Парламент • 27 Маусым, 2017

Ертең – Сенат депутаттарын сайлау күні

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

28 маусым – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау күні. Осыған байланысты кеше депутаттықтан үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт жұмыстары аяқталды. Ал бүгін – сайлауалды тыныштық күні. Бұл туралы кеше сайлау науқанының барысы және дауыс беру күніне дайындық мәселелері жөнінде әңгіме қозғалған Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.

Ертең – Сенат депутаттарын сайлау күні

Жиынды ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Сенат депутаттығына тір­келген үміткерлердің соңғы тізі­мі айқындалғанын айта келе, сөзді ОСК сайлау процесін ұйым­дастыру және ОСК мүшелерінің қыз­метін қам­тамасыз ету бөлімінің мең­герушісі Мақсатхан Анапинге берді.

Оның дерегінше, Сенат депу­тат­тығынан үміткерлердің қатары – 38. Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында бір орынға – үш, ал Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстанда екі кандидаттан тіркеліпті.

– Сайлау науқаны еліміздің «Сайлау туралы» Заңына және Орталық сайлау комиссиясының қаулысында бекітілген Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес келеді. Дайындық барысында Орталық сайлау ко­миссиясының мүшелері өңірлерге қыз­меттік сапармен барып, дауыс беру күніне әзірлік барысы­мен танысып қайтты. Сайлау науқанын ұйымдастырушылар мен қаты­сушы­ларға көмек ретін­де әдісте­мелік құрылғылар әзір­ле­ніп, оның мәтіні Орталық сайлау ко­миссия­сының сайтында жарияланды, – деді Мақсатхан Анапияұлы.

Биылғы Сенат депутатта­рын сайлаудың ерекшелігі – таң­дау­шылардың электрондық тіркеуді де пайдалана алатындығы. Бұл жайында да таңдаушыларға толыққанды ақпарат берілген.

Бүгінде облыстық және Астана мен Алматы қалалық сайлау комис­сиялары халықаралық және жергілікті байқаушылардың тізімін алған. Оларды тіркеу журналдары да дайын тұр.

Мақсатхан Анапиннің айтуын­ша, дауыс беру пункттері талапқа сай жабдықталды. Дауыс беру жүргі­зілетін ғимараттарда өрт қауіп­сіз­дігі шаралары қатаң сақ­та­луына, жарықпен, сумен қамта­­масыз етілуіне баса мән бері­ліп, сайлау бюллетеньдері қойыл­ған ны­сан­дарға арнайы күзет ұйымдас­тырылған.

Сонымен, 28 маусымға тағайын­далған Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де басталады. Барлық аумақтағы дауыс беру пункттері дауыс беруге бір сағат қалғанда ашылуға тиіс.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»