Жолын тапқанға туризм табыс көзі
Бірінші мәселе бойынша сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы баяндады. Оның айтуынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017 жылғы саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі рейтингінде Қазақстан 136 елдің арасында 81-орынға табан тіреп, 2015 жылмен салыстырғанда 4 саты, ал 2011 жылғы көрсеткіштен 12 саты алға басқан.
«Еліміздегі туризм саласының көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, 2016 жылы ішкі саяхатта болғандар 9,6 млн адамды құрады, ал шет елдерден келген туристер саны 6,5 млн адамға жетті. Шетелдіктердің 90 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан секілді ТМД елдерінен келгендер. Қалған 10 пайызы Қытай, Түркия мен Иран және өзге мемлекеттердің азаматтары. Қазіргі кезде Статистика комитетімен, «Маккензи» мен «Реформатикс» компанияларымен, сонымен қатар, ЮНВТО және Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе туристерді тіркеудің әдістемесін өзгерту бойынша жұмыстарды жүргізудеміз», деді А. Мұхамедиұлы.
Еліміз маңызды туристік әлеуетке ие бола тұра, ол мүмкіндіктер әлі де болса толық пайдаланылмай келеді. Жаңа тұжырымдамада осы мәселелер ескеріліп отыр. Соның ішінде аймақтық туризм әр өңірдің ерекшеліктеріне сәйкес 6 кластерге бөлініп, дамытылмақ. Олардың жаңадан енгізілетін түрлері «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы құндылықтарын насихаттауға ықпал ететін болады.
Сондай-ақ, жаңартылған тұжырымдама жобасында мәдени-танымдық және этнографиялық туризм, оқиғалық, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық, кемпингтік, аңшылық-трофейлік және спорттық туризм ескеріліп отыр.
Үкімет отырысына Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифай да қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, Қазақстанда туризм саласын дамыту үшін шетелдік туристер үшін виза алуды жеңілдету, туристердің елге келіп кетуіне қолайлы жағдайлар туғызу, Қазақстанның атын шығару үшін оның ерекшеліктерін халықаралық деңгейде насихаттау және туризм саласындағы мамандар дайындауды жетілдіру қажет.
«Қазір туризммен атын шығарып отырған Дубайдың өзінде кезінде ештеңе болмап еді. Бәрін де адамдардың ерік-жігері шешті. Ал Қазақстанның туристік әлеуеті үлкен. Үлкен ерік-жігер болса, Қазақстан да бұл саланы мықтап дамыта алады», деді ол.
Транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдаланайық
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе транзитті, логистиканы және жол бойында көрсетілетін қызметтерді дамыту жайында болды. Бұл мәселе бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.
«Қытайдың және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Еуропалық Одақпен сауда қатынастарының қарқынды дамуы Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін нығайтуға қолайлы алғышарттар туғызуда. Сондықтан, көлік саласының өсіміне әсер ететін еліміздегі негізгі драйвер ретінде біз бірінші кезекте ҚХР-ЕО бағытындағы транзиттік әлеуетті дамыту мәселесін қарастырып отырмыз», деді министр.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көліктік ұйымдардың транзиттік тасымалдан түсетін кірістері 2016 жылы 267 млрд теңгені, оның ішінде теміржол көлігінде 222,6 млрд теңгені, әуе көлігінде 44,3 млрд теңгені және автомобиль көлігінде 67 млн теңгені құрады.
2020 жылға қарай Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес транзиттік тасымалдан түсетін кіріс 1,3 трлн теңге, оның ішінде темір жол көлігінде 1,1 трлн теңге, әуе көлігінде 134 млрд теңге және автомобиль көлігінде 66 млрд теңгені құрайтын болады.
Бұл ретте, сарапшылардың (Boston Consulting Group) бағалауынша, 2020 жылы транзиттік тасымалдың өсімінен еліміздің ІЖӨ-сіне 5,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде табыс кірмек.
Бүгінгі күннің өзінде Еуропаға жүктер Қытайдан Қазақстан арқылы шамамен 12-15 күнде жеткізіледі. Ал осы жүктердің Оңтүстік теңіз жолымен 45-60 күнде, Солтүстік теңіз жолымен 33-35 күнде және Транссібір магистралі бойынша 18-20 күнде жеткізілетіндігін ескерсек, Қазақстанның транзиттік жүктерді тартуда қатаң халықаралық бәсекеге түсе отырып, дәстүрлі халықаралық маршруттарға (Оңтүстік және Солтүстік теңіз жолдары, Транссібір магистралі) қарсы бәсекеге қабілетті құрлықтық маршрутты құра білгендігін қазірдің өзінде анық аңғаруға болады.
Соның нәтижесінде 2016 жылы ҚХР – ЕО – ҚХР бағытында контейнерлік тасымалдардың көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе өссе, осы жылдың 5 айында осы бағыттағы тасымалдар 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы да 2,2 есеге өсіп, 59 мың ЖФБ құрады. Өткен 5 айда ҚХР – ЕО – ҚХР бағытында контейнерлік пойыздардың саны 681 бірлік болды, бұл 2016 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2 есеге көп. Жалпы 2016 жылы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік қатынаспен 245 мың контейнер тасымалданды, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,3 мың контейнерге немесе 14 пайызға көп. Ал осы 5 айда транзиттік контейнерлік тасымалдардың көлемі 119 мың ЖФЭ құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өсті. 2020 жылға қарай жалпы көлем 2 млн контейнерді құрайды деп күтілуде.
Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек соңғы 7 жылда әуе көлігіндегі транзиттік жолаушылар ағыны 20 еседен астамға өсіп, 2010 жылғы 20 мың адамнан өткен жылы 478 мың адамға жеткендігін атап өтті. Қазақстан арқылы транзитпен өтетін негізгі жолаушылар ағыны Қытайдан Еуропаға, Ресей және Түркияға, Еуропа мен Үндістан, Украина мен Өзбекстан, Қырғызстан мен Оңтүстік Корея арасында күшейе түскендігі байқалды.
Қазақстан арқылы авиатранзит тартымдылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы шеңберінде транзиттік әуе жолаушылар санын 2017 жылдың аяғына дейін 600 мыңға, ал 2020 жылға қарай 1,6 млн адамға дейін ұлғайту көзделеді.
Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жобалық басқару шеңберінде қанатқақты режімде ЭКСПО-2017 өткізу кезінде қазақстандық авиакомпаниялармен Астана және Алматының әуежайлары арқылы транзитпен өтетін ҚХР азаматтарына 72 сағаттық визасыз режім енгізілген.
«Сонымен қатар, қызмет көрсетілген транзиттік ұшулардың өскендігі байқалады. 2017 жылдың 5 айында ұшулар саны 48,5 мыңды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,9 пайызға артық», деді министр.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин жүк контейнерлері тасымалының артуы Қазақстан үшін маңызды екендігін атап көрсетті. Оның айтуынша, Қытайдан басталатын жүк контейнерлерінің бұрын 10 пайызы ғана Қазақстан аумағы арқылы, қалған бөлігі басқа елдер арқылы өтіп келсе, енді 2020 жылға таман 80 пайызы біздің елдің аумағы арқылы өтеді деп күтілуде.
Отырыста осы қаралып отырған мәселенің жалғасы іспетті «Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және темір жол көлігімен транзитті дамыту барысы» туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев толығырақ баяндап берді. Оның айтуынша, 2017 жылдың желтоқсан айында Құрық портында автокөлік өткелінің бірінші кезегі пайдалануға беріледі. Алматы – Шу темір жол желісінің бірінші кезегінің құрылысы аяқталды. Сөйтіп, оның мүмкіндігі 1,5 есе өсті.
«Жаңадан іске қосылған «Нұрлы жол» вокзалы кешені арқылы тәулігіне 27 жүк пойызы өтеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілгелі 195 халықаралық әуе рейсіне, 48 мың жолаушыға қызмет көрсетілді», деді Қ.Алпысбаев.
Кодекске түзетулер үш бағытты қамтиды
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Әділет министрі Марат Бекетаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасын қарауға ұсынды. Ол үш бағытты қамтиды. Соның біріншісі ізгілендіру ісі осыған дейін жеке тұлғаларға қолданылса, енді заңды тұлғаларды қамту да көзделеді. Сондай-ақ, санкцияларды жеңілдету шаралары да қарастырылған.
Екінші бағыт бойынша осыған дейін рұқсаттама құжатының әрекеті толық тоқтатылып келсе, енді оны жеке қызмет түрлеріне қатысты ішінара тоқтату да қарастырылатын болады.
Үшінші бағыт бойынша мемлекеттік органдар мен сот деңгейлерінің істерді қайта қарау рәсімдері ажыратылады және бөлек процестік құжаттардың мәртебесі белгіленетін болады.
Үкімет отырысының соңынан журналистерге арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, қаралған мәселелердің мәні мен маңызы түсіндірілді.
Сұңғат Әліпбай,
«Егемен Қазақстан»