Парламентшілердің кездесуі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу аясында өтті.
Э.Хейнялуома Қазақстан павильонында болып, Б.Бекназаровпен ЭКСПО туралы оң әсерлерімен бөлісті. «Біз өте үлкен әсер алдық. Ғажап павильон, сіздер көрме өткізуде ауқымды жұмыстар атқарыпсыздар», – деді ол.
Сенат вице-спикері Финляндияға халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізуге арналған конкурста және 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлауда Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. «Мүмкіндікті пайдалана отырып, сізді және Суомидің барлық халқын алдағы мерекеленетін ел тәуелсіздігінің 100 жылдығымен құттықтаймын. Сіздер ғасырды экономикасы дамыған және халқының өмір сүру деңгейі жоғары мемлекет ретінде еңсеріп келесіздер», – деді Б.Бекназаров.
Тараптар сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықты, гуманитарлық ықпалдастықты және экономикалық әріптестікті тереңдету перспективаларын талқылады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.