Әдебиет • 27 Маусым, 2017

Бір ғасыр бұрынғы бостандық

5082 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газеті алдағы уақытта ел өңірлеріндегі, яғни облыстық, қа­ла­лық, аудандық газеттерде жарияланған маңызды мақалаларды өз бетінде жарыққа шығаруды қолға алып отыр. Бұл бастаманың тырнақалды туындысы ретінде бүгін біз Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істейтін журналист Қуаныш Тұңғатардың «Атамыз − Алаш» айдары аясында жарық көрген зерттеу мақалаларының Шәкәрімге арналған бөлімін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бір ғасыр бұрынғы бостандық

Қазақ елдігінен айрылып, бодандыққа біржола бата бас­таған ХХ ғасырдың басын­дағы аласапыранда бүгін біз «Алаштықтар» деп атап жүрген саяси қайраткерлер тарих сахнасына шықты. Еркін­дік жолындағы осы жан­кешті шайқастың ортасында ақсақалдық жасына қарамай Шәкәрім де жүрді. Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған тайғақ заманда Алаш зия­лыларының азаттық жолындағы бастамасын қолдап, ел алдында езгіге қарсы дүркін-дүркін сөз сөйледі. Әдетте, біз қазыналы қарияны шашасына шаң жұқпайтын ақын ретінде ғана құрметтеп, ары кетсе руханияттың шамын жаққан данагөй деп бас иіп келдік. Шын мәнінде, Шәкәрімнің тәуелсіздікке талпынған қазақ халқы үшін төккен тері көл-көсір. Әсіресе, жау жағадан, бөрі етектен тартқан тар заманда ел басқару ісіне қатысты келелі кеңестер айтқаны, Әлихан, Ахмет және Міржақып тізгінін ұстаған саяси қозғалыстарға бағыт-бағдар бергені бүгін белгілі болып отыр. Кешегі солақай саясат ақынның Алашорда үшін атқарған еңбегін бүркемелеп, жаттауға жеңіл, көбіне жастық шағында жазылған махаббат жайлы өлеңдерін ғана насихаттауға жол берді. Кеңес билігі ақынды ақыры Қарасартовтың қолымен аяусыз өлтірді. Қазақ тұлғасына салынған тұсау мұнымен біткен жоқ. Жылдар бойы құдық түбінде жатқан мүрде 30 жылдан кейін ғана арулап көмілді. Ал есімі егемендік алғанға дейін еленбеді, ескерілмеді. Отаршыл биліктің материалистері ұлт үшін туған қаһарманды сезім отын жырлаған лирик ретінде көрсетуге күш салды.

Көрдіңіз бе, Шәкәрім «ерікті ел» деген сөзді қолданады. Яғ­ни, оның аңсары, арманы – азаттықта. Ол өлеңін тектен-текке «Бостандық таңы атты» деп қойған жоқ. Ерікті ел – тәуелсіз елдің баламасы. Қайраткер ерікті ел болуға ұмтылудың болашақ үшін пайдалы екенін меңзейді. 

ШӘКӘРІМ

Шәкәрім – поэзия арқылы ар мен ұят ілімін насихаттаған, адамгершілік пен пендешіліктің арасалмағын өлең өлшеміне салған, жан тазалығын  шын жүрегімен жырлаған білімдар ақын. Оның бұлай төрт құбыласы тең түсуіне, өлеңдерінің теория талаптарынан қиыс кетпей, мағынасы мен мазмұнының жұп-жұмыр шығуына ұстазы әрі ағасы Абай оң ықпал етті. Шәкәрім рухани ұстазы өмірден өткен соң Мысыр, Түркия, Арабия барып, шығыс пен батыстың білімін жинап қайтты. Ислам дінінің игіліктерін қарапайым мысалдармен түсіндіре білген ақын өмірінің ақыры аянышты. Көпшілігі шайырды шалғайдағы Саятқорада елден жырақ жатып, шығармашылықпен айналысты деп ойлайды. Расында солай болғанмен, солақай сая­сат кеңестік кезеңнің соңына таман ақталған ақынның 1916 – 1930 жылдар аралығында не істегенін, саясат пен қоғамда қандай қозғалыстарға белсене араласқанын сол қалпы жасырын ұстады.

