Шахматтан әлем чемпионатының іріктеу кезеңі ретінде саналған турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан және Ауғанстан елінің үздік шахматшы қыздары қатысты.
Турнир швейцариялық жүйе бойынша өтіп, шахматшылар тоғыз тур ойнады. Сегізінші турдан кейін өзбекстандық шахматшы қыз Гулрухбегим Тохиржонова 7,5 ұпаймен бірінші орында келе жатқан еді. Ал, отандасымыз Динара Сәдуақасовада 7 ұпай болатын. Шешуші тоғызыншы турда Сәдуақасов Түркменстан шахматшысы Жемаль Овездурдыеваны ұтса, өзбекстандық Тохиржонова тағы бір отандасымыз Әсел Серікбаймен тең ойнады. Осыдан кейін, екі шахматшы да бірдей сегіз ұпай жинап, теңесіп қалды.
Жарысты ұйымдастырушылар Сәдуақасова мен Тохиржонова арасында қосымша ойын өткізіп, нәтижесінде Динара Сәдуақасова жеңіске жетті. Сөйтіп, отандасымыз турнирдің чемпионы атанды. Динара осымен қатарынан екінші рет әлем біріншілігінде ойнауға мүмкіндік алды.
Ерлер арасындағы бәсекеде жігіттеріміз нәтижелі өнер көрсете алмады.