Отандасымыз өзінің соңғы кездесуін 27 мамырда АҚШ-тың Флорида штатындағы Бока Ратон қаласында өткізген болатын. Мексикалық боксшы Норберто Гонсалеспен жұдырықтасып, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жеткен еді.
– Норберто Гонсалес – өте тәжірибелі боксшы. Бокста ешқашан алдыңды болжай алмайсың. Рингте бір соққы барлығын шешіп кетуі мүмкін. Мексикалық боксшыға қарсы кездесуде маған 12 раунд толық жұдырықтасып, алдағы маңызды кездесулер алдында күшімді тексеріп алу керек болды.
Қанат Ислам ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астанада өтетін кездесуде америкалық танымал боксшы Джеймс Кирклендпен жұдырықтасуы мүмкін. Қазіргі таңда боксшының промоутері Нелсон Лопес келіссөздер жүргізіп жатқанын айтады. «Карьерамдағы ең маңызды кездесулерімнің бірін өз елімде, өз жанкүйерлерімнің алдында өткізу мен үшін үлкен жетістік. Мақсатым – жанкүйерлеріме тартысты бокс кешін ұсыну және олардың сенімін ақтау. Елордамызда өтетін келесі кездесуім оңайға соқпайтыны анық. Өйткені, бұл жолғы қарсыласым әлемдік деңгейдегі боксшы болмақ. Промоутерім қазіргі таңда америкалық боксшы Джеймс Кирклендтің командасымен келіссөз жүргізіп жатыр. Жақын күндері ресми мәлімдеме жасайтын боламыз», дейді Қанат Ислам.
Ал, Қанаттың промоутері Астанадағы кездесуде Мигель Коттомен жекпе-жек ұйымдастырғысы келгенін айтады. Бірақ, боксшымен гонорар жағына келісе алмаған. «Мигель Котто жекпе-жек үшін бізден 12 миллион доллар сұрап жатыр. Бізде қазір ондай қаржы және таңдау да жоқ. Бірақ, белбеуімізді қорғауымыз керек. Қазір рейтинг бойынша Қанаттан кейін тұрған кез келген боксшы онымен кездесуге дайын. Дегенмен, біз әлемдік титулды иеленгіміз келеді», – дейді Нелсон Лопес.
Қанат Ислам елордада өтетін жекпе-жекке Астана және Алматы қалаларында дайындалады. Қанат бұған дейінгі жекпе-жектеріне АҚШ-та жаттыққан болатын. Сондай-ақ, ол Алматыда да дайындық жұмыстарын жүргізген.
– Соңғы жекпе-жегім АҚШ-та өткен соң дайындығымды сол жақта өткіздім. Қанша дегенмен, АҚШ – кәсіпқой бокстың отаны ғой. Ал бұл жолғы кездесуім Қазақстанда өтетін болғандықтан жаттығуым да Астана және Алматы қалаларында болады. Алдағы уақытта АҚШ-тан командам келеді. Солармен бірге дайындалатын боламын.
Сонымен қатар, Қанат Ислам өзінің қарсыластары туралы пікірін білдірді.
– Менің қарсыластарым туралы әркім әртүрлі айтып жатады. Өз басым олардың арасында мынау әлсіз, мынау мықты деп айта алмаймын. Мен үшін бүгінге дейін шыққан қарсыласымның барлығы бірдей. Қазіргі жекпе-жектерім алдағы чемпиондық атақ үшін болатын кездесуге баспалдақ іспетті. Егер қарсылас таңдау менің еркімде болса, ертең-ақ чемпиондық белбеу үшін шаршы алаңға шығар едім. Геннадий Головкиннің өзі кәсіпқой бокста 15 жыл жүріп, соңғы жылдары үлкен кездесулер өткізіп жатыр. Сондықтан, бәрі өз уақытымен болатынын айтқым келеді.
Журналистермен кездесу барысында Қанат Ислам 16 қыркүйекте өтетін Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегіне қатысты пікірін білдірді. Қанаттың ойынша, кездесу толық 12 раундқа созылуы мүмкін. «Бұл кездесуді тек Қазақстан немесе Мексика емес, бүкіл әлем жанкүйерлері күтуде. Кездесу Головкинге оңай соқпайтынын ішім сезеді. Меніңше, жекпе-жек 12 раундқа созылуы мүмкін. Головкиннің жеңісіне сенемін және оған тек қана сәттілік тілеймін», дейді Қанат Ислам.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»