Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған бұл ауқымды шара елімізде де ғылымның, инновацияның дамуына жаңа серпін бергені даусыз. XXI ғасырда кез келген мемлекеттің әлеуеті қаруының күшімен емес, заманауи технологиялар саласындағы жетістігімен бағаланатынына көз жеткізіп отырмыз. Қазақстанның қазіргі саясаты шикізат өндірумен шектелмей, биологиялық алуан түрлігімізді, энергияның жаңа көздерін пайдалана отырып, инфрақұрылымды жоғары деңгейде дамытуға экологиялық таза өнім шығаруға, экологиялық қауіпсіз орта құруға бағытталған. Бұл ретте Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын ең белді оқу орындарының бірі ретінде біраз жылдан бері әлемдегі белгілі оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен тығыз әріптестікте жұмыс істеп келеді. Осыдан төрт жыл бұрын Елбасымыздың Жібек жолдары елдерінің қарым-қатынасын нығайту туралы бастамасы Қытай елі тарапынан қолдау тауып, көрші елмен аграрлық ғылым саласындағы байланыстарды нығайтуға мүмкіндік алдық. Астана қаласының айналасында жасыл белдеу құру, жаңа өнім түрлерін сұрыптау, жаңа дақылдар шығару, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру – бүгінде халықаралық байланыстар аясында қол жеткізген жұмыстарымыздың азғантай бөлігі ғана.
Жақында Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумының аясында қытайлық әріптестеріміздің шақыруымен ҚХР Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының 60 жылдығына орай ұйымдастырылған дүниежүзілік саммитке қатысуға мүмкіндік туды. Жиында Қазақстанның ауыл шаруашылығының жетістіктері туралы баяндама жасадым. Әлемнің 30-дан астам елінің ғалымдары мен жоғары оқу орны жетекшілерінің басын қосқан бұл жиында аграрлық саланың жаһандық даму үрдістері талқыланып, саланың болашағы туралы ортақ ұстаным қалыптастыруға бетбұрыс жасалды. Айта кетерлігі, басқосуға қатысушы көптеген атақты ғалымдар, ЖОО басшылары, кәсіпкерлер еліміздегі ЭКСПО-ға үлкен қызығушылық танытып, қатысатындықтарын білдіріп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ағымдағы жылы 3-5 шілде аясында Қазақстанда тұңғыш рет С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ бастамасымен Жібек жолы бойы елдерінің ауыл шаруашылығындағы білім және ғылым жөніндегі халықаралық альянсының жиыны өткізілгелі отыр. Бұл – республикамыздың аграрлық ғылымы мен білімінің тарихында тұңғыш рет өтетін шара. Былтыр Қытай ауыл шаруашылығы академиясының ұйытқысымен құрылған бұл альянсқа 40-тан астам елдің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдары кіреді. Мақсат – аграрлық саладағы мәселелерді бірлесе шешу. Аталған жиынға шетелдердің 40-қа жуық жоғары оқу орындарының ректорлары, академиялар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысуға ниет білдірді. ЭКСПО-мен тұспа-тұс ұйымдастырылып отырған бұл шараға келген қонақтарымыз халықаралық көрме жетістіктерімен, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-инновациялық, мәдени, рухани әлеуетімен жан-жақты танысады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жаһандық даму көшінен өзінің лайықты орнын алуына ықпал ететініне сенеміз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор