленген Жозе Мануэль Баррозуды, Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүлді, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Билл Ричардсон мен Израиль премьер-министрі әкімшілігінің бұрынғы басшысы Гилад Шерді төрге шақырды. 
Алғашқы сөз берілген Жозе Мануэль Баррозу Таяу Шығыстағы бүгінгі жағ­дайларға тоқталды. Бүгінгі таңда бұл өңір­дегі проблемалар тіпті күрделене түсті десе, оның сөзін жалғастырған Билл Ричардсон көшбасшылардың попу­листік әдеттерге әуес болып, өз елінің де, ғаламдық та мәселелерді шешуге мүмкіндігі болмай отырғанын айтты. Соның ішінде АҚШ президенті Д.Трамп­тың өзі үлкен лауазымға Латын Аме­рикасы, Мұсылман әлемі елдері­не қарсы көтерген популистік ұран­дарының арқасында сайланып, қазір сол уәделерінен шыға алмай, өз сөздерінің тұтқыны болып отырған жайы бар екенін жеткізді. 
Ал Абдолла Гүл өзінің сөзінде ІТ технологиялар әлем елдері арасындағы кедергілерді алып тастап, бүкіл ғаламды біріктіріп отыр. Бірақ елдердің басшылары арасында көршілерімен тату қарым-қатынас орнатудың орнына, популистік, протекционистік көзқарас орнап, осындайлардың кесірінен қарыштай дамып келе жатқан прогресс тежелуде, деді. Израиль өкілі Гилад Шер көш­бас­шылық мәселесінде, тіпті, тереңге кетіп, бүгінгі таңда әлемде нағыз лидер болатын тұлғалар тапшы екенін айтты.  
Осындай қысқаша алғысөздерден кейін спикерлер жиналғандардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Еуразиялық медиа-форум аясында өткен тағы бір жиын «Болашақтың энергиясы»: жасыл экономиканың қуаты» тақырыбында өрбіді. Онда әлем елдерінің қызығушылығын туғызған «Жасыл экономика» тұжырымдамасы жан-жақты талқыланып, баламалы энергия көздерін дамытудың жолдары қарастырылды. Жиынды ресейлік РБК-ТВ телеарнасының журналисі Андрей Левченко жүргізсе, Жаңғыртпалы энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбаев (Қазақстан),  UNEP-Орталық Азия кеңсесінің басшысы Наталья Алексеева (Қазақстан), Нобель сыйлығының лауреаты, үндістандық Раджендра Пачаури пікір білдіріп, жасыл экономиканы өркендету – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті бұзбай, табиғи негізде дамудың басты жолы екенін айтып, онсыз да экологиялық апат алдында тұрған әлемге қуатты әрі зиянсыз даму тәсілдері аса қажет деген тоқтамға келді.
Алқалы жиында бас қосқан танымал тұлғалар әлемдік нарықта көш­басшылыққа жету жолдары мен дағдарыс кезеңінде тұрақтылық сақтаудың жолдарын да талқылады. 
Қазір әлемде көптеген құбылмалы жағдайлар болып жатыр. Экономиканың күрделі кезеңінде халықаралық нарық­тар әлемдік қаржы жүйесін тұрақтан­дыру және елдің әл-ауқатын қалыпты деңгейде сақтап қалу жолдарын іздестіру үстінде. Осы тұрғыда аз уақыттың ішінде етек-жеңін жинап, үлкен экономикалық табыстарға жеткен «Азия жолбарыстарының» іс-әрекеті алпауыт елдерді де таңдандырып тұр. Азияның әлемдік экономикадағы рөлінің күшеюіне қандай факторлар әсер етті? Бұл тұрғыда Қазақстанның бет-алысы қалай болмақ? 
Саясат әлеміндегі осы тектес сауал­дарға жауап іздеген «Азияның «эконо­микалық кереметі» және дағдарыс кезең­індегі тұрақтылық» жиынында біраз мә­селенің басы қайырылды.
Тақырыпқа орай «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов (Қазақстан), Ли Куан Ю атындағы мектептің аға ғылыми қызметкері Параг Ханна (Сингапур), Қы­тай Қосылу мен жұтылу нарығы қауым­дастығының төрағасы Вэй Ванг және АҚШ-тың «Еуразия» қоры қамқоршылар кеңесінің мүшесі Арюна Намсраи өз ойларын ортаға салды. 
Спикерлер, сондай-ақ, инвесторларға арналған қолайлы жағдай, сыбайлас жемқорлықпен күрес, бизнесті дамыту, өнімділікті арттыру экономикалық тұрақтылықты сақтап, елдің әл-ауқатын көтеретінін атап көрсетті.
