Қазақ елінің дербес ел болып жетілгенін, өркендегенін мақтанышпен кеудесін кере айта алатын қазақ ұрпағы бүгін қалыптасты. Тәуелсіздігіміздің аз уақыт ішіндегі қол жеткізген теңдессіз табыстары, біріншіден, әлем картасында болмаған мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан құрылды, мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітіліп, мемлекеттік басқарудың Конституция негізінде жұмыс істеп тұрған тиімді жүйесі құрылып, заманауи Қарулы Күштер мен құқық қорғау жүйесіне ие болдық. Екінші – Әнұранымызды дүниежүзінің көгінде әуелеттік, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық, төл теңгемізді енгізіп, мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінбелерінен сөйлеттік. Сонымен қатар, Қазақстан – ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша жауапкершілікті әріптес болып табылады. Үшінші – жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «Экономикалық ғажайыбының» жарқын үлгісін көрсетті. Атап айтар болсақ: Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша, Қазақстан бір жылда 51-орыннан 35 – орынға секірді; әлемдік энергетика саласындағы соңғы 50 жылда болған ірі оқиғаның бірі ол – Қашаған мұнай және газ кенішінің іске қосылуы. Төртінші – «Мен – Қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» – деп айта алатын әділетті мемлекеттік қоғамды орнаттық. Бесінші – Астана-планетамызда XXI ғасырда фантастикалық пайда болған бірінші елорда болды. Алтыншы – экономикалық ғажайыптың арқасында қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарды; кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың үлесі 12,5 есеге, яғни 2,5 пайызға дейін азайды; жұмыссыздық 2,6 есеге қысқарды; орта есеппен соңғы 5 жылда 270 мың жаңа жұмыс орны ашылды; орта есеппен еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астамға ұлғайып, ауылды көтерудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып ауылдықтардың тұрмыс деңгейі өсті; тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі саясаттың арқасында 1 миллионнан астам отбасының баспана жағдайы жақсарды; еліміз бойынша 2700-ден астам балабақша мен жекеменшік шағын орталықтар ашылып, еліміздің түпкір-түпкірінде 1350 мектеп жаңадан бой көтерді. Жетінші – әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университет білікті де білімді алғашқы мамандарын дайындап шығарды; барлық өңірлерде 20 зияткерлік мектеп ашылды; «Болашақ» бағдарламасы аясында 12 мың жас өренге әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға стипендия берілді. Сегізінші – осы уақытта 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, олар ең заманауи құралдармен жабдықталды; біздің еліміз жасанды жүрек трансплантациясының үздік әдісін енгізді. Тоғызыншы – бүгінде Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуда; әлемнің ондаған мемлекеті Еуразиялық экономикалық одақпен, соның ішінде еркін сауда аймағын құру арқылы ынтымақтастықты қалыптастырды. Еуразиялық интеграцияның маңызды аспектілері АӨСШК және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты әлемдік деңгейде бұрын-соңды болмаған ұйымдар құрылды. Оныншы – әлемдік жетекші саясаткерлер мен халықаралық сарапшылар Қазақстанды жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және жүйелі бітімгерші ретінде мойындайды. Қазақстанның Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап-ақ бүкіл әлемді қамтитын идеялар жарық көруде. Ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі ядролық сынақ полигоны жабылды. Осы оқиғамен байланысты атаулы күн бүкіл әлемде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық белесінің негізгі түйіні ел дамуының басты бес идеологиясына сүйенді. Олар: Бостандық, Бірлік, Тұрақтылық, Жасампаздық және Өркендеу.
Мен бұл он өзгешелікті неге тіздім дегенге келер болсам, ел тірегі болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел еңбегін, ақыл-парасатын көрсету еді. Бұл ұлы оқиғалар, ұлы еңбек емес пе?!
Мемлекет басшысы 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың тәжірибелік кезеңі басталғанын халыққа жария етті. Бұл аса маңызды құжатта кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру сияқты бес институтционалды реформа белгіленген. Бұл реформаларда біздің еліміз алға қойған негізгі мақсаты – Қазақстанды әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосу механизмдері белгіленген.
