Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Нұрлан ОНЖАНОВТЫҢ авторлығымен шыққан кітап түрлі фактілер мен материалдарға, Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мен Анкара арасындағы текетірес секілді күрделі мәселелерді реттеу, сондай-ақ Сириядағы аса күрделі дағдарыстан шығу жолдарын іздестіру барысында әлемдік лидерлер мен халықаралық ұйымдар басшыларымен сұхбаттарының үзінділеріне бай. Автор Мемлекет басшысының Қазақстанның түрлі халықаралық бастамаларымен қоса сириялық және Ресей-Түркия мәселелері бойынша бітімгерлік қызметін сараптай келе, Нұрсұлтан Назарбаевты бейбітшілікті қамтамасыз ету және халықаралық қауымдастықта өзара сенімділікті нығайту туралы жаһандық идеяға байлам жасайды деген тұжырымға келеді. Бүгін біз осы кітаптан үзінді жариялап отырмыз.
Сириядағы дағдарыс әлі де жалғасып жатқанына қарамастан, бүгін осы қанды шиеленісті аяқтауға мүмкіндік беретін бетбұрысты кезең келді.
Ресей, Түркия және Иран басшыларының Астанада сирияаралық келіссөздерді бастау туралы уақытылы бастамасы Сирияда оқ атуды тоқтатуға жол ашты. Бұл мемлекеттер бүгінде де осы уағдаластықтарды жүзеге асыруға күш салуда. Астана алаңы Женева процесіне қосымша болып табылады. Қазақстан келіссөздердің екі алаңда да жүргізілуін қолдайды.
Дағдарысты бейбіт реттеу үшін Сирияның ішінде және одан тыс жерлердегі барлық мүдделі тараптар күш-жігерлерін біріктіру қажет.
«Бітімгер: Сирия түйіні» кітабының басты ой өзегі де осы.
Бітімгер болмысы
...Мемлекет басшысы жұмысының ресми бөлігі БАҚ-та жеткілікті деңгейде жан-жақты көрініс табады. Солай бола тұрғанмен, Елбасының жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге, сондай-ақ, Қазақстанның шетелдермен достық қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған ерен еңбегінің көптеген элементтері кадр сыртында қалып қоя береді.
...Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің шетелдік әріптестерімен көп жағдайда мемлекетіміздің мүдделерін ілгерілетуде маңызды рөл атқаратын қарапайым адами қарым-қатынас та орната біледі.
Кез келген сұхбаттасымен ортақ тіл табыса білу, мәселенің мәніне терең бойлау машықтары мен таңғаларлық жады, қажет кезінде қандай да бір оқиғалардың техникалық детальдарын тауып алу қабілеті, әзіл-қалжың мен әдеп арасын тамаша сезінуі, осы және басқа да көптеген қасиеттері Н.Ә.Назарбаевқа мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық ұйымдардың жетекшілерін, көрнекті саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін, инвесторлар мен трансұлттық корпорациялардың басшыларын қоса алғанда, Қазақстанның барлық шетелдік әріптестермен өзара достық пен сенімге құрылған қарым-қатынастар қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Әбішұлы қашанда ашық пікір алмасқанды қалайды, сараптамалық бағалауларға құлақ асады, кім-кімнің де көзқарасын білдіруіне жағдай туғызады. Мұндай ұстаным мәселелердің мәніне терең үңіліп, олардың ішкі саясатқа, экономикаға немесе халықаралық жағдайға қай тұрғыдан қатыстылығына қарамастан, шешім қабылдауда өзгеруі ықтимал ахуалға тез бейімделуге мүмкіндік береді.
* * *
...2011 жылдың наурызында басталған Сириядағы үкіметке қарсы іс-қимылдар Таяу Шығысты қамтыған «араб көктемі» деп айдар тағылған революциялар сериясының жалғасы болды.
Сириядағы жағдай азамат соғысына күрт айналғандықтан, әрі қарай ел аумағы сырттан нәрлендірілген түрлі террористік топтар үшін әлсіз болып шықты.
2011 жылдың 15 наурызында іс басындағы биліктің қарсыластары ел астанасы – Дамаскіде бірнеше наразылық акциясын ұйымдастырды. Содан кейін үкіметке қарсы демонстрациялар елдің оңтүстігінде бұрқ ете қалды.
2011 жылдың сәуірінде түбегейлі реформалар жүргізілуін талап еткен жаппай манифестациялар бүкіл елде етек алды.
Аса тереңдеген ішкі саяси дағдарыс 2011 жылдың соңына қарай ішкі қарулы қақтығысқа ұласты.
* * *
...Қазақстанның Сирия дағдарысына тікелей тартылып отырмағаны белгілі. Алайда, Астана халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып отырғандықтан, бүкіл Таяу Шығыс өңірін дүр сілкіндірген дағдарыстан шет қала алмады.
...Қазақстан Президенті, бітімгершілік күш-жігерді белсенді жүргізе отырып, Сирия халқының проблемаларына қатыспай тұра алмайтынын байқатты.
Біздің Президентіміздің бастамасымен сириялық босқындарға қолда бар мүмкіндікке сай гуманитарлық көмек көрсетілді.
* * *
...Мемлекет басшысының атына бірқатар Сирия оппозициялық қозғалыстарынан Сириядағы дағдарысты реттеу мәселесі бойынша келіссөздерге бітімгер ретінде қатысу туралы өтініш түсті.
...2015 жылдың 18 қыркүйегінде Астанада Мемлекет басшысы құрамына Израильдің экс-президенті Шимон Перес, Польшаның экс-президенті Лех Валенса, Колумбияның экс-президенті Сесар Гавириа Трухильо, Испанияның экс-премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатеро, МАГАТЭ-нің экс-бас директоры Мұхаммед Әл-Барадеи, Францияның экс-сыртқы істер министрі Бернар Кушнер секілді көрнекті шетелдік мемлекет қайраткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары енген Даналар кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді.
...Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысын әлемдегі жанжалдар: Украинадағы, Сириядағы жанжалдарды және Батыс пен Ресей қарсы тұрушылығын реттеуде белсендірек іс-қимыл танытуға шақырды. Даналар кеңесінің мүшелері Президент Н.Ә.Назарбаевтан барлығы сөзіне құлақ асатын бітімгерді көрді.
...Мемлекет басшысы сол кезде Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған, көптеген ұлттар мен ұлыстар және конфессиялар бейбіт қатар өмір сүретіндіктен, бізге түрлі жанжалдарды шешіп берсеңіздер деген өтінішпен жиі қайырылады деп атап өтті. «Бізге одан ешнәрсе де қажет емес. Өйткені, бұл не бизнеске, не коммерциялық келісімшартқа жатпайды. Егер Қазақстанға жай ғана сенім білдіріліп жатса, мен қолымнан келгенінше, көмек көрсетуге ұмтыламын», – деп атап көрсетті ол.
...Сирия мәселесін реттеу Қазақстан Президентінің мұсылман әлемі көшбасшыларымен келіссөздерінде міндетті тармақ болды. Мысалы, аталған мәселе Иордания королі ІІ Абдалла бен Әл-Хусейнмен оның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-ші съезіне (2015 жылғы 11 маусым) қатысу үшін Астанаға жұмыс сапары барысында, Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен (2015 жылғы 26 қазан), Иран президенті Хасан Руханимен (2016 жылғы 11 сәуір), сондай-ақ, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел-Әзиз Әл Саудпен (2016 жылғы 25 қазан) талқыланды.
Эр-Риядқа сапары барысында Мемлекет басшысы ИЫҰ Бас хатшысы (Сауд Арабиясының өкілі) Ияд Маданимен кездесті. Ол біздің Президентті ИЫҰ шеңберінде күш біріктіріп, мұсылман әлеміндегі түрлі алауыздықтар мен жанжалдарды, оның ішінде Сауд Арабиясы мен Иран, Түркия мен Мысыр, Алжир мен Марокко арасындағы дүрдараздықты, Мали мен Сомалидегі дағдарыстарды, Мьянмадағы мұсылмандар қасіретін, т.б. шешуге шақырды.