Ақынның Әлихан Бөкейхан құрған Алашорда үкіметі туралы оң көзқараста болғанын айғақтайтын тарихи құжаттар жеткілікті. Бұл туралы тәуел­сіз Қазақстанда ғана мәлім болып отыр. Тіпті, тарих ғылым­дарының докторы Мәмбет Қойгелді Шәкәрімнің алашордашылармен кездесіп тұрғанын, Семейде Әлихан екеуі жиі әңгіме-дүкен құрып, «Алаш» партиясының болашағы туралы сөз қозғағанын айтады. Шәкәрім мен Алашорданың қаншалықты қатысы барлығын белгілі ғалым, тарихшы Ерлан Сыдықов та зерттеген. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейханнан бөлек, Жүсіпбек Аймауытовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың еңбектерінде Шәкәрімнің есімі жиі-жиі қай­таланып қоймай, жиындарда ел болашағы турасында сөз сөйлегені келтіріледі. Мәселен, жазушы Жүсіпбек «Желкек» деген бүркеншік есіммен Шә­кәрім ақсақалға арнап арнайы мақала жазғанын біреу біл­се, біреу білмес. «Шәкәрім ақсақал шежіресіне жеңіл-желпі жұмысша қарамай, терең ойлап, көп оқып, сан салыстырып барып жазғаны көрініп тұр. Бұл турада ақсақалды қазақтың «Карамзині» десек, артық мақтаған болмаспыз», – деп жазады Жүсіпбек. Мұндағы шежіре деп тұрғаны – Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегі. Байқасақ, Алаш арыстарының ең беделді жазу­шысының өзі Шәкәрімнің жаңа кітабын жоғары бағалап, мерзімді басылым бетінде оқырманнан сүйінші сұраған.

Абайдың шәкірті 1917 жыл­дың әйгілі Ақпан төңкерісінде көп қазақпен бірге қуанды. Бұған дейін торығып, қамығып жүретін ақын қазақтың басына бақыт орнайтын күннің барлығына шүкір етті. Хандық дәуірдегі қа­зақтың өр мінезін алып қойған отарлаушы ұлттың қамытынан құтылып, асқақ рухпен жырлады. Ру мен руды аңдыстырып, жалған жала жапқанды көтермелеп, ел деп еңірегендерді итжеккен­ге айдаған сұрқай заманға лағнет айтты. ХХ ғасырдың басынан бері қазақ үшін жанын беруге даяр Әлихан, Ахмет, Мір­жақыптармен кездесті. «Бостандық таңы атты» деген өлеңін жариялап, туған халқына жарқын да азат жаңа жолды көрсетті.

Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,

Арға ие басшының соңынан еріңдер.

Таң артынан хақиқат күн шығады,

Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер,

– деді Шәкәрім. Бірінші шум­а­ғынан-ақ халықты жалған ұранға ұрындырмауды көздеген данагөй үшінші тармағынан бастап әрбір адамның жүрегін қарайтатын кеселдерден сақтандырады. Бұл жерде ақын арға ие басшы деп Әлиханды айтып тұруы әбден мүмкін. Ал таң артынан күн шығатынын Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз!» деген өлеңімен бай­ланыстыруға болады. Мұнда Шәкәрім күнді мысалға ала отырып, алашордашылардың бастамасына өлеңмен пікір білдіреді. Күн шынында да Алаш партиясының сол кездегі символы іспеттес еді. Бұған Алаш арыстарының күнді жиі мысалға алып, мақала, өлең, ұран сөздер жазуы дәлел.

