Бизнес • 26 Маусым, 2017

Мұнай-газ саласындағы жан-жақты келісімдер

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің аясында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акцио­нерлік қоғамы екіжақты және үшжақты келісімді қамтыған құжаттарға қол қойды.

Мұнай-газ саласындағы жан-жақты келісімдер

Алғашқы шара – ЭКСПО қалашығындағы Италия Рес­публикасының павильо­нында өтті.  «Эни СпА» компа­ниясының серіктесі «АджипҚарашығанақ Б.В» компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы арасында әріптестік меморандумдары түзіліп, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев пен «Эни СпА»-ның барлау және өндіру бойынша бас директоры Антонио Велла құжаттарға қол қойды. 
Аталмыш құжатта тараптар көмірсутегін барлау және өндіру бойынша әріптестікті дамытуға келісті. Негізінен тараптар көмір­сутегіні геологиялық бар­лау мен өндірудегі, оған қоса ноу-хау және ең жақсы тәжі­рибелермен алмасу бойынша тех­нологиялық әріптестіктің мүмкін болған бастамаларын анықтауға тырысатынын жет­кізді. Бұл мақсатта екі тарап талдау нәтижелерін үйретуге, сондай-ақ, геологиялық және өндірістік үдерістерді зерттеуге  бағытталған консультациялар өткізуге ниетті.
Сондай-ақ, құжаттың ма­ңызды бір бөлігі ҚМГ БӨ ком­паниясының қызметкерлер тобы үшін тренинг бағдарла­маларын жүзеге асыру болып табылады. Мұны «Эни СпА»-ның барлау және өндіру бойынша алдыңғы қа­тарлы тәжірибесін үйрету үшін  «Эни СпА»-ның өзі қолға алады. 
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшысы Қ.Есқазиев түсінікті етіп айтып берді. «Осы айдың бас жағында Милан қаласына барып келдім. Онда мені Антонио Велла мырза күтіп алды. Оның алдында жасалған келісімшартқа сәйкес, «Эни СпА» компаниясы «Өзенмұнайгаздың» инженерлер тобын оқытқан еді. Олар жарты жыл бойы геология және геофизика, өндіру және бұрғылау, мұнай кен орындарын жобалау, техника қауіпсіздігі салалалары бойынша компанияның корпоративті университетінде білім алды. Міне, 5 маусымда мен біздің 12 мұнайшының ар­найы жасалған оқыту бағ­дарламасын аяқтап, сертификат алуына қатыстым. Енді олар «Эни СпА» компаниясының өндірістік нысандарында тәжі­ри­беден өтуде», деген ол ме­мо­рандумның маңызды бір бөлігі қызметкерлерге арналған тренингті бағдарламаларды жал­ғастыруға арналғанын мә­лімдеді. Яғни, аталған 12 мұ­най­шыдан өзге тағы да топтар жа­сақталып, Миланға жібе­ріл­мек. Бірақ бұл жолы оқу қара­жа­тын қазақстандық мұнай-газ ком­паниясы шығаратын болады.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының басшысы қол қойған екінші бір құжат – үшжақты келісім туралы Меморандум. Бұл шара ЭКСПО қалашығындағы «Шелл» концернінің павильонын­да өтті. Әріптестік туралы Ме­мо­рандумға «ҚМГ» БӨ» Ақ бас директоры Құрманғазы Есқазиев, Қазақстандағы «Шелл» концернінің төрағасы және Апстрим вице-президенті Дан­кан ван Берген, сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұр­ғылау технологиялары ғы­лыми-зерттеу институты бас ди­рек­торының міндетін ат­қарушы Дэвид Джон Сзабо қол қойды.  
Меморандум аясында ҚМГ БӨ мен «Шелл» компаниясы мұнай-газ саласы бойынша бірлескен түрлі жобаларда әріптестікті дамыту мен нығайтуға ниетті. Екі тарап та ҚМГ БӨ компаниялар тобы алдында тұрған стратегиялық тапсырмалар бойынша мұнай-газ саласындағы бірқатар бастамаларды зерттеуге және мүмкін­ді­гін­ше жүзеге асыруға мүдделі. Ал үшінші тарап, яғни аталмыш ғылыми-зерттеу институты бастамаларды жүзеге асыру мүм­кіндігін талқылау барысын­да консультациялық қолдау көрсетеді.
«ҚМГ»БӨ» АҚ пен «Шелл» компаниясы мұнай алу әдістерін арттыруды жүзеге асыру мүм­кіндігін, отандық компания таңдаған кен орындарының өнді­рістік тиімділігін бірлесіп зерттеуге ниетті. Бұл қазақстандық компанияның бірқатар жобасын техникалық-экономикалық бағалау жүргізуді қолдауға да қатысты. 
Меморандум аясында тә­жі­ри­бе алмасу бойынша іс-ша­ра­лар, ҚМГ БӨ қызмет­кер­ле­ріне оқыту курстары мен мүм­кін бол­ған тағылымдамалар ұйым­дас­тыру қарастырылған.
Құжатқа қол қою рәсімі аяқталған соң тараптар атынан компаниялардың басшы­лары лебіздерін білдірді. Қ.Есқазиев өз сөзінде меморандум аясындағы пункттермен таныстырса, «Шелл» концернінің төрағасы және Апстрим ви­це-президенті Данкан ван Берген Меморандум арқылы Қазақстанның мұнай-газ саласына үлес қоса алатындықтарын жеткізді. «Біз қолдау көрсетуге, өз тәжірибемізбен бөлісуге да­-
й­ынбыз», деді ол.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»