Ресей-Түркия қарым-қатынасын реттеу
2015 жылдың 24 қарашасында Ресей мен Түркия арасындағы қатынас күрт ушығып кетті.
Бұған түрік-сирия шекарасы маңында әскери тапсырма орындау үстіндегі ресейлік борт нөмірі 83 Су-24М бомбалаушы ұшағының апатқа ұшырауы себеп болды. Ұшақ Түркия F-16 жойғыш ұшағынан жіберілген «әуе-әуе» санатындағы зымыранмен атып түсірілген болатын. Оқиға жергілікті уақыт бойынша 09:24 сағатта орын алған еді.
... Мәскеу мен Анкара арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлай түсті. Ондаған жылдар бойы негізі қаланған оң істер көз алдында бұзылып, қирай бастады. Кейбір сарапшылар жағдай әрі қарай одан бетер ушығып, оған тіпті НАТО-ның тартылуы ықтимал деген болжамдар жасады. Осылайша, аталған дағдарыс күн өткен сайын «қайта оралу нүктесінен» алшақтап, тығырыққа тіреле түскендей әсер қалдырды. Бұл жайт аталған елдер арасындағы қарым-қатынас дамуының бастауында тұрған Н.Назарбаевты өте алаңдатты. Өңірлік геосаясат күрделі кезеңдердің тұңғиығына батып бара жатты.
* * *
...Кикілжіңнің алғашқы күнінен бастап, Мемлекет басшысы аталған дағдарысты қалай еңсеруге болатыны туралы ойлады. Ол жағдайды сараптай отырып, Кремльмен де және Ақсараймен де тығыз байланыста болды.
...2015 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан мен Ресей президенттері Мәскеуде екіжақты келіссөз өткізді. Тет-а-тет кездесуде Н.Назарбаев В.Путинмен түрік мәселесін егжей-тегжейлі талқылады.
...Су-24М-мен болған кикілжіңнен кейін Анкарадан Астанаға алғашқы сапар 2016 жылдың 6 ақпанында жасалып, елімізге Түркия премьер-министрі А.Давутоғлу келді.
...Түрік тарапы аталған идеяны оң қабылдады. Бұл қалыптасқан жағдайды конструктивті шешу үшін іс жүзінде алғашқы қадам болды.
...Әрі қарай Н.Назарбаевтың Р.Ердоғанмен (1 сәуірде Вашингтонда және 13 сәуірде Ыстанбұлда) және В.Путинмен (9 мамырда Мәскеуде, 31 мамырда Астанада және 17 маусымда Санкт-Петербургте) екіжақты кездесулерінің кезегі басталды. Осы кездесулердің бәрінде Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қайта жаңғырту мәселесі келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі болды.
...2016 жылдың 12 сәуірінде Ыстанбұлда, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы саммиті қарсаңында, Мемлекет басшысы Р.Ердоғанмен екіжақты кездесу өткізді.
...Түркия президенті Н.Назарбаевқа тараптардың таласын даналықпен шеше алатын Ақсақал ретінде өтінішпен қайырылды.
...Сапар қорытындысы бойынша, Ыстанбұлдан ұшқанға дейін Елбасы ТР президентінің атына ризашылық білдіретін хаттың мәтінін жазып, сол хатта Анкара мен Мәскеудің екіжақты қарым-қатынасын қайта жаңғырту үшін қажетті іс-қимылдың әр қадамын мазмұндап берді. Хатта Р.Ердоғанның В.Путинге жолдауының құрылымы тағы бір мәрте егжей-тегжейлі түсіндірілді.
* * *
...Содан кейін Ташкентте болған түйінді тарқатудың шешуші кезеңі келді.
...Қазақстан Президенті Ресей басшысының атына бұған дейін Р.Т.Ердоғаннан қол қойылмай келген жолдау мәтінімен таныстырылды. Ресей президенті өз көзқарасын білдірді – құжатқа нақтылық жетіспейді және ол қол қойылған болуы тиіс. Владимир Путин Нұрсұлтан Әбішұлын осындай жағдайда өзінің жолдауды қабылдайтынына және қарайтынына сендірді.
...Өте тығыз жұмыс күніне және уақыттың кештігіне (түн ортасы таяп қалған болатын) қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы, өзі қалыптастырған дәстүрге сай, ешнәрсені келесі күнге қалдырмағанды жөн көрді.
...Осыған байланысты біздің тарапымыздан қосалқы нұсқа дайындалды – Оңтүстік Қазақстан облысының әкіміне түрік бортын қабылдау үшін Шымкент қаласының әуежайын дайындау, содан кейін Ибрахим Калынды тікұшақпен тікелей Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жеткізу тапсырылды. Ол сол жерден Қазақстанның Ташкенттегі елшілігінің машиналарымен «Куксарой» резиденциясындағы ШЫҰ саммиті өткізіліп жатқан жерге келуі тиіс болды.
...Әйтеуір елшінің машинасы әуежайдан оралып, «Куксаройға» енді. Осы кезге қарай мемлекет басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдардағы мәжілістері аяқталды. Мен Президентке Р.Т.Ердоғанның арнайы елшісінің жақындап қалғанын жеткіздім. Президент Ибрахим Калын мен менің ресейлік әріптесім Юрий Ушаковты өзінің резиденциясына бір мезгілде шақыруға нұсқау берді.
...Нұрсұлтан Әбішұлы түрік мейманды қабылдап, онымен пікір алысқан соң, әкелінген жолдаудың мәтінімен танысып шықты.
Бұдан кейін қонақ бөлмеге Ресей президентінің көмекшісі шақырылды. Онымен амандық-саулық сұрасқан соң, Қазақстан Көшбасшысы: «Енді бәрі де ойдағыдай болуы тиіс, өзара әңгімелесіңдер», – деді. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы резиденциясының қонақ бөлмесінде екеуін ғана – Түркия және Ресей өкілдерін қалдырып, шығып кеттік.
...Владимир Путин көмекшісінің қолынан жолдауды қабылдап алып, мұқият оқып шықты. Ашығын айтқанда, Ресей басшысының алғашқы реакциясы соншалықты бір қуантарлықтай емес еді. Ол Нұрсұлтан Әбішұлына көңілінен шықпаған нәрселерді түсіндіре бастады.
Сол кезде Қазақстан Президенті мынадай маңызды сөздер айтты...
...2016 жылдың 29 маусымында Түркия Президенті Ресей-Түркия қарым-қатынастарын қалпына келтіруге қосқан баға жетпес үлесіне алғыс айту үшін Елбасына қоңырау соқты. Р.Ердоған Елбасының күш-жігерінсіз бұл дағдарысты шешу күрделі болатынын атап көрсетті. Ол түрік халқының ҚР Президентінің осынау аса маңызды тарихи миссиясын ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.
Одан әрі Ресей-Түркия келіссөздері мен қарым-қатынастарды қалпына келтіруге арналған кездесулер сериялары жалғасты.
...2016 жылдың 16 тамызында Сочиде екіжақты кездесу барысында РФ Президенті В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркиямен қарым-қатынасты қалпына келтірудегі мәмілегерлігі үшін алғысын білдірді.
...Медиатордың кемеңгерлігі мен тәжірибесі және Елбасының беделі Мәскеу мен Анкара арасындағы диалогты қалпына келтіруге өз жәрдемін тигізді. Сол арқылы Мемлекет басшысы орны толмас жаһандық зардаптарға соқтыруы да әбден мүмкін өңірлік өткір дағдарысты еңсеруге ықпал етті.
Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі
...Қазақстан салыстырмалы түрде өзінің тәуелсіздігінің жас тарихында бұған дейін ешқашан Біріккен Ұлттар Ұйымының ең беделді органы – Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысқан емес.
...2010 жылдың 1 маусымында Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстан кандидатурасын 2017-2018 жылдарғы кезеңге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке ұсыну туралы ресми түрде хабарланды. Қазақстаннан басқа аталған кезеңге Таиланд та өз кандидатурасын ұсынған болатын.
...Міне, шешуші күн де келіп жетті – 2016 жылдың 28 маусымында БҰҰ Қауіп-
сіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне сайлау өтті.
