18 маусым күні түнде теңізге кеткен Абылай 22 маусым күні Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіледі. Алғашында жансақтау бөліміне түскен жігіттің денсаулығы қазір жақсы, алдағы аптада үйіне қайтуға дайындалып жатыр. Дәрігерлер жігітте гипотермия, яғни дене қызуының 32 градусқа дейін төмендеп кеткендігін, тамақ ішпегендіктен әлсірегендігін айтады.
– Суда жүзіп жүріп тікұшақты, кемені көріп айқайладым, бірақ олар, әрине, менің дауысымды естіген жоқ. Төртінші күні кемені көріп, Құдайдан тілек еттім. Кемеге жету үшін қанша жүздім, есімде жоқ. Есімді кеме ішінде жыйдым, – дейді Абылай.
Ирандық кемеге тап болған оны кемедегілер су беріп, құрғақ киім кигізіп, өз-өзіне келген соң небары 40 минут ішінде қазақстандық теңізшілерге тапсырған. Жағалауға келген бойда «Жедел жәрдем» шақыртып, дереу ауруханаға жеткізілген.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы