– Салтанат Әзірбекқызы, тіршілігі бір сәтке толастамайтын алып шаһардың оқыс оқиғасыз, тыныш өтетін күні бола ма?
– Алматы − қарқынды дамып келе жатқан қала, еліміздің ең ірі мегаполисі. Шаһардың 2 млн-нан астам тұрғынына Алматы облысының кейбір қала қарамағына енген аудандарын қосыңыз. Қалаға келіп-кетіп жатқан өз азаматтарымыздан бөлек, шетел азаматтары бар. Жеңіл жолмен нан табу ниетімен келетіндер де көбейіп кетті. Ішкі миграция мәселесі және бар. Ал біз қаланың төрт қақпасын қатар жауып тастап отыра алмаймыз ғой. Сондықтан миллионнан астам адам шоғырланған қалада, әрине, күнделікті келеңсіз оқиғалар, қылмыстар болып тұрады. Жоқ дегенде, тұрмыстық жағдайларға қатысты қылмыстар орын алып жатады. Ал қазіргі әлеуметтік желілер, интернет арқылы ондай жайттың бәрі тез жария болып кетеді. Аяқ астынан бір отбасының мәселесі көпшіліктің проблемасына айналып шыға келеді. Кейбір журналистердің кабинеттен шықпай, ғаламторлық ресурстар көмегімен ұсақ-түйек дүниені іліп әкетіп, жұртты дүрліктіріп отыруы дәстүрге айналып кетті.
Жуырда ғана ветеринарлық орталық қызметкерінің автокөлігінде бір ит өліп қалған екен. Сол иттің өлімін, оның қалай азапталғанын журналистер қауымы екі апта бойы әңгіме қылды. Ол, әрине, Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша қылмыс болып табылады, бірақ қоғамның проблемасы болмауы тиіс еді. БАҚ-та көрсетуге лайықты одан да өзекті мәселелер бар ғой.
– Қылмыстық істер жайлы ақпараттарды күнделікті көп ести беру адам психикасына кері әсерін тигізбей ме?
– Әрине, кері әсерін тигізеді. Тәжірибе көрсеткендей, адамдар қылмыстық қанды оқиғаларды оқығанды, көргенді ұнатады. Яғни, сұраныс болған соң, ұсыныс бар. Дегенмен, мені алаңдататыны, қазіргі қоғамдағы өскелең ұрпақтың жай-күйі. Шаһарда өтіп жатқан әлдебір тамаша көрме жайлы жазудың орнына, қайдағы бір кішігірім жол апаты жайлы жарыса жазып, жұртқа жариялай бергеннен ұтарымыз қанша? Қазір кішкентай балаларды далаға жіберіп, сыртта ойнатудан гөрі, қолына ұялы телефонын ұстатып, үйде отырғанын жөн көреміз. Теледидардан кіл келеңсіз оқиғаларды көріп, естіп отырған, психикасы қалыптасып үлгермеген жеткіншектердің бойында қандай да бір үрей қалып қоймас па екен деп алаңдаймын. Бәрінен де қауіптісі, баланың табиғаты сондай, естігенін, көрген-білгенін қайталағысы келіп тұрады...
Өзімнің жеке субъективті пікірім бойынша, еліміздің ақпараттық саясаты өзгеруі тиіс. Ақпарат құралдарындағы қылмыстық бағыттағы бағдарламаларға шектеу қойып, қоғамды рухани байытатын бағдарламаларға көбірек назар аудару керек. Бізде қазір әр телеарнаның бір-бір криминалдық хроникасы бар. Олар қандай да бір қылмыстың тергеу амалдарынан бастап, қалай болғанына дейін жілік-жілігін шағып көрсетіп, түрлі кадрлармен әрлеп көрсеткенде, төбе құйқаңыз шымырлап отырады. Кейбір телеарналар этиканы ысырып тастап, мәйітті тура жақыннан көрсетіп жатады. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдары, сайт-агенттіктер өз рейтингтерін тек оқыс оқиға, криминалдық хабарлармен көтереді. Ал жол жүру ережелерін бұзбауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды, оқыс оқиғаның алдын алуға арналған шараларды көрсетуге тілшілердің дені құлықсыз десем, артық айтпаспын.
– Жалпы, қылмыстардың дені қайдан бастау алады? Адамдарды қылмыс жасауға итермелеп жататын басты фактор не?
– Тек Алматы қаласына ғана емес, жалпы қоғам үшін үлкен проблема – ұрлық. Мысалы, бүкіл қылмыстың 70 пайызын бөтеннің мүлкін қолды қылу деректері құрап отыр. Қалта ұрлығы, пәтер, автокөлік тонау ісі күнделікті болып жатады. Оларға төтеп беру де мүмкін болмай отыр, өйткені әр көліктің жанына бір полиция қызметкерін күзетке қою мүмкін емес қой. Сондықтан, азаматтар бірінші кезекте сақтық шараларын өздері танытуы тиіс. Сондай-ақ, көлік апаты жиі орын алады. Алматы қаласында ресми түрде 570 мың автокөлік тіркелген. Ал қалаға транзиттік жолдар арқылы сырттан күнделікті 250-300 мыңдай автокөліктің кіретінін ескерсек, миллионға жуық көлігі бар қала үшін жол апаты өте өзекті мәселе болып табылады.
– Салтанат Әзірбекқызы, әйел адам үшін күн сайын ондаған қылмыс түрін, оның жай-жапсарын естіп, қабылдап отыру ауыр емес пе?
– Біздегі 6 мың полицияның 1 мыңнан астамы әйел қызметкерлер. Әрине, әр қылмыстық оқиға – біреудің, бір отбасының трагедиясы. Бірақ нәзік жанды әйел екенбіз деп, олардың әрқайсысына жылап, көз жасымызды көл қылып отыра берсек, өзіміздің жайымыз не болмақ? Сондықтан, біз өзімізге психологиялық тосқауыл қойып үйренгенбіз.
Десек те, балаларға қатысты қылмыстар, оқыс оқиғалар жүрегімді ауыртады. Былтыр ғана өзен жағасында демалып жүрген бір отбасының 15 жасар үлкен қызы кішкентай сіңлісін қолына ұстап, су ортасында суретке түспек болғанда, сәбиді қолынан түсіріп алған. Өзеннің қатты ағысы кішкентай сәбиді бірден ағызып алып кеткен... Бұл ол отбасы үшін үлкен трагедия, әсіресе, үлкен қызының психикасы оңала ма, белгісіз...
Сондай-ақ, менің жаныма айрықша бататыны, полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстар. Полиция қызметкерін көргенде жұдырық ала жүгіретіндер көбейіп кетті. Мектеп жанында ойнап жүрген балаларға тиіскен бір мас ер адам мектеп инспекторын, 21 жастағы бойжеткенді құқықтық тәртіпті бұзбау жөнінде ескерту жасағаны үшін соққыға жықты. Ал ол − бұрын пультті бермей қойғаны үшін өз әкесін ұрып өлтіріп, жазасын өтеп шыққан, психикасы бұзылған адам. Полиция қызметкерін, оның ішінде, әйел адамды бұлай тепкілеп ұру асқан арсыздық дер едім. Мұндай фактілер көп-ақ. Жолдағы жол-патрульдік полициясына қоқан-лоқы көрсетіп, ертең жұмыстан қуыласың деп қорқытатындар көбейіп кетті. Мұның бәрі заңға бағынғысы келмеушілікті білдірсе керек.
– Бәлкім, бұл полиция қызметкерлерінің оң имиджін жеткілікті қалыптастыра алмауымыздың салдары шығар?
– Өкінішке қарай, біздің саламызда да өз міндетін адал атқара алмайтын қызметкерлер кездесіп қалып жатады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, ондайларды кәсібіне кездейсоқ келгендер деуге болар. Әйтпесе, ерен еңбек етіп жүрген әріптестеріміз көп. Жалпы, жағымды дүниелерден гөрі, жағымсыз хабарды бірден іліп әкетуге бейім қоғам Полиция күніне орай, ең болмаса, қаза тапқан қызметкерлерді еске алып отырса ғой дейсің...
Мысалы, былтырғы шілде айында болған лаңкестік оқиғада Аян Ғалиев, Бауыржан Нұрмаханбетов, Мақсат Сәлімбаев, Мейрамбек Рахматуллаев, Тимур Бегасылов, Серік Әбділдаев, Жалғас Келдібаев сынды азаматтар қыршын кетті... Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі болған Валерий Аваков деген жап-жас жігіт те іздеуде жүрген қауіпті қылмыскердің жолына тосқауыл қоймақ болып тұра ұмтылғанда, мерт болды. Қылмыскер еш шімірікпестен оны көлігімен басып өтіп кеткен...
1993 жыл мен 2016 жыл аралығында қызметтік міндетін орындау барысында ішкі істер органдарының 764 қызметкері қаза тапқан екен... Соның 50-ден астамы Алматы қаласының полиция қызметкерлері. Бізге құқық қорғау органдары өкілдерінің сондай ерліктерін көбірек насихаттау, жария ету жетіспейді.
Қазақстанда 90 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істесе, солардың әрқайсысы жеке тұлға, бір-бір кәсіби маман деп айта аламын. Өйткені, олардың жеке өмірлеріндегі тұрмыстық жағдайларды былай қойғанда, жұмысындағы қиындықтардың да оңай еместігін мен өз басымнан білемін. Тәуелсіз еліміздің полиция құрылымының құрылғанына 25 жыл толды, бұл біреулер үшін аз уақыт болғанмен, біз үшін үлкен жұмыстар атқарылған жемісті жылдар болып саналады. Елдің, Отанның қамын ойлап жүрген әріптестеріме сәттілік тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