Есеп берудің бірнеше режимде өткенін айта кету ләзім. Залға жиналған халықтан тыс интернет арқылы және әр облыс орталықтарымен тікелей онлайн байланыс орнаған жиында халыққа есеп берген министр баяндамасында салаға қатысты көптеген мәселелер тиянақты қамтылып, барлық қойылған сауалдарға нақты жауаптар қайтарылды.
Мәселен, министр жыл сайынғы вакцинациядан бас тартатын азаматтар қатары аз еместігін алға тартты. Халықтың басым бөлігі вакцинацияны қолдағанымен, діни көзқарастарына байланысты балаларына екпе салудан бас тартатындардың көбею үрдісінің қауіптілігіне тоқталды. Атап айтқанда, соңғы бес жылдың ішінде ондай азаматтардың саны 3 мыңнан 9,7 мыңға өскен көрінеді. Бұдан тыс вакцинадан бас тартудың ендігі бір себебі ретінде, БАҚ арқылы тараған вакцинаның сапасына күдіктендіретін жағымсыз ақпараттың әсері болуда, деген ол шараға қатысушылармен қатар оны онлайн режимде тыңдап отырған барлық адамдарды вакцинация мәселесіне салғырт қарамауға шақырды, «Вакцинациядан бас тартудың бала болашағына зиянды әсерін естен шығармаңыздар. Министрлік вакцинация мәселесін жан-жақты түсіндіріп келеді. Соған қарамастан, екпеден бас тартып жатқандар аз емес. Бұл ретте қоғамдық денсаулықты сақтау қызметтері осы жұмыспен әлде де тығыз айналысуы қажет», деп атап көрсетті министр.
Өмір сүру жасының ұзаруына, ана мен бала өлімінің азаюына қатысты оң деректерді сөйлеткен министр созылмалы науқастармен ауыратын пациенттерге қатысты өте бір үлкен мәселені баса айтқан. Жедел жәрдем қызметіне жүгінгендердің дерегін жеткізген министр көп жағдайда шақырғандардың басым бөлігінде аурудың асқынып кетуі тіркелгенін, тұрғындардың өз денсаулықтарына жөндеп қарамай, сауықтыру шараларын жиып қойып, ауырып жүрсе де, емxанаға бармайтынын, соның салдарынан жедел жәрдем қызметіне көп салмақ түсетінін тілге тиек етті. Қоңыраулар көбейген сайын жедел жәрдемнің жұмысы да қауырт болады. Содан барып, жедел қызметтің келіп жету уақыты да ұзарады деген Е.Біртанов дамыған мемлекеттерде жедел көмек 15 минутта жетсе, бізде ол әлі 31 минутты құрап отырғанын жеткізді. «Орын алған біздегі олқылықтың басты себептерін айттым. Ал оны ауыздықтау үшін біз жаңа бұйрықтың жобасын дайындап қойдық. Онда жедел жәрдемнің нақты қызметтері көрсетіледі. Жедел жәрдем жедел қызметпен айналысуы шарт. Біз соған келуіміз керек», деді ол.
Адамдар денсаулығының күзетіндегі тағы бір құлақ түрердей жаңалық – әйелдерге қатысты. Аяғы ауыр келіншектердің тіркеуге уақытында тұрмауына байланысты арнайы мобильді қосымша әзірленіп жатқанынан хабардар еткен министр мобильді қосымшаның Қарағанды облысында пилоттық режімде іске қосылғанын, ал оны ұялы телефонға тегін жүктеп алуға болатынын және жылдың аяғына дейін тағы бірнеше аймақта іске қосу көзделіп отырғанын жеткізді.
Залдан қойылған сауалдардың бірінде дәрігерлердің диагноз қоюдағы шалалығы сөз болды. Оған жауап берген министр дәрігер мамандығын таңдаған түлектердің білімін жоғары оқу орнын бітірген кезде ғана емес, оқу уақытында да қатаң бақылауды көздейтін мәселені қарастырып жатқанын айтып өтті. Бұл үшін студентті бірінші-екінші курсты бітірген соң жақсылап тұрып іріктеу қажет. Бұл – xалықаралық тәжірибеде бар дүние. Сондықтан, студенттердің білімін дер кезінде анықтаудың нәтижесінде ЖОО қабырғасынан сауатты да сапалы дәрігер шығады. Сонымен қатар, дәрігерлердің біліктілігін тексеру жұмысы да күшейтіледі деген министр газетімізде көтерілген мәселе, диспансерлік есептегі пациенттерге жылдың басында тегін дәрілер босатылуының тендердің кешігуіне байланысты қолдарына тимейтіндігі жайында «Дәріге байланған ғұмыр» атты мақалаға қатысты нақты жауап берді. «Көтерілген мәселе дұрыс, бұл жайында арнайы заң қабылданып, келесі жылдың дәрілерін сатып алу жұмыстары күз айларынан бастала бермек. Сонда жылдың аяғында құжаттар тегіс әзірленіп болып, дәрілер босатылуында кешіктіру орын алмайды деп ойлаймыз», деген жауабын берді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»