...Қауіпсіздік Кеңесіне өткен сайлаудағы Қазақстанның жеңісі Мемлекет басшысының аса жоғары халықаралық беделін, әлемдік аренадағы ең ірі ойыншылармен стратегиялық және сенімді қарым-қатынастар қалыптастыра білген Қазақстанның сындарлы да бейбітсүйгіш сыртқы саясатын, сондай-ақ, әлемнің барлық құрлықтарындағы елдердің бәрімен достық қарым-қатынас орната білуін мойындағандықтың дәлелі болып табылады.
* * *
…Біздің мүшелігіміз 2016 жылдың 23 қарашасында Елбасымен кездесіп, көкейкесті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу үшін Қазақстанға келген, БҰҰ Бас хатшылығына жаңадан сайланған Антониу Гутерриштің өз лауазымына кірісуімен сәйкес келді.
...А.Гутерриш қазақстандық лидер бейбітшілікті, толеранттылықты, дінаралық үнқатысуды нығайтуға бағытталған өз бастамаларымен мәлім болғандықтан өз сапарының мақсаты Президент Н.Назарбаевқа өзіне жаһандық ұйым басшылығы лауазымында қолдау көрсету жөнінде тілек білдіру екенін атап көрсетті.
Жаңа Бас хатшы Елбасының әлемнің түрлі бөліктеріндегі бітімгершілік процестерге қолдау білдіру тақырыбына өз алдына жеке назар аударды. Атап айтқанда, Сирия мәселесін шешуде және өзге де өңірлік дау-жанжалдарды реттеуде оның күш-жігерінің маңызды екендігі атап өтілді.
Астана процесі
...Қазақстанның өз Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өңірлік және жаһандық проблемаларды шешуге қатысты әрқашанда белсенді позиция ұстанатыны баршаға да жақсы мәлім. Бұл орайда мұндай саясатта, әрине, еліміз Президентінің әлемдік аренадағы беделі мен салмағы орасан зор рөл атқарады.
Сондықтан да сирияаралық келіссөздер мен «Астана процесін» іске қосу үшін алаң болу мәртебесі Қазақстанға ұсынылды.
Бұл туралы алғаш рет Ресей Президенті өзінің Жапонияға сапары кезінде Синдзо Абэмен бірлескен баспасөз-мәслихатында 2016 жылдың 16 желтоқсанында мәлімдеді (бұл айрықша күн еді – Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатты).
...Келесі күні-ақ, 17 желтоқсанда Ресей Президенті Владимир Путин, кейінірек Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, бірінен соң бірі Мемлекет басшысына телефон соқты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, Қазақстан халқына одан әрі өркендеу тілегеннен кейін, Астанада Сириядағы жанжалдасушы тараптардың бейбіт келіссөздерін өткізуге ықпал жасау жөнінде бірлескен өтініш білдірілді.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы толықтай қолдады және ондай келіссөздер үшін Қазақстан астанасында алаң ұсынуға принципті түрде дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен бірге, ол біздің еліміздің аталған жанжалды бейбіт реттеуге бағытталған халықаралық күш-жігерді әу бастан-ақ қолдап келгенін атап көрсетті.
Осы сәттен кейін Қазақстан астанасында сирияаралық келіссөздерге дайындық басталды.
...Астанада сирияаралық келіссөздер өткізу туралы жаңалық әлемдік БАҚ-тар көпшілігінің ең басты тақырыбына, сондай-ақ, жоғары және биік деңгейлердегі келіссөздердің күн тәртібінің міндетті тармағына айналды.
...Міне, Астанадағы кездесу өтетін күн де келіп жетті.
Күннің алғашқы жартысында, сирияаралық келіссөздер басталардан бірнеше сағат бұрын, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша Арнайы өкілі Стаффан де Мистураны қабылдады.
...Стаффан де Мистура Қазақстан Президентіне Астанада келіссөздер өткізу мүмкіндігін ұсынғаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш атынан алғыс білдірді.
