Жиын әдеттегідей басталды. Алдымен екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұрандары орындалды. Содан кейін Қазақстанның Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров құттықтау сөз сөйледі. Вице-министр Қазақстан мен Ұлыбритания арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 25 жылдың ішінде мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастық дамуының жоғары қарқыны орын алғандығын әңгімеледі. «Ұлыбритания Қазақстанның сауда серіктестерінің үздік ондығына кіреді және тікелей инвестиция көлемі бойынша алтыншы орында тұр. Елдеріміз арасындағы мәдени байланыстардың да деңгейі жоғары екендігін атап өту керек. Қазақстан студенттері Ұлыбританияда білім алуда. Астана мен Алматыда британ мектептері бар. Елімізде британ әдебиетінің де танымал екендігін айта кеткен жөн. Шекспирді естімеген оқырман, Гарри Поттерді білмейтін бала жоқ.
Ұлыбритания дәстүрді ұстанатын елдердің бірі саналады. Бұл ретте Қазақстан мен Ұлыбритания дәстүрлерінің бір-бірімен жақын екендігін еске салған орынды. Британдықтар сияқты біз де шайды жақсы көреміз», деді Ерлан Хаиров.
Ханзада Ричард бірінші дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінің 1951 жылы Лондонда өткендігін айтып, сол шараның алғашқы салтанатты ашылу рәсімі болғанына қарамастан, оған небәрі 25 ел ғана қатысқанын жеткізді. «Ал Қазақстан астанасындағы көрмеге 100-ден астам елдің қатысуы – зор жетістік. Біз Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы шешімді алғашқылардың бірі болып қабылдадық», деді ол.
Марке, Тоскана мен Умбрия өз жетістіктерін көрсетті
ЭКСПО-2017 қалашығында Италияның үш бірдей аймағы – Марке, Тоскана мен Умбрия өз жетістіктерін көрсетті. Аталған аймақтар баламалы энергия жобаларымен бірге, өңірлеріне тән тауарлар мен бұйымдарды алып келген.
Италияның орталық аймақтарын біріктіріп көрсетудің өзіндік мәні бар. Бүгінде Марке, Тоскана мен Умбрияның әлеуметтік-экономикалық байланысы тығыз. Дегенмен, әрбір аймақтың өзіне тән өндірісі мен кәсібі бар. Мәселен, Марке кәсіпкерлікті дамыту жағынан ілгері келеді. Адриат мұхиты бойында орналасқан курорттарға туристер жиі барады. Осы аймақтың өндірістік әлеуеті де жоғары. Былғары, аяқ киім, тоқыма, ағаш пен жиһаз, механика, тамақ өнеркәсібі, кеме жасау – бәрі-бәрі Маркенің дәстүрлі салалары. Оған қоса, жаңа технология негізінде инновациялық өндіріс орындары да жақсы дамып келеді.
Тоскана аймағы Еуропаның қақ ортасында орналасқан. Экономикасы сан салалы. Содан болар, ол жерде мыңдаған компания жұмыс істейді. Италиядағы білікті мамандардың біразы сол жерде еңбек етеді. Себебі, аймақ басшылығы өз кәсібін жақсы білетін адамдарды ұстап қалуға тырысады. Осының арқасында геотермия, биомасса, жел мен су энергетикасы, интеллектуалды жүйелер және тағы басқа салалар қарқынды өсу жолын тапқан.
Умбрия – Марке мен Тоскананың арасында жатқан аймақ. Онда ауыл шаруашылығын дамыту шараларына басымдық берілген. Сондай-ақ, қолөнер саласы жақсы дамыған. «Біз әрбір аймақтың ерекшелігін көрсете отырып, үшеуінің байланысын – өзара синергиясын көрсетуді көздейміз. Марке, Тоскана мен Умбрия Италияның «орталығы» болып саналады. Үш аймақтың арасында интеллектуалды, мәдени-тарихи және әлеуметтік қарым-қатынас жақсы. Дегенмен, әрбір аймақ өз ерекшелігін сақтауға тырысады», дейді Марке аймағының вице-президенті Анна Казини.
Энергетика саласындағы жетістіктерден бөлек, Италия аймақтары керамика көрмесін де ашты.
Литва күніндегі лазерлік шоу
ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығында Литваның ұлттық күні басталды. Салтанатты рәсімде «Астана ЭКСПО-2017» комиссары Рәпіл Жошыбаев биыл Қазақстан мен Литваның дипломатиялық қарым-қатынасына жиырма бес жыл толатындығын еске салды. Ол сонымен қатар екі ел арасында сенімді достық пен іскерлік қатынас берік орнағандығын атап өтті.
«Соңғы жылдары сауда айналымы 300 млн долларды құрады. Литва халықаралық көрмені Қазақстанда өткізуді қолдаған алғашқы елдердің бірі», деді «Астана ЭКСПО-2017» комиссары.
Қазақстандағы Литва Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Наудужас әлемдегі энергетиканың «жасыл» болып жатқандығына баса назар аударды. «Біз жер жүзі көз тіккен осы көрмеге «Энергия» тақырыбындағы білімімізді жетілдіру мақсатында үш айға келдік. Біздің есебіміз бойынша, 2050 жылға қарай Жердегі адам саны 9 миллиардқа жетеді және халықтың төрттен бір бөлігі қалада тұрады. Бұл уақытқа дейін, 2000 жылмен салыстырғанда энергияға деген сұраныс екі есе өседі», деді Витаутас Наудужас.
Монакомен мүддеміз тоғысады
Монако xанзадасы ЭКСПО-дағы ұлттық күніне Монте-Карлоның циркін алып келді. Мәртебелі меймандарды Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр әлем» павильонының алдында күтіп алды.
Мерекелік концертте ханзада II Альберт өзінің жылы лебізін білдіріп, бұл көрменің екіжақты байланыстарды нығайтуға тағы бір мүмкіндік беріп отырғанын айтты. «Біз үшін көрмеге қатысу – үлкен құрмет. Қазақстан мен Монако бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен, мақсат-міндеттеріміз бір. Ол – жасыл экономиканы дамыту, баламалы энергетиканы нығайту», деді xанзада.
Монако басшысы Қазақстанның баламалы энергетика бойынша 2050 жылға дейінгі мақсаттарын жақсы білетініне тоқталып, өз мемлекетінің сол жылға дейін көмірқышқыл өндірістерден толығымен бас тартуды көздейтінін атап өтті. «Қазірдің өзінде біраз жобалар қолға алынды. 2050 жылға дейін аз уақыт қалды. Сондықтан, қазірден бастап әрекет ету керек. Оған дейін біз толығымен баламалы қуат көздеріне көшеміз. Оған еш күмәніңіз болмасын», деді II Альберт.
Мерекелік шара барысында Монте-Карлодан келген цирк әртістері өнер көрсетіп, қуыршақтар театрымен көрерменнің көңілін көтерді.
Қытаймен қатынас қарқын алып келеді
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Қытай Халық Республикасының павильонында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Астана қаласының әкімдігі, «Инновациялық технологиялар паркі» автономдық кластерлік қоры және «Zhejiang «Jumore» E-commerce Co. Ltd» компаниясы арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Чжэцзян провинциясының күні аясында өткен бұл шараға осы провинция вице-губернаторы Лян Лимин, ҚХР Халықаралық сауданы дамытуға ықпал ету жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Чэнь Чжоу, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй қатысты. Қол қойылған құжаттар аясында тараптар «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы шеңберінде экономиканың жеделдетілген жаңғыруын жүзеге асыру мақсатында цифрлық сервистерді енгізу және оған жағымды жағдай жасау үшін ынтымақтасып жұмыс істеуге келісті.
«Jumore» компаниясы тиісті онлайн-платформаны пайдалану арқылы қазақстандық және қытайлық компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың орнауына жағдай жасаумен, электрондық коммерция, логистикалық және қаржы қызметі салаларын дамытумен айналысады, Автономдық кластерлік қоры қажетті сараптама мен операциялық бақылау жасайды. Астана қаласы әкімдігі технологиялық кәсіпкерлікпен айналысатын компаниялар мен стартаптарды тартпақ. Ал АХҚО өз кезегінде онлайн-платформа базасындағы қаржылық технологиялардың дамуына бағытталатын компаниялар мен стартаптардың жұмысына қажетті қолдау көрсетумен айналысады.
Топтаманы әзірлеген
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»