Ал Алматыға қайта оралсақ, 3,5 шақырымнан тұратын «Яркокросс-2017» V әлеуметтік мерейтойлы жарысы түрлі-түсті бояуларға толы болды.
Мереке іздеген қала тұрғындарын серпілтіп өткен биылғы шараға Алматы қаласының әкімдігі мен TURAN табиғи минералды суы брендіне қоса, «Тал отырғыз» қоры ұйытқы болды.
Бұл жарыстың басты ережесі – әрбір қатысушы сөреден ақ киіммен шығып, 5 ара қашықтықты түрлі-түсті қауіпсіз бояулы «бұлттар» арасынан жүгіріп өтіп, мәреге барынша бояуларға малына жетуі тиіс. Біреу қабылдар, біреу қабылдамас, бұл да болса көпшіліктің назарын спортқа аударуға бағытталған.
Биыл да осы әлеуметтік жарысқа мұрындық болып, 10 тонна бояу ғана емес, 15 мың литр су жұмсаған компанияның маркетинг директоры Әсел Жақыпова: «Биыл біз ерекше көңіл-күй мен денсаулық марафоны ауқымының кеңеюіне және Қазақстанның 7 қаласында ұйымдастырылуына себепкер болдық. Яркокросс Алматыдан бөлек, маусым және тамыз айларында Бурабайда, Астанада, Қарағандыда, Павлодар мен Ақтөбеде және Шымкентте өтеді. Өткен жылы біз мың шақты қатысушы арасында сауалнама жүргізген кезде адамдардың 80 пайызы көңіл-күйін көтеру үшін келетінін білген едік. Ең бастысы, жарысқа қатысушылардың тең жартысы мұны денсаулықтың негізгі факторы деп есептейді», дейді.
Яркокросс пайда болғалы бері Алматының Алмаарасан шатқалындағы Науаи көшесі бойында 400-ден астам ағаш отырғызылып, қалада спорт алаңы салынып, қала скверлерінің бірінде орындықтар орнатылған.
Ал биыл «Алматы хайуанаттар бағы» МҚКК аймағында 500-ден астам ағаш көшеті мен бұталы өсімдік отырғызылады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