«Сіздің еліңіз халықаралық аренадағы ең күрделі ахуалдарды реттеуде үлкен тәжірибе мен үлгіні қазірдің өзінде көрсетті. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі Сирия жанжалын шешуде қосымша мүмкіндік болады», – деп атап өтті Стаффан де Мистура.
Сирия бойынша халықаралық кездесу (сарапшылар оған сол сәтте-ақ «Астана-1» деген атау берді) Қазақстан астанасында 2017 жылғы 23 қаңтарда 45 минуттік кешігумен (13 с. 45 мин.) басталды.
Кешігуге сириялық оппозиция делегациясының соңғы сәтке дейін ойланып-толғануы себеп болды...
...2017 жылдың 23-31 наурызында Женевада сирияаралық келіссөздердің кезекті 5-ші раунды өтті. Бұл раундтың басталуы САР-дың бірқатар қалаларында соғыс ахуалының шиеленісуімен қат-қабат келді. Оқ атуды тоқтату режимін бұрмалауда үкімет пен оппозициялық күштер бір-бірін айыптады.
...Мемлекет басшысы Сирия дағдарысына тартылған барлық тараптардың мүдделері ескерілмейінше, Сирия жанжалының шешілуі мүмкін емес екенін айқын түсінді. Сондықтан да, келіссөздер процесін ілгерілету үшін Астанадағы кездесулерге қатысушылар шеңберін сапалық жағынан кеңейту маңызды болды. Оның пікірінше, бірінші кезекте Қазақстан астанасындағы келіссөздерге Сириядағы дағдарысқа ықпал ете алатын Парсы шығанағындағы бірқатар араб елдерін қосу қажет.
Қазақстан мен оның Көшбасшысының халықаралық араағайын және медиатор ретінде мойындалған беделі, Сирия дағдарысының барлық ойыншыларымен жақсы қарым-қатынастың болуы бізге осындай бастамалар көтеруге мүмкіндік берді.
...Сирия жанжалы мен оның зардаптарының ауқымы таңғаларлықтай.
Бұрын сүниттер, шииттер, христиандар, алавиттер, друздар, исмаилиттер, армяндар, гректер және өзге де этностар бейбіт өмір сүрген мемлекет – өкінішке қарай, іс жүзінде бұдан былайғы жерде жоқтың қасы.
Сириядағы дағдарыс тұрақтылық пен қауіпсіздікке өңірлік және жаһандық ауқымда теріс ықпалын тигізді.
Ол бүтіндей бір елдер мен блоктардың мүдделерін аса күрделі геосаяси түйіндерге шиелеп, жаңадан бөлшектегіш желілер құрды.
Осынау аса күрделі жағдайларда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықты және әсіресе, жанжалға тартылған тараптарды аталған дағдарысты бейбіт шешу жолдарын іздеуге табанды түрде шақырумен келеді.
Және де оның бәрінің нақты практикалық қадамдармен дәйектеліп отырғаны өте маңызды.
...Оған мысалдар өте көп. Таяудағылардың қатарында Мемлекет басшысының «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына (Бейжің, 2017 жылдың 13-15 мамыры) және «Ислам және араб әлемі – АҚШ» саммитіне (Эр-Рияд, 2017 жылдың 20-21 мамыры), сондай-ақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына (Астана, 2017 жылдың 8-9 маусымы) қатысқанын да атауға болады.
Бұл іс-шаралар соңғы уақыттағы аса маңызды әлемдік оқиғаларға айналды. Оларға мемлекет және үкімет басшыларының ірі тобы, сондай-ақ, жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Саммиттерде талқыланған тақырыптар мен идеялар Қазақстанда қазірдің өзінде белсенді жүзеге асырылуда немесе халықаралық алаңдарда ілгерілетілуде.
...Бейжіңдегі форумда сөз сөйлей отырып, Мемлекет басшысы Астананың біздің құрлық елдері арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарын нығайтуды жақтайтынын және Қытайдың ХХІ ғасырдағы Жібек жолын дамытуға деген ұмтылысын қолдайтынын атап көрсетті.
