Жиын барысында министр ведомствоның өткен жылғы қызметі және болашақ жоспарлары туралы баяндап, сан түрлі сауалдарға жауап берді.
М.Бекетаев баяндама барысында соңғы жылдары салаға қатысты бірқатар шара қабылданғанын тілге тиек етті. Олардың ішінде ұлттық заңнаманы қалыптастыру, құқықтық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету, сот-сараптама қызметін ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелер бар.
Министр есептік кездесулердің дәстүрлі пішімін өзгертіп, өз баяндамасын 3 топқа бөліп, түрлі мәселелерді қарастыру бойынша халық тарапынан сауал тыңдауды ұсынды. Ал өз баяндамасының бірінші топтамасын норма шығарушылық және министрліктің мемлекет мүдделерін шетелде қорғау қызметіне арнады. Ол 2016 жылғы заң шығарушылық жұмыс жоспары толығымен орындалғанын атап өтті.
Парламентке 18 заң жобасы енгізілді. Президенттің және Үкіметтің тапсырмасы бойынша былтырғы жылы жоспардан тыс 13 заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілді. Депутаттардың бастамасымен 7 заң жобасы әзірленді. Оны әзірлеуден басқа Әділет министрлігі барлық нормативтік- құқықтық актілерге заң сараптамасын жүргізді. Белгілі бір НҚА мазмұнымен азаматтар «Ашық НҚА» порталында танысуға және ұсыныстар беруге мүмкіндік алғанын айта кеткен жөн. Әділет министрлігі заң жобасы қызметінің айқындығына және қоғамның алдында барынша ашық болуға тырысады», деді министр.
Сондай-ақ, ол былтырғы жылдың қазан айынан бастап Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырыстары БАҚ қатысуымен, ал биылғы жылдың сәуір айынан бастап отырыстар ведомствоның сайтында тікелей эфирде өтіп жүргенін мәлімдеді. «ВАК мүшелерінің алдында есеп берген соң баяндамашылар журналистердің сұрақтарына жауап береді. Бұдан басқа, Әділет министрлігі халыққа заң және басқа да құжаттардың мәтіндеріне «НҚА эталондық банкі» және «Әділет» АҚЖ арқылы үздіксіз тегін қол жеткізуді қамтамасыз етеді», деді ол.
Ведомство басшысы баяндамасының екінші топтамасы конституциялық реформаның іске асырылуы жөнінде, сондай-ақ Әділет министрлігінің жүргізіп жатқан реформаларына байланысты болды. Және де біздің министрлік зияткерлік меншік объектілері құқығын қорғауды жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдауда, деді мәселеге қатысты сөзінде М.Бекетаев.
Әділет министрлігі үшін негізгі проблемалардың бірі − адвокаттардың жеткіліксіздігі. Ведомство көрсетілген проблеманың біртіндеп шешілуін жоспарлап отыр.
Келесі жылы біз күрделі, бірақ қажетті адвакатура және нотариат институттарының реформалауына көшеміз, деді министр.
Баяндаманың үшінші топтамасы қабылданған заңдардың аясында өткізілген жұмысқа, атап айтқанда, сот актілерін орындау және сот сараптамасы салаларына арналады. Жеке сот орындаушылар институты енгізілгелі 4,5 мыңнан астам лицензия берілді. Қабылданған шаралардың арқасында жеке сот орындаушылар республиканың барлық аумақтарында, тіпті аудандарында қызмет етіп отыр. Азаматтардың ерекше қиындыққа түскен сәттердің бірі берешектіктің кесірінен ел аума-
ғынан шығуға мүмкіндіктің болмауы болды. Кейбір кездерде қандай себеппен тыйым салынғаны жөнінде азаматтардың өздері де білмеді. Бұл мәселені шешу мақсатында министрлік «Қазпошта» АҚ-пен бір мезетте тыйым салу алынатын терминалдарды енгізу бойынша жұмыстар атқаруда. Мұндай терминалдар Қазақстанның бес қаласында, дәлірек айтсақ, Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Шымкентте орнатылып, тестілеу режімінде қызмет етуде. Жыл ішінде оларды елдің барлық әуежайларында іске қосуды жоспарлап отырмыз, деді М.Бекетаев.
Министр кездесуге келген азаматтардың, бейнеконференциялық байланыс арқылы елдің басқа аймақ тұрғындарының және министрліктің сайтына келіп түскен сұрақтарына жауап берді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»