Шәкәрім – алашордашыл ақын. Кеңес кезінде естіген адам­ға түрпідей тиетін «Алаш» сөзі ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтының тәуелсіздігімен пара-пар еді. Ақпан төңкерісі бос­тандықтан бағы ашылмаған аздаған ұлттарға азаттық алуға мүмкіндік берді. Шәкәрім сол азаттық қазаққа да тиеді деп ойлады. Ел ішіндегі ірілі-ұсақты дау­ларды тастап, әрбір ер-азаматты елдіктің ісіне жұдырықтай жұмылуға шақырды. Өйткені, ақынның тәуелсіздікке талпы­нысы жоғары болды. Оның бұл талпынысын идеология майданынының бел ортасында жүрген Әлихан бастаған зия­лы топ жақсы түсінді. Ақ­сақалды азаттық жолында құ­рылған Алашорда үкіметінің қолдаушысы әрі мүшесі ретінде құрметтеді. Шәкәрім мен Алаш арыстарының арасында тығыз байланыс орнады. Бұған дейін орыстың данышпан қаламгері Лев Толстоймен хат алмасқан ақсақал ендігі кезекте ұлт бостан­дығы жолында ұйысқан қазақтың жастарымен идеялас қайраткерге айналды.

Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,

Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.

Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,

Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.

Көрдіңіз бе, Шәкәрім «ерікті ел» деген сөзді қолданады. Яғ­ни, оның аңсары, арманы – азаттықта. Ол өлеңін тектен-текке «Бостандық таңы атты» деп қойған жоқ. Ерікті ел – тәуелсіз елдің баламасы. Қайраткер ерікті ел болуға ұмтылудың болашақ үшін пайдалы екенін меңзейді.

Ар түзер адамның адамдық санасын,

Ақ жеңіп шығады арамның қарасын.

Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,

Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын,

– деп ақын он алтының ойранын астарлап өтеді. Мұндай қым-қиғаш соғысқа бар болғаны адамның нәпсісі себепкер екенін атап көрсетіп, таласпаған адамзатты қара жер тойғызатынын тілге тиек етеді. Шәкәрім бос­тан­дық таңы атқанын барша қазаққа жар салғанымен, теңдік орнатуға тырысқан жарлылардың билігі белең алып кеткенін кеш байқады. Бірақ, олардың сая­си ұстанымы адалдыққа құ­рылғанымен, Шәкәрім бай-кедей деп әлеуметтік тартысқа салып қоятын биліктен көп шикілік тапты.

Естеріңізде болса, Әлихан Бөкейхан «Кәкітай» деген та­қырыппен шағын мақала жазады. Бұл туралы жоғарыда кел­тірген Мәмбет Қойгелді мен Ерлан Сыдықов та зерттеу жүргізген. Сонда Әлихан Шә­кәрімге арнайы тоқталып, Мемлекеттік думаға депутат ретінде ұсынғанын айтады. Алайда, ақын бірден лауа­зымды орыннан бас тартып, орнын Темірғали Нұрекенов есімді білімді болысқа беріпті. Біле білген адамға бұл үлкен үлгі әрі мансапқа қызықпаудың іс жүзіндегі дәлелі болатын. Әлихан да мақаласында: «1908 жылы Семейде абақтыда борышымды күтіп жүрген кезімде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы біраз күн көңіл көтеріп, шат-шадыман болған едік. Мен абақтыда жатқанымда олар тағы келіп амандасқан. Бұған өзге қазақ жарамады-ау», – дейді. Бұл мақаладан біз Шәкәрім мен Әлиханның тығыз байланыс­та болғанын білеміз.

Шәкәрім тәуелсіздікке ұм­тылған туған ұлтын отарлық езгіден құтқаруға тырысты. Бүкіл Ресейдің саяси мінберінде сөз сөйлеп, заң шығаруға лайықты қазақ арасындағы бірден-бір адам Шәкәрім еді. Әлихан Абайдың шәкіртін өзіне ұстаз тұтқаны анық. Бәлкім, сол себепті де, Шәкәрімнің кандидатурасын думаға депутаттыққа ұсынған шығар?! Бұл жағы бізге беймәлім болса да, ақынның атақ-даңқы онсыз да депутаттыққа жетелейтіні сө­зсіз еді. Соны дер кезінде аң­ғарған Әлихан ақсақалды қазақ мүддесін қорғайтын адам ретінде билік мінберіне жібергісі келді. Алайда, оған билік, мансап, атақ, нәпсі, партия дегеннен мүлде жеріген, рухани іліммен шұғылданып жүрген Шәкәрімнің баруы екіталай еді. Солай болды да. Тек ақын Алаш қозғалысына үмітпен көз тіккені, оның сая­­си жұмыстарына белсене ара­лас­қаны жасыруға келмейтін ақиқат.

«Қазақ» газетінің № 262 са­нына «Алаш құрбандары» атты мақала басылады. Азамат соғысы белең алып, ел іші ала тайдай бүлінген 1918 жылдың басы еді бұл. Алашорда билігі құрылып, қазақ тәуелсіздігін паш ететін бағдарламалар съезд арқылы қабылданып қойған кез. Тіпті, Алашорда үкіметінің жеке жасағы, қоғамдық тәртіпті орнататын сақшылары, ел қорғайтын қарулы, атты әскерлері бар. Се­мей төрінде 6 наурыз күні таңғы сағат 9-да мылтықсыз ойнап жатады. Аталған мақаланың авторы Ж. Жәнібеков Семейді «Алаш қаласы», әскери жат­тығуды «мылтықсыз ойын» деп көрсетеді. «Сонда 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді, – дейді автор бір сұмдықтың алдындағы оқиғаны сөзбен шебер суреттей келіп. – Мылтық дауысы шыққан соң бірлі-жарым жігіт қашуға айналғанда милиция бастығы, мұғалімдер семинариясының шәкірті Қазы Нұрмұхамедұлы айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек өлейік. Бәрімізді қырмас», – деп тоқтау айтып, өз орнында тұрды. Сол арада мыл­тық үсті-үстіне атылып, Қазы­ның өзіне де, атына да оқ тиді».

Есіл жас сол арада жан тап­сырады. Мақала авторы жігітті Алаш құрбаны деп аза тұта­ды. Алашорданың алғашқы құр­банына халық көп жиналады. Бүкіл Семей жұрты қайғырады. Ең бастысы, жас жігіттің өліміне Шәкәрім Құдайбердіұлы да қаты­сады. Жаназасын шығарып, қабір­ге қойған соң ақын қаралы жиын­ға қарап былай деп сөз сөйлепті:

– Әлеумет! Мынау жатқан кім? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер. Бұл күнгі һәм мұнан соңғы ұлтым деген азаматтар мына мен сияқты болып ұлтым деңдер деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қази еді. Қазы – би деген сөз. Қазы билігін етіп кетті. Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе. Арманың жоқ. Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек. Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы қалды. Соны тәрбиелеп адам қылу, бәріңнің, барлық Алаштың мойнына парыз және өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай-тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім енді, бүгін өлсем де арманым жоқ!

Шәкәрім жас өлімнің алдында ұзақ сөйлейді. Мақала авторының айтуынша, ақсақалдың сөзінен кейін жиналған жұрт тегіс жылапты. Шәкәрімнің сөзінен кейін Міржақып Дулатұлы қабырғасы қайыса отырып өлең оқиды. Біз бұл мақаладан Шәкәрімнің Алаш қозғалысына белсене қатысқанын ғана емес, олардың әрбір мүше­сіне қатты алаңдайтынын көрдік. Алашорда билігінің жас сақшысы жазатайым оқ тиіп қаза болғанда, Шәкәрімге мұншама жігер беретін сөз сөйлеу оңай емес екені белгілі.

Ақынның тағдыры тым ауыр. Ұлт үшін туып, оққа ұшқан аза­матқа ақтарыла сөйлеген шайыр­­дың сөзінен ұзақ жыл­дық зарды, мұңды, орны толмас қайғыны көруге болады. Дәл осы оқиғадан 13 жыл өт­кеннен кейін Шәкәрімнің өзі де оққа ұшарын білді ме екен? Қысқасы, бұл оқ тек Шәкәрімнің ғана емес, 1938 жылға дейін миллиондаған қазақтың өмірін қиып түсірді емес пе?! Халық Абай­дан кейін Шәкәрімге, Әли­ханға имандай сенді. Осы қос тұлғаның ұлтты адастырмайтынын білді. Ең бастысы, Шәкәрім – алашордашылардың көшін бастап тұрған ақсақалы, жасы үлкені, көргені мен түйгені көп абызы еді. Алашорданың 100 жылдығына орай жазған мақа­ламыздың әлқиссасын Шә­кә­рімнен бастап отырған себебіміз де сол.

Қуаныш ТҰНҒАТАР