Бүгінгі таңда Қазақстан – 70-тен астам халықаралық ұйымдарға мүше. Еліміздің аса ықпалды халықаралық ұйымдар – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуі – Қазақстанның жоғары беделін айғақтайды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында «Қазақстанның Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045» жоспарын жасау бастамасы жария етілді. Бұл жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Қазақстан Орталық Азия елдердің ішінде бірінші болып нарықтық экономикалық мемлекет ретінде танылды. Қайталап айтамын, бұл да Мемлекет басшысының көрегендігінің арқасында жүзеге асып отыр.
Біз ендігі әңгімені рухани жаңғыруға қарай бұрсақ дейміз. Ата-бабаларымыздың армандаған сонау ғасырлар қойнауында Күлтегін идеясының негізінде жазылған «Мәңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, елдігіміздің XV ғасырлық тамырына нәр бердік, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Осынау аршынды қадамдардың баршасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстанды «Мәңгілік Елге» айналдырудағы абыройлы істерді «Ұлы Дала» елінің келешегін кеңейте түсетіні ақиқат.
Осы жоғарыда айтылған ұлы табыстарды жалғастырып, дамытып соны халықтың бойына сіңіру мақсатында Елбасы Қазақ елінің мәңгілік болуына, оның іргетасын қалаған табыстарын әрі қарай дамытуда қазақ халқына мынадай жолдау арнады:
Бірінші – рухани жаңғыру; екінші – туған жер; үшінші – сана; төртінші – прагматизм; бесінші – «Нұрлы жол».
Елбасы болашаққа бағдар ретінде «Рухани жаңғыру» идеясын ортаға салды. Ұлт рухының арқауы неде? Кейінгі жастардың түсінбеуі, оны рухани жаңғыруды білмеуі жайлы ақпараттық жүйеде жеткілікті деңгейде жеткізілмеген.
Туған жердің ерекшелігін көрсету, әдет-ғұрыпты жаңғырту ақпарат көздерінде жиі көтеріледі, оның жаңғыруы деген не? Өркендеген елдердегі ақыл-ой иесінің жоғары сатысындағы қалыптасқан дәстүр.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Жалпы, ұлттық идея қандай уақытта дамиды? Ұлтты кемсітуден ұлттық рух оянып, ұлттық сезім пайда болады. Намыссыздықпен күн кешіп, 300 жыл Ресейдің қол астында болдық. Намысты туындататын, оны қозғайтын әсер болмайынша, қалыптасқан ой-сана кейінгі ұрпаққа рухани азық бола алмайды. Біздің ойшылдарымыз, абыздарымыз ой-сананың дамуына ықпал етіп, жаңалық ашуға итермелеген. Ол жастарды ылғи да зұлымдықпен күресуге, оны өзгертуге, жаңартуға бағыттаған. Оны өзінің болашақ өміріне пайдалана білуіне жол сілтеген. Қазір сананың ой-өрісі қатты дамыған. Тіпті, сананың тоқырау кезінің дәлелі ретінде ғылыми-техникалық прогрестің тууына әкелген. Әрқашанда сананың дамыған кезінде адамдардың әлеуметтік деңгейдегі бүгінгі болып жатқан келеңсіз соғыстардың шешімін табуға, соғыспен емес келісіммен адамның санасының келісуімен ұштастыра білу керек. Сана осы арқылы келеңсіздікті жеңе білуге ұмтылады. Мысалы, әлемдегі болып жатқан түрлі оқиғалар түсінікті жеткізіліп, білімнің негізіне сүйене отырып шешілуі тиіс. Сирия мәселесін шешудің жолын табуда, бір келісімге келтіру мақсатында Астанада үш рет бас қосу болды. Мұндағы басты тұжырым қазақтың ерте кездің өзінде ел аралық дауды ортақ келісіммен шешкенін аңғарту болса керек.
Сананың ең жетілген түрі – ортақ келісімге келу. Сана әрқашанда біліктіліктен, білімділіктен дамып өрбиді. Кез келген ғылым саласының ойшылдары, сананың жетілуіне үлес қосқан.
Сананың өзгерісі мынада: біз әлемдік деңгейдегі елдермен қарым-қатынас жасауда томаға тұйық өз тіліміздің аясында да басқа елдермен қатынас жасауымызға да болар еді. Бірақ дамыған елдердің экономикалық терминдері ағылшын тілінде болғандықтан көп мемлекеттер сауда-саттықтың, өндірістік қарым-қатынастың барлығын да ағылшын тілінде жүргізіп отыр. Дегенмен, олар өзіндік ұлттық ерекшелігін де сақтай білгенін айта кетейік.
Қазақтың бір кезде қолдану аясынан шығып қалған латын әріпі болашақ жастардың негізгі қоры болып табылатын идеяның қайта тууы, сонымен бірге ұлттық санамызды жаңғырта отырып, елдің өзгеруіне үлкен жол ашары хақ. Соның айғағы ретінде біз томаға-тұйықтан құтылып, әлемдік деңгейдегі дамыған елдердің жаңалығын алып игеруге болады. Сол көп тілділікті игере отырып, соның ішінде ағылшын тіліне басымдық берілді. Бұл Елбасының осы мақаласында айтылған, кез-келген дамыған елдің техникасының, ғылымының, сауда қарым-қатынасының тетігін білу үшін ағылшын тілін меңгеруіміз – міндет.
Осындай жағдайда біздің де өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, шет елдермен экономикалық қатынаста сол елдің тілін білуге, үйренуге әсіресе техникалық прогрестің негізі ағылшын тілінде жатқандықтан ұғуымыз керек. Қазір білім және ғылым жүйесіне ағылшын тілін енгізу, сол сияқты ағылшын тілін саясат үшін емес, экономикалық дамудың дәрежесін анықтап, дамыту керектігі бүгінгі күннің талабынан туындап отыр. Әсіресе, бұл Мәңгілік ел болудың тұрақтылығын, экономикалық жетілуін, бәсекелестіктің түйінін шешетін бағыт. Бұған байланысты Білім және ғылым министрлігі үлкен шаралар жүргізіп жатыр.
Жоғарыда айтылған идеялардың негізі өз еліңнің табиғи ерекшелігін, туған жердің қасиетін жеткізе отырып, киелі жеріңді мадақтауға мүмкіндік тудырды.
Білімнің дамуын қарапайымнан бастап, артынан күрделендіріп, жетілдіріп, жандандырып ұштастыра білу керек. Қазіргі жастардың неліктен мектеп оқулығын оқымайтыны мәселе болып тұр. Отбасында кітап оқуды дәріптеп қалыптастырудың орнына «iPad» «жұмыс» жасайды. Балалар өз бетімен оқып біліп, ұлттың өткен тарихын тануға, көне әдебиеттерді білуге тырыспайды.
Қазіргі кезде ой-санамызда, экономиканың әр саласында қолданылатын терминдерді білмей, оның өсу жолдарын ескермей, жұмыс бір жақты қарастырылатынын жоққа шығара алмаймыз.
Нарықтық экономика дамуының заңдылықтары халыққа дұрыс насихатталмау жағы да баршылық. Қалдықсыз технологияны ұқсатуды үйренуді толық меңгере алмай келеміз, мысалы, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің құлдырауы керемет қазына қойдың жүнін өңдейтін өнеркәсіп технологияларының болмауы ойландырады. Бұл таза табиғи шикізатты тек өртеп жіберетін болдық. Нарықтық экономиканы жете түсінбегендіктен әрбір қожалықтағы шаруашылықтан түсетін пайда мен оның ұлттық экономиканы дамытудағы тигізетін әсерінде оңдыра алмай келеміз. Айталық, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге тигізетін пайдасы бір ғана сүттің өзінен алынатын өнім түрлерінің тиімділігін білетін әрбір қожалықта маманданған менеджерлер болу керек. Мысалы, түйеқұстан, етті-сүтті ірі қара малдан түсетін өнімдердің экономиканы дамытудағы рөлін білмей дамытуға болмайды. Ол халыққа, сол халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге не береді?
Көп жағдайда өнімнің өсімі ғана есептеледі. Ал оның болашағын, тұрақты дамуын ескермейді. Сөйтіп, жерді тоздырады, малдың жем-шөп қорын азайтады.
Мұны айтып отырған себебіміз, шетелдерге беретін тауарларымыздың сапасы жақсы болу керек. Мысалы, академик Т.Шарманов жетекшілігімен жылқы сүтінен әртүрлі өнімдер – балмұздақ, биоайран, биосүт, балаларға арналған сүт-ірімшік өнімдері жасалып, сатылуда және ол кеңінен насихатталуда. Бұл – сауда-саттық нарығының экономикалық жолы ашылады деген сөз.
Қазақстанда шығарылатын ауыл шаруашылығының, тамақ өнеркәсібінің өнімдерінің өзіндік құны өте жоғары. Халықты нарықтық экономикамен сауаттандыру керек. Елбасының «прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деп нақты аталып өткен.
Мен «Қазақ елі – мәңгілік ел» деп аталатын кітап жаздым. Еңбектің жазылу мақсаты «Жер тарихы – ел тарихы» болғандықтан менің бүкіл ғылыми еңбегім Қазақ елі табиғатының қалыптасуы мен тарихын зерттеуге арналғандықтан, сонау көне дәуірден Қазақстан жері жайлы берілген мағлұматтарды жинақтап, оны Қазақ елінің қалыптасуы мен дамуымен байланыстыру. «Қазақ елі – мәңгілік ел» деген мұндай тарихи шешімге келуге еліміздің егемендік алуымен оның өткені мен бүгінгісі түгенделіп, іргетасының қалануы, әлемдік деңгейде мойындалуы, қазақ халқының өзіндік ұлттық дәрежесінің нығаюы мен индустриалды-әлеуметтік жағдайы жақсарған өркениетті мемлекеттердің қатарына жетуіміз тәуелсіздік жылдарында ғана қол жеткен ұлы табыстарымыз екені даусыз.
«Қазақ елі», «Мәңгілік Ел» деген атаулардың мағынасы бір-бірімен мазмұндас, бір елдің тағдырына байланысты ойларды жинақтап көрсететін ұғымдар. Ерте кезден-ақ сырт ел бізді «Қазақ елі» ретінде мойындағаны, солай атауды қалыптастырғаны тарихтан белгілі. Қазақ елін бұрын ешкім білмесе, бүгін әлем тағдырына қатысты мәселелер Елбасының қатысуынсыз шешілмейтін болғанын да көріп отырмыз.
Сарыарқа төрінде Астанада «Қазақ елі» деген монументтің қойылуы, «Мәңгілік Ел» салтанатты қақпасы Президенттің сара саясатының түйіні секілді «Мәңгі қазақ елі» деген тұжырыммен астасып тұр емес пе?!
Елбасы Атырау қаласындағы зияткерлік мектептің оқушыларымен кездескенде, олармен әдемі әңгіме өткізді. Сондағы әңгімесінде зиялы қауым мен шенеуіктердің алдында да өзінің бұрыннан толғанып жүрген ойын ортаға салды. Жас буындарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ата-анасын құрметтеу, кешегі өткен ел тұлғаларын жастардың бойына сіңіре отырып тәрбиелеуді алға тартты.
Кешегі өткенімізге үңілсек, Кеңес Үкіметі, кеңес халқы, кеңес қоғамындағы ұғымдар біздің елдерімізді біріктіріп келгенін білеміз. Бірақ оның уақыты өткен. Өткенді сараламай, болашаққа жоспар құруға болмайды. Себебі, Шыңғыс Айтматов айтып кеткендей, ондай ел «мәңгүртке» айналып кетуі мүмкін. Орыстар «Светая Русь» дейді, қырғыздар «қасиетті Қырғыз елі» дейді. Қытайды «Аспанасты елі», Жапонияны – «Күншығыс елі» дейді». «Қазақ елі» ұғымы да осы тіркестермен үндесіп жатыр. Қазақ елі деген атау өзінің тарихи тамырымен ұштасып жатқандықтан, оны өте сәтті шешім деп бағалау керек секілді.
«Қазақ елі» деген атау халқымыздың сипатын ерекшелейтін бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың өсіп-өнуін көрсететін және олардың мақтанышына айналатын ұғым екенін дәлелдеді.
Еліміздің халықаралық имиджін жаңа сатыға көтеріп, Қазақстанда «жасыл» экономиканың өркендеуіне жол салатын ЭКСПО-2017 халықаралық деңгейдегі көрмесін өткізіп жатқанымыз Қазақстан үшін үлкен мәртебе болып табылады.
Бұл да Елбасының ерен еңбегі деп білемін. Иә, Қазақ елі мәңгілік елге айналып келеді. Тәңірім тіл-көзден сақтасын!
Әлия БЕЙСЕНОВА,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және экология ғылыми-әдістемелік ортылығының меңгерушісі, география ғылымдарының докторы, профессор