Осы күні түстен кейін өткен бас­қо­сулардың бірі жаһандық ақпарат тақы­рыбына арналды. Оған «Әл-Жазира интернешнл» телеарнасының (Қатар) жүргізушісі Джейн Даттон модераторлық жасады. 
Бұл басқосуда спикер ретінде Қазақ­станның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Trafalgar strategyies» компаниясының негізін салу­шы Джайлс Кенингам (Ұлыбритания), «New­seum» журналистика және жаңалық­тар музейі төрағасының орынбасары Шел­би Коффи ІІІ (АҚШ), Қоғамдық ка­бель­дік телевизияның президенті Кэт­рин Кано (Канада) және «Cries from Sirya» деректі фильмінің продюсері Ша­һи­да Төлегенова (Ұлыбритания) төрге шық­ты.
Бірінші кезекте сөз алған Дәурен Абаев әлемде кең ауқымда өзгерістер болып жатқанына тоқтала келіп, бүгінгі таңдағы ақпарат кеңістігінде орын алып отырған күрделі мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Министрдің айтуынша, ақпараттың көптігі адам өміріне қатты әсер етіп отыр. Шыны керек, бұл – өзіндік қауіп-қатер туғызбай қоймайды. Ақпараттың көптігі сонша, адамдар оны пайдаланып үлгермей жатыр. Бір минуттың ішінде WhatsApp арқылы 20 млн хабарлама таратылады, деді Д.Абаев. 
Ал Шелби Коффи ІІІ пен Кэтрин Кано және Джайлс Кенингам интер­нет­тің пайда болуы ақпарат саласында ре­волюция жасағанын, жалған ақпа­рат­тардың пайда болуына әлеуметтік желілердің дамуы қарқын бергенін сөз етті. Әрине, бұл − ақиқатқа қатер төн­діретін мәселе. Бұл тұрғыда саясат пен жалған ақпараттың байланысы тура­лы айта кету керек. Ақпараттың рас-өті­рігінің анықталмауынан ең алдымен атқарушы билік көп зардап шеге­тінін ескерсек, жалған ақпараттың тарамауына мемлекеттік билік мүдделі болуы тиіс, деді шешендер. Шаһида Тө­легенова ақпарат саласындағы түйткілді мәселелерді қозғай келіп, журналистер қандайда бір жағдай жөнінде ақпа­рат таратқанда шындыққа жүгініп, жал­ған­дыққа бой алдырмауы, бұра тартпауы маңызды екенін атап өтті.
Жалпы, форумның бұл бөлігінде ақ­парат кеңістігіндегі қажетсіз, бұр­маланған, тексерілмеген деректердің зардабы, әлеуметтік желілер алдыңғы орынға шыққаны салдарынан ақпараттық шабуылдан қорғанудың қиындап бара жатқаны, қылмыскерлердің оны қару ретінде пайдаланып, өздерінің мақсаттарына жету үшін қолдануы және басқа да түйткілдер кеңінен сөз болды.
Медиа-форум аясында «Самұрық-Қа­зына» АҚ әлемдегі алдыңғы қатарлы қорлардың көрсеткіштеріне сәйкес келетін тиімділікті көтеру бойынша қан­дай шаралар атқарып жатқаны жөнінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Оған спикер ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтер қоржынын басқару жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал, осы қордың Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Ғани Битенов пен Халықаралық тәуелсіз қорлар фо­ру­мының (IFSWF) стратегия және коммуни­кациялар жөніндегі директоры Виктория Барбари қатысты.
Айта кетейік, Халықаралық тәуелсіз әл-ауқат қорларының форумы – жалпы құны 3,5 трлн АҚШ доллары болатын активтерді басқаратын 31 елдің 32 қоры енетін ұйым. Ал «Самұрық-Қазына» АҚ биылғы жылдың 5-7 қыркүйек күндері ұйымның жыл сайынғы отырысын Астанада ұйымдастырады деп жоспарлануда. Алыс-жақын шетелдерден келген БАҚ саласының мамандары үшін XIV Еуразиялық медиа-форум тамаша тәжірибе алмасу алаңына айналды. Әсіресе, сәт сайын мың құбылатын әлемдік саясатқа ақпарат құралдарының қосып жатқан үлесі мен тигізіп жатқан әсері, ықпалы жайында пікір алмасу тартысты өтті. «БАҚ мемлекеттің бет-бейнесіне қалай әсер етеді» тақырыбымен БАҚ өкілдеріне дәріс оқыған Ұлыбританиядағы BBC World телеарнасының ТМД елдеріндегі өкіл­дік басшысы Сергей Становкин қа­ламды серік еткен әріптестерінің алдында сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Медиа-форум шеңберінде Синга­пур­дағы Ли Куан Ю атындағы мектептің аға ғылыми қызметкері Параг Ханнаның «Коннектография. Мегақалалар әлем картасын қалай өзгертуде?» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапты авторлық қолтаңбамен жұртшылыққа сыйға тарту шарасы Конгресс-орталықтың фойесінде ұйымдастырылды. 