...2017 жылы Астанада өткен ШЫҰ Саммиті қазірдің өзінде әлемнің саяси тарихына еніп үлгерді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өткен осы жиналыста Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ның толыққанды мүшелері болып қабылданды.
Сөйтіп, Ұйымның жауапкершілігіне қарасты аймақ бұдан былай қарай 3 миллиардтан аса халқы бар территорияны қамтитын болады.
...Сауд Арабиясындағы саммитті уақыттың өзі талап еткен болатын. Оның күн тәртібіне терроризммен және экстремизммен күрес мәселелері енді.
Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстаннан «қосылған құн» ретінде кездесуге қатысушыларға ұсынатын дүние де бар еді.
Біріншіден, «зұлымдықтың» осы түрлерімен күресу үшін 2015 жылы БҰҰ мінберінен Астана жаһандық бірегей антитеррорлық коалиция құруды ұсынған болатын.
Екіншіден, әлемде исламофобияның таралуы жағдайында Қазақстан әлем қоғамдастығына «Ислам – терроризмге қарсы» ұғымын енгізу үшін күш-жігер жұмсауда. Өткен жылы Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Діндер терроризмге қарсы» тақырыбында форум өткізілді.
Үшіншіден, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту үшін Қазақстанда 14 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізілуде. Ислам, христиандық, иудаизм және буддизм, сондай-ақ, өзге де конфессиялар өкілдері бір үстел басына жиналады.
Айқын ұстаным,
берік байлам
Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірдегі неғұрлым өткір проблемаларға да қатысты өзінің айқын пайымы бар.
Бірінші: 70 жыл бойы жалғасып келе жатқан Палестина-Израиль жанжалы басты мәселе ретінде көрініс табады.
Бұл проблема өзге түйіндерді тарқатуға мүмкіндік бермейді. Бұл мәселе «Екі мемлекет – екі халық үшін» формуласы бойынша қарастырылуы тиіс.
Егер әлемдік қоғамдастық осынау күрделі проблеманы еңсерер болса, онда өңірлік ахуалдың тұрақтануымен қатар, ислам әлемі мен Батыс арасындағы байланыстар да қалыпқа түсетін болады.
Екінші: мұсылман үмбетіне басты қатер қазіргі уақытта бірліктің жоқтығынан, сол сияқты ішкі даулар мен жанжалдар әсерінен туындауда. Ислам әлемі сүнниттер және шииттер болып бөліну қаупі алдында тұр. Оған жол беруге болмайды.
Осыған байланысты 2016 жылы ИЫҰ-ның Ыстанбұл саммитінде «Исламдық татуластық» жөнінде Қазақстан мен Түркия бастамасы жария етілді.
Үшінші: «Ислам» және «Прогресс» ұғымдары арасындағы теңдік белгісін мәңгілік орнату қажет.
Мұсылман елдері қазіргі болып жатқан индустриялық революциядан кейіндеп қалуға тиіс емес.
Басты міндет – жаңа идеяларды жүзеге асыратын, ислам өркениетіне қызмет ететін интеллектуалды элита тәрбиелеу.
Төртінші: Сирия проблемасын соғыс жолымен шешуге болмайды, тек келіссөздер жолымен ғана шешу керек.
...Астана алаңы Сириядағы аса күрделі дағдарысты реттеуде өзінің өте қажет екендігін дәлелдеп отыр.
...Қазақстан мен оның Көшбасшысы Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешу жөніндегі ортақ жұмысқа белсенді қатысуды одан әрі де жалғастыруға ниетті.
* * *
«Кез келген соғыс бейбітшілікпен, келіссөздермен аяқталады, тарих солай», – дегенді Мемлекет басшысы жиі атап көрсетеді. Ол шынымен де солай.
Солай бола тұрғанмен, журналистер софитында әр уақытта қандай да бір жанжалға өзіңнің алаңдаушылығыңды білдіре отырып, бейтарап байқаушы ретінде қала беруге де болады.
Нұрсұлтан Назарбаев үшін мұндай жол жат. Қазақстан Президенті әлемді соғыссыз және дау-жанжалдарсыз сақтау үшін тынымсыз жұмыс істеуде.
Мәмілегерлік бағыт сақталуда...