Ел ертеңі өскелең ұрпақпен байланысты екендігін ескерген «Нұр Отан» партиясы мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Қазақ жастарының бірінші халықаралық форумын ұйымдастыруға мұрындық болды. «Рухани жаңғыру және жастар» тақырыбын талқылаған байыпты басқосуға әлемнің 20-дан астам елінен келген қандастарымыз қатысты.
Аталмыш форумды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Ақордалы Астанада мәнді мәжіліс құрушы қара көз жеткіншектердің жетелі сөз қозғауларына тілектестік білдірді. Тағдырдың жазуымен шартарапқа тарыдай шашырап кеткен халқымыздың тарихтың талай тауқыметін тартып, тек тәуелсіздік тұсында ғана атажұртта құшақ айқастыруға мүмкіндік туғанын алға тартты. «Біріккен Ұлттар Ұйымы дүние жүзіндегі 193 мемлекеттің басын қосады. Солардың ішінде кезінде бүкіл әлемді отарлық бөліске салып, жер жаһанға тараған ағылшын, испан, француз, португал, неміс және орыс сияқты алпауыт халықтар бар. Бірақ, осы елдердің ешқайсысы арнайы бағдарлама жасап, қандастарын шетелден шақырып жатқан жоқ. Бізбен тағдырлас Орталық Азия елдерінде де мұндай үрдіс кездеспейді. Тек Қазақстан ғана тәуелсіздік жылдары сырттағы 1 миллионға жуық қандастарымызды атамекенге алдырды. Бұл қазақтың бақыты үшін туған Елбасымыздың өз халқы алдында сіңірген ерен еңбегі. Осыны әрбір қазақ ешқашан ұмытпауы керек», деді ол салмақты сөзін сабақтап.
Сондай-ақ, партия Төрағасының бірінші орынбасары парасатты Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында қазақ жастарының қазіргі заманға сай сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалғанына айрықша назар аударды. Соның айғағы ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы маңызды міндеттерді тіліне тиек ете сөйледі. Мұндағы басты мақсат – елімізде ғылым-білімді дамыту арқылы қазақ жастарын әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне шығару екендігі атап көрсетілді. Кешегі Құрылтайда Елбасы шетелдерден келіп оқитын қазақ жастарына бөлінетін квотаның екі есеге көбейетіні туралы нұсқау бергеніне де ерекше екпін түсірілді.
Араласып-құраласпаса жақыныңның жатқа айналатынын айтқан Мұхтар Абрарұлы алыстағы бауырлар бір-бірін танып жүруі құба-құп болатынын, сондықтан жаһандағы жалғыз Отанымызды сүю қажеттігіне тоқталды. Оның ойынша, патриотизм дегеніміз – қазақ, Қазақстан деген қасиетті ұғымдарды жүрегіңнің төрінде ұстау.
Өз кезегінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков те пайымды пікір білдіріп, Қазақстанды мерейлі мемлекеттер қатарына қосудағы Елбасының ерен істері туралы әңгімесін нақты мысалдармен нақыштады. Жиналғандарды Отанымызды одан әрі өркендеуге үлес қосуға үндеді.
Жарыссөзде жалындап сөз сөйлеген жастарымыз аға буын артқан сенімге лайық серпін танытты. Олардың жүрек түкпіріндегі отаншылдық, ұлтжандылық сезімдері ой орамдарынан айқын аңғарылып тұрды.
Гүлмира АСЫЛБЕКОВА, Швециядағы «Абай» орталығының жетекшісі»:
− Құрылтайға қатысу барысында көптеген бауырларыммен жақынырақ таныстым. ЭКСПО-ны тамашалауға мүмкіндік туғызғандарыңызға мың алғыс. Қазақстан павильонына барып, елдің ширек ғасырда ғаламат нәтижелерге қол жеткізгеніне куә болдым. Еңселі елорданың көркі қандай, шіркін! Өз басым Астананы Қазақстан жетістіктерінің биік шыңы деп бағалаймын.
Ғалымбек ОРАЛХАНҰЛЫ, Қытай-қазақ студенттер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
− Азияның кіндік төсіндегі ұлы даланың ұлан-ғайыр жерін алып жатқан Қазақ елінің ару Астанасында ел мерейін асырған ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде өздеріңізбен кездескеніме өте қуаныштымын. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынас жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Мен Қытайда тұрсам да, Қазақстандағы өзгерістерге әрдайым көз жүгіртіп отырамын. Ұлы Жібек жолын жаңғырту бойынша екі ел арасында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында көтерілген латыншаға көшу бастамасы көрегендікпен қабылданған көшелі шешім. Бұл − барша қазақты тұтастыратын алтын көпір.
Кәрім Ілияс, таэквондадан Түркияның чемпионы:
− Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы бүкіл түркі дүниесін елең еткізді. Себебі, бұл шетел қазақтарының көптен күткен жаңалығы. Қазақстан әліпбиді өзгерту кезінде Түркияның тәжірибесін тиімді пайдаланып, оның артықшылығы мен кемшілігін салыстырып, түркі елдері ішіндегі ең мықты латын әліпбиін жасауына болады. Мен Ыстанбұлдағы Ататүрік аэропортынан ұшып келіп едім, енді қайтарда Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан аттанатыныма қуаныштымын.
Жәнібек ЕРҚАНАТ, Моңғолиядағы «Ақиық» туристік фирмасының бас директоры:
Қазақстанның әрбір қадамына тілекшіміз. Елбасы мақаласы жігерімізді жанып, ұлттық намысымызды оятты. Ел мәртебесі өсе берсін!
Динара Молдағалиева, биофизик ғалым, «Нұр Отан» ұйымдастырған «Nurintech» жобасының жеңімпазы:
− Мына ғасырда аса білімді адамдар ғана табыстың тай қазанын тасытады. Талантты замандастарымызды қолдауда партия қыруар іс тындырды. Солардың бірі − «Nurintech». Мақсаты – дарындыларды даралау. Ендігі жерде осы отырған бәріміз Елбасы белгілеген межелерді еңсеруге еңбектенгеніміз дұрыс.
Ермек ХАПИЗОВ, Ресей халқы жастары ассамблеясы Омбы аймақтық бөлімінің басшысы:
− Кейінгі уақытта омбылық қазақ жастары Қазақстанға қарай ағылуда. Тарихи отанымыз тартады. Осында бақытын тапқан бауырларымыз баршылық. Соларға еліктеп-солықтаймыз. Омбыда Шоқандай ұлы ғалымның, Мағжандай Алаш арысының іздері қалғанын мақтан етеміз.
Әділ АХМЕТОВ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері:
Біз бақытты ұрпақпыз. Егемен еліміз бар. Білгенге бұл баға жетпес бақ. Өзім басты рөлде ойнаған «Анаға апарар жол» фильмі тарихымызды тереңірек тануыма септігін тигізді. Талай көрерменнің көзінен жас тарамдап аққанын көрдім. Татарстанда бір кісі маған келіп: «Қазақтар, сіздер бақыттысыздар. Өз тарихтарың жөнінде кино түсіре аласыздар», дегенде тәуелсіздігімізге іштей тәубе қылдым.
Форум соңында жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жан-жақты жауап қайтарды.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»