Әлемдік саясат сахнасының сан құбылуы мен мегақалалардың даму про­цесі және адамзат баласының өркениетке құлаш ұру қарқынын құлшына зерттеп, зерделеп жүрген үнді азаматы сиясы кеппеген су жаңа кітабының тұсаукесер рәсімін жас қала болса да, атағы алысқа кеткен Астана шаһарында жасауды жөн санапты. 
Шара аясында форум қатысушылары мегақалалардың әлемдік саясат сахнасына әсері мен оларды заманауи ағымға сай дамуға жетелейтін аталған кі­тапты зор қызығушылықпен қабыл алып жатты. Өйткені, ағылшын тілінде Ұлы­британияда басылып шыққан бұл әдісте­мелік құрал қалалар арқылы әлемнің осы күнгі бағыт-бағдарын бағамдайды.
Міне, айтулы жиынның бірінші күні осындай шаралармен есте қалды.
Астанада ұйымдастырылған осынау шараның соңғы күні де жоғары деңгейде өтті. Бұл күні ең алдымен «Си­рия дағдарысы: соғыс өрті сөне ме?» тақырыбы талқыға түсті. Саяси процестерде жанжалға жол бермеу немесе оның алдын алуды меңзейтін бағыттарды сөз еткен отырысқа «Russia Today» телеарнасының жүргізушісі Софико Шеварднадзе (Ресей) жетекшілік етті. Ал спикерлер ретінде мінберден сөз алғандардың қатарында Түркияның 11-ші президенті Абдолла Гүл, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер институтының директоры Кайхан Барзегар (Иран), «Cries from Syria» фильмінің продюсері Шаһида Төлегенова (Ұлыбритания), Сирия азат армиясы ұйымының саяси өкілі Сәлім Худайфа мен сириялық журналист-репортер Алаа Ибраим қатысты. 
Талқылауда сөз алғандардың барлығы да терроризммен күресте бірігу мен Сириядағы соғысты тоқтату жайын қозғады. Бұл әлемдік көшбасшылардың барлық кездесуінде дерлік күн тәртібіндегі басты мәселе екені белгілі. Алайда, түйінді тарқату қазіргі кезде тараптардың қолынан келмей тұр. Әйтсе де, осы процеске ірі державалардың тартылғанына қарап, оның келешегінен үміт күтуге болатындай-ақ. Ал олар осы күні өзара келісімге тараптардың өз мүддесін көксейтін саяси күштері халықаралық қатермен күресте өзара мәмілеге келе алмай отыр деп түсіндірілуде.
Жалпы, шиеленісті саяси жолмен реттеу Сириядағы соғысты тоқтатуға мүм­кіндік берер еді. Десек те, Еуропа, АҚШ және Ресейдің ұстанымдары мен сыртқы саясат бағытындағы қайшы­лықтар үлкен кедергі болып тұр. «Астана процесі» – шиеленісті шешу жолындағы табысты бастама. 
Сириядағы лаңкестіктің тамырына балта шабуға бола ма? Соғыстың зардабы қандай? Осы тақылеттес түйіндердің тігісін жатқызып, таратып айтып берген еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ә дегенде Сириядағы со­ғысты тоқтатуда Қазақстанның ұста­нымы байыпты әрі нақты екендігін көлденең тартты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада Сирия мәселесіне қатысты сериялы келіссөздер кезеңі өткенін әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары барынша көсіліп жазып жатты. Орындалған шаруалар да нәтижесіз емес. Оның үстіне, Қазақстанның мұндай әре­кеті жоғары дәрежелі халықаралық ұйым­дар мен ЕҚЫҰ және БҰҰ тарапынан қолдау тауып, жақсы бағаланды. Осы бағыт­тағы ұстанымдарымыз болашақта да еш өзгермейді әрі жұмыстарымыз одан әрі өз жалғасын табатын болады, деді Қ.Әбді­рахманов.
Негізгі отырыс өз мәресіне жеткеннен кейін журналистердің сан сау­алына жауап берген Сыртқы істер министрі Сирия мәселесін шешу жолында Қазақстан ешкімнің ықпалына түспейтіндігін баса айтты. Соның бірі – соңғы күндері қоғам арасында қызу талқыланған Қазақстан мен Қырғызстан әскерін Сирия жеріне аттандыруға қатысты ресми түсінік беруі болды.
«Астана процесінің» өзі еліміздің ортақ іске қосқан үлкен үлесі болып саналады. Ал қақтығыс аймақтарына әскер жіберу мәселесі тек БҰҰ деңгейінде ғана қаралуы шарт. Сирия дағдарысын реттеу жолында Қазақстан да, Қырғызстан да ешкімнің ықпалына түспейді. Айрықша атап өтетін бір мәселе − БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қарастырылған жағдайда ғана Қазақстан өзінің бітімгерлік күштерін қақтығыс аймақтарына жібере алады. Ол үшін БҰҰ-ның ресми қарары мен мандаты берілуі шарт. Сонда ғана Қазақстан да, басқа да мемлекеттер бітімгерлік күштерін тиісті жерге жібере алады, деді министр. 
Осылайша Қ.Әбдірахманов БАҚ-тарда жарияланған қауесетке қатысты ресми түрде үн қатты. 
Өз кезектерінде XIV Еуразиялық медиа-форумының құрметті қонағы әрі белсенді қатысушысы Абдолла Гүл, Кайхан Барзегар, Шаһида Төлегенова, Сәлім Худайфа мен Алаа Ибраим сынды спикерлер де аталған тақырып бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. 
Бұл күнгі отырыстың екінші жартысындағы әңгіме «Капитал, еңбек, зерде – ертеңгі күннің үш тұғыры» деген тақырыпта өрбіді. Ресейдегі Плеханов атындағы РЭУ профессоры Мария Валовая мен АҚШ азаматы, Халықаралық басқару және даму институтының президенті Дон Бонкер мен «Dialogue for Europe» ұйымының негізін қалаушы әрі директоры, болгариялық спикер Эли Хаджиева «үштік құрамда» пікір алмасып, қоғамның заманауи ағымға сай интеграциялану үдерісін талқылады. 
Форумның соңғы екі мәжілісі «Цифрлық революция» және «Қолайлы тіршілік» тақырыптарына арналды. Аталған тақырыптарды талқылау барысында «Цифрлық реформа» тұжы­рым­дамасы және қауіпсіздік стратегиясы, «Блокчейн» технологиясының мүм­кіндіктері, жаңа технологиялардың тиім­ділігі, қазіргі заманғы адамзаттың тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін рухани құндылықтар, аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы сабақтастық мәселелері кеңінен сөз болды. 
Аталған бағыттар бойынша CNN телекомпаниясының вице-президенті Грег Бейчман (Ұлыбритания), геофизик, «ConsenSys» компаниясының консалтингтік директоры Тайлер Смит (АҚШ), зерттеуші, блокчейн маманы Бретт Скотт (Ұлыбритания), «Назарбаев Уни­вер­ситет» зерттеушісі Артур Сауда­баев (Қазақстан), «Nudge Digital» ком­паниясының негізін қалаушы Люк Айкман (Ұлыбритания), «WiSeKey» компаниясы PKI-тұғырнамасының жетекшісі Педро Фуэнтес (Швейцария), «DECENT Foundation» компаниясының бас директоры Матей Михалко (Швейцария), Қоғамдық кабельдік телевизияның президенті Кэтрин Кано (Канада), футуролог, жазушы, «The Futures Agency» басшысы Герд Леонард (Швейцария), «Financial Timеs» басылымының арнайы өкілі Дэвид Эплфилд (АҚШ-Франция), саясаткер, публицист Ирина Хакамада (Ресей) және Корольдік географиялық қауымдастық мүшесі Яцек Палкевич (Польша) сөз сөйледі.
Алқалы жиынды Дариға Назарбаева қорытты. Өзінің сөзінде ол барлық қатысушыларға алғысын жеткізе келіп, әлемді толғандырған өткір мәселелер, шешімін күткен түйткілді жағдаяттар талқыланған келелі жиын барысында әлемнің қауіпсіздігіне, адамзаттың тағдырына тікелей қатысты көптеген тұщымды пікірлер мен ұсыныстар ашық айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен журналистер қауымдастығының осы форумға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын, бұл өз кезегінде осынау үнқатысу алаңының биік беделін көрсететінін жеткізді. 

«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы

Суретті түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»