Н.Назарбаев өзінің саналы ғұмырын Қазақстанның дамуына арнап, өлшеусіз еңбек сіңіргені ақиқат. 1991 жылдан бері тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге, Түркі әлемінің және басқа да жақын елдердің зор сенімін иеленді. Бейбітшіліктің туын биікке көтерген ірі Көшбасшы ретінде әлем жұртшылығына танылып, үлкен құрметке лайықты болды.
Қазақстан Президенті сыртқы саясатты бір бағытта жүргізбей, әр мемлекетпен тең қатынас құрып, көп бағытты саясат жүргізді. Осы көп жақты саясаты арқылы Назарбаев халықаралық қоғамдастық тарапынан «бітімгер көшбасшы» ретінде мойындалды. Назарбаев Сирия дағдарысын және елдегі гуманитарлық проблемаларды оң шешу үшін аз күш-жігер жұмсаған жоқ. Астанада Ресей, Иран мен Түркияның қолдауымен Сирия келіссөздерін ұйымдастырды. Аталған кездесулердің Қазақстанда өтуі Сириядағы маңызды факторлардың бірі болып табылатын түрікмендердің Астана келіссөзіне қатысуына және ұстанымдарының өзгеруіне себеп болды.
Қазақстан − қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүшесі. Қазақстанның Түркиядан кейін БҰҰ ҚК мүшесі болып сайлануы Түркі әлемі үшін жақсы мүмкіндік. Бұл жағдай Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше болып табылатын және Назарбаевтың ықпалымен құрылған Түркі кеңесі үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуы ықтимал. Осы тұрғыда Қазақстан мен Түркияның жақын қолдауына Түркі кеңесіне Түрікменстан мен Өзбекстанның қатысуы ортақ күш-жігерді жұмылдыруға қолайлы жағдай жасар еді. Алдағы жылдарда түркі тілдес елдердің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде ықпалы артып жатса бұдан Түркі әлемі ұтыла қоймас деп ойлаймыз.
Былтырғы жылдың 15 шілдесінде Түркияда орын алған төңкеріс әрекетінен кейін Анкараға алғашқы сапар жасаған Президент ретінде Н.Назарбаев бауырларының қасынан табылып, күтілген қолдауды көрсетті. Назарбаевтың сол жолғы ресми сапарының айрықша мәні болды, шынайы бауырластықтың көрінісі еді. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған әрдайым Нұрсұлтан Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» ретінде сипаттайды. Мұны Назарбаевтың сол сапары барысында Ердоғанның мына мәлімдемесінен байқадық: «Құрметті Президент Түркі әлемінің ақсақалы. Мәртебелі Назарбаев жүргізген ақылды және теңгерімді саясаттың арқасында Қазақстан бүгінгі таңда аймақтың және әлемнің ынтымақтастыққа ашық, беделді ойыншысына айналды. Тілі, тарихы мен мәдениеті бір Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы саяси тұрақтылығын күшейтіп, жылдам экономикалық дамуға көшті».
Бұдан бірнеше ай бұрын Қазақстанға келгенімде елдегі өзгерістер мен даму деңгейін өз көзіммен көруге мүмкіндік алдым. Бір түсінгенім, Назарбаев өз дәуірі мен замана рухын терең түсіне алатын үлкен көшбасшы екен. Әсіресе, Назарбаевтың кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне өту туралы тапсырмасы өте орынды, уақтылы шешім. Қазақ Президенті 2025 жылға дейін барлық кітаптардың, мерзімді басылымдар мен ресми құжаттардың латын әліпбиінде жарияланатынын да белгілеп берді. Бұл − Түркі әлеміндегі тіл мен әліпбидің бірлігіне қызмет ететін аса маңызды страгегиялық бастама.
Нұрсұлтан ағаның келешекке бағытталған көзқарасымен қалыптасқан «Қазақ моделі» түркі мәдениетінен нәр алып, «тұрақтылық» пен «экономикалық дамудың» озық үлгісін көрсетті. Осылардың нәтижесінде Қазақстан 2017 жылы жаңа тарихи кезеңге аяқ басты деуге негіз бар. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылған Қазақстан алдағы кезеңде де Назарбаевтың көшбасшылығымен өз мақсатына қарай ілгерілей беретініне сеніміміз зор.
Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев сияқты Көшбасшымыздың болуы екі ел қатынастары, сонымен бірге, Түркі әлемі тұрғысынан да үлкен мүмкіндік деуге болады. Сондықтан жаңарған Қазақстанның басты халықаралық әуежайына ұлы түркі Көшбасшысы Н.Назарбаевтың атының берілуіне орай бауырлас қазақ халқына құрметімізді білдіре отырып, шын жүректен құттықтаймыз.
Жәмил Доғач ИПЕК,
Ататүрік университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі маманы