27 Маусым, 2017

Төрағалық табыстары

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан өзінің Шанхай ынтымақ­тастық ұйымындағы (ШЫҰ) 2016-2017 жылдардағы кезекті төрағалығын үстіміздегі жылдың 9 маусымында Астанада өткен Мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қоры­тын­дылады. Әдеттегідей, еліміз бұл төраға­лыққа үлкен дайындық­пен келіп, ұйымның жаңа сатыға көтерілуіне, аймақ мемлекеттері ара­сын­­дағы саяси-экономикалық, қауіп­сіз­дік және мәдени-гуманитарлық сала­лар­дағы ынтымақтастықты нығай­туға барынша күш салғаны белгілі.

Төрағалық табыстары

Төрағалық барысында жұмыс Елбасы Н.Ә.Назарбаев басымдық бер­ген, аймақтық қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, көлік-тасымал әлеуетін арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету сияқты бағыттар бойынша жүргізілгені белгілі.

Қазақстан тарапынан бір жылдың ішінде үлкен шаруа атқарылып, ұйым қызметінің барлық бағыттарын қамти­тын 300-ден астам іс-шара өткізіл­ген. ШЫҰ-ның Астанада өткен самми­тін­де оның 15 жылдық қызметі қорытын­дыланып, болашақтағы басым бағыттары айқындалып, өзі сандық және сапалық тұрғыда айтарлықтай күшейіп, тұрақты мүшелікке Үндістан мен Пәкістан қабылданды. Ұйымның құрамы көп уақыттан бері алғаш рет кеңейіп, Астана саммиті тарихи шараға айналды. ШЫҰ-ның географиялық шекарасы 3 миллиардтан астам халқы бар аумақты қамтып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінде біз ШЫҰ кеңістігіне іргелес кейбір аймақтарда жағдай ушығып, геосаяси шиеленістің өрши түскеніне куә болып отырмыз. Осы орайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдемесін қабылдауы дер кезінде жасалған қадам болды.

ШЫҰ – аймақтағы қауіпсіздік мәсе­лелерін үшінші күштердің қатысуын­сыз шеше алатын, Азия аумағында қауіп­­сіз­діктің жаңа архитектура­сын қалып­­тас­ты­рып келе жатқан бірегей құры­лым. 2016 жылдың қарашасында БҰҰ Бас Ассамб­леясының ШЫҰ-мен ынты­мақ­тастықты дамыту туралы қарары қабыл­данды. Сондай-ақ, толастамай тұр­ған трансұлттық есірткі қылмысына қар­сы күрес мәселелері жөніндегі БҰҰ-ШЫҰ жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шара­лары қарқынды жүруде. ШЫҰ-ның Еура­зия­лық экономикалық одақпен және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымымен өзара іс-қимыл байланыстары да жаңа белеске шығуда.

Еліміз өзінің ұйымдағы төрағалығы барысында аймақтағы әлеуметтік-эконо­ми­калық және саяси үдерістерге оң ықпал етуге ұмтылып, ШЫҰ әлеуетін мүм­кін­дігінше пайдалануға әрекет ет­кені белгілі. Осы бағытта, әлемде орын ал­ған қаржы-экономикалық дағдарысқа қара­мас­тан, Отанымыздың Еуразия кеңіс­ті­гінің ортасында орналасуын ұтым­ды пайдалану мақсатында, сондай-ақ, ұйым елдері арасындағы сауда-эконо­ми­к­алық байланыстарды нығайту үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі салынып, іске қосылуда. Бұл өз кезе­гінде аймақ елдері арасындағы ын­ты­­мақ­тастықты нығайтып, елдер эко­но­­микасының өсуін қамтамасыз етіп, тауар айналымын бірнеше есе артты­ра­тын болады. Бұған ұйымға мүше мем­ле­кет­тердің үкіметтері арасындағы халықа­ра­лық автомобиль тасымалы үшін қолай­лы жағдай жасау жөніндегі келісім ық­пал етпек. Еуразиялық экономикалық одақ жобаларының «Жібек жолының эконо­микалық белдеуі» бастамасымен ұштасуын ескерсек, аймақтағы сауда-эко­номикалық ынтымақтастықтың болаша­ғы­ның зор екендігін байқаймыз. Алдағы мерзімде ШЫҰ шеңберінде еркін сауда аймағын құру елдер арасындағы өзара сауданың артуына септігін тигізері сөзсіз.

Ұйымның басым бағыттарының бірі – мүше-мемлекеттер арасындағы мәде­ни-гуманитарлық ынтымақтастық та жаңа сапалы сатыға көтерілуде. Бұл рет­те Шанхай ынтымақтастық ұйымы уни­верситетін құру және оның қызметі туралы келісімге қол қойылуы мүше мем­ле­кеттердің білім және ғылым сала­сын­дағы ынтымақтастықты бірлесіп дамытуға деген құлшыныстарын білдірсе керек. Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдардағы туризм саласындағы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары пысықталып, өзара іс-қимылдардың белсенділігі артатын болады.

Қазақстан қандай ұйымда төрағалық етсе де Ауғанстан мәселесін күн тәрті­бі­нен тү­сір­ген емес. Осы жолы да елі­міз ұйым­ға мү­ше елдердің назарын Ауған­станға аудар­тып, ресми Кабулге мүше-мемлекеттер тара­пы­­нан саяси-экономикалық тұрғыда қол­дау көрсетіп, осы елден таралатын есірт­кі тасымалы мен діни экстремизмге тос­қауыл қоюға қатысты нақты шаралар атқарылды.

Осылайша, Қазақстан ұйымның барлық басым бағыттары бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне мемлекеттер ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана қол жеткізуге болатынын тағы бір дәлелдеді әрі жоспарланған іс-шараларды төраға ел ретінде толығымен атқарды.

Елімізде «Болашақтың энергиясы» ұра­ны­мен өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халық­­аралық мамандандырылған көрме­сінде ШЫҰ павильонының ашылып, қуат көздеріне қатысты жаңа технологиялар мен инновациялардың таныстырылуы – ұйымның кемелденгендігін көрсететін жайт.

Нұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы