Қазақстан • 26 Маусым, 2017

Астана 2020 жылға қарай Еуразия кеңістігіндегі туристер үшін ең тартымды қалалардың бірі болады

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада «Туризм және болашақ энергиясы: СО2қалдықтарын азайту» әлемдік халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.

Астана 2020 жылға қарай Еуразия кеңістігіндегі туристер үшін ең тартымды қалалардың бірі болады

Аталмыш шара Халықаралық туризм жылы аясында БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымның қолдауымен өткізілуде.

Конференцияның пленарлық отырысына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, БТҰ Бас хатшысы Талеб Рифаи, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты.

2 күнге жалғасатын конференцияның жұмысында  қатысушылар көмірсутек қалдықтарын азайту, туризм саласының дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру сияқты мәселерді, сондай-ақ БҰҰ-ның күн тәртібінде қарастырылған 2030 жылға арналған туризмді дамытудың басты тетіктерін талқылайды.

Қала басшысы Ә. Исекешев өз сөзінде атап өткендей, шаһарда Forward компаниясымен туризмді дамыту бойынша медиа-жоспар әзірленген. Құжатта туризмді дамытудың 3 негізгі бағыты айқындалған: MICE (іскерлік) туризм, қалалық рекреациалық (үзілістік) және медициналық туризм.

- 2020 жылға қарай Астана қаласын Еуразия кеңістігіндегі туристер үшін ең тартымды қала ету біздің жоспарымызда бар. Астана шаһары әртүрлі форумдар мен саммит, іскерлік кездесулер мен мәдени-спорттық шараларды өткізетін  басты орталықтың біріне айналуы тиіс. Бұл мақсатта қалада әуежай, теміржол вокзалы, қонақүйлер мен басқа нысандар, біз сөзбен айтқанда инфрақұрылым сапалы әрі жан-жақты жетілдіріліп, дамуда, - деді қала басшысы. 

Елордада 10 спорттық, 20 заманауи медициналық және бірқатар бірегей сәулет нысындары салынған. Бұл нысындардың жобасын әзірлеуге Норман Фостер, Манфреди Николетти сынды әлемдік сәулетшілер тартылған. Біз спорт және мәдениет нысындарының кәсіби басқару үлгісін енгізуді қолға алдық. Бұл нысындарды жылына миллиондаған туристер баратын мекенге айналдыру қажет.

- Сондықтан біз елімізге туристерді барынша көп тартуға, спорттық, мәдени шараларды көптеп өткізу үшін  аталған нысындардың кәсіби басқару үлгісін енгізуді қолға алдық, - деді Ә. Исекешев.

Атап өткен жөн, бүгінде британдық танымал Телеграф (The Telegraph) басылымында Астана қаласы туралы мақала жарық көрген. Онда  елордамыз алдағы уақытта туристер үшін ең тартымды шаһар бола алады деп